Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Барлық міндет нақты орындалуы тиіс

0
33

5 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Са­ғынтаев күн тәртібінің мәселелерін қарастырар алдында өрт кезінде қаза тапқан бес баланың ата-анасы мен туған-туыстарының қайғы-қасіретіне ор­тақ­тасып, көңіл айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жан түршігерлік жағдай Астанада 4 ақпан күні орын алды.
– Бір отбасының басына түскен ауыр қайғы. Ай-күннің аманында бес бірдей баласынан айырылып қалған ата-анасына Құдай күш-қуат берсін. Марқұм болған ба­лалардың ата-анасына, ту­ған-туыстарына, барша аға­йын­дарына қайғырып, кө­ңіл ай­тамыз, – деді Б. Са­ғын­таев.
Мұнан соң Астана қаласы­ның әкімі Б. Сұлта­новтың және ҚР ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың аталған отбасыға қолдау көрсету бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстар мен алдағы уа­қытта осындай жағдай­лар­дың орын алмауы үшін қа­был­данып жатқан шаралар ту­ралы баяндамалары тың­далды.
Бақыт Сұлтанов өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына барлық көмек көрсе­тілетінін айтты.
– Бүгінгі күні Астана қаласы әкімдігі тарапынан барлық тиісті көмек берілуде. Атап айтқанда, жерлеу рәсімі, ас беру ұйымдастырылып, ма­териалдық және психо­логиялық тұрғыда көмек көрсетілуде. Тиісті комиссия құрылды. Қазіргі күні ата-аналарымен де жұмыс жасап жатырмыз. Ары қарай қандай жәрдем көрсетілетіндігі келесі шараларда қабылданатын болады. Жан-жақты көмек көрсетіледі, – деп атап өтті қала басшысы.
Ал ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өрттің пештен шыққанын айтты.
– 11 айлықтан 12 жасқа дейін 5 бала қаза тапты. Өрттің себебіне келер болсақ, пеш жаққанда қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Өрт содан шығып отыр. Содан кейін балалар түнгі уақытта қараусыз қалған. Өрт сөндірушілер 7 минутта жеткен. Полиция мен жедел жәрдем де осы уақытта болған. Бірақ, өкінішке орай жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болмады, – деді Қ.Қасымов.
Мұнан соң ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елге инвестиция тарту мәселесі туралы баяндама жасады.
Оның атап өтуінше, таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген құ­рамдағы отырысында Мем­лекет басшысы инвестицияларды тартудың кешенді экожүйесін құру міндетін қойған.
– Министрлікке берілген өкілеттіктердің аясында біз инвестицияларды тарту бо­йынша тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш жұмылдырамыз. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвестициялық және бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады, – деді ол.
Т.Сүлейменов өз бұйры­ғы­мен Ұлттық экономика министрлігінің жанында тұ­рақты жұмыс істейтін Ин­вес­тициялық штаб құрыл­ғанын атап өтті. Оның міндеттері – инвес­тициялық заңнаманы, институцио­нал­дық ортаны және тұтастай ал­ғанда климатты жақсарту бо­йынша практикалық ұсы­ныстар әзір­леу.
Селекторлық режімдегі отырыста Бақытжан Сағынтаев бірқатар министрге нақты тапсырмалар жүктеді
– Елбасының тапсырма­сына байланысты негізгі ба­ғыттар бойынша министр­ліктердің алға қойған жоспары талқыланды. Бұған қо­сымша бірқатар тапсырма бар. Бірінші, Ұлттық эконо­мика министрлігіне және әкімдерге Қаржы, Білім министрліктерімен бірге мектеп салу мен жөндеу функцияларын оларды қаржыландыру функцияларымен бірге өңір­лерге беру мәселесін пы­сықтауды тапсырамын. Бұл бюджет процестерін оңтай­ландырып, мектеп салуды немесе жөндеуді жылдамдатуға мүмкіндік береді, – деді Үкі­мет басшысы.
Екіншіден оның айтуынша, медицина жұмыскерлерінің практикалық даярлығын кү­шейту үшін Денсаулық сақ­тау министрлігі прак­тикалық даярлыққа назар аудара оты­рып, халықаралық стан­дарт­тар бойынша оқытудың қазіргі заманғы бағдарла­маларына көшу жөнінде ұсыныстар енгізіп, әкімдіктермен бірге биыл мемлекеттік ауруханаларды меншікті клиникалық базалар ретінде жоғары оқу орындарына беру мәселесін пысықтауы тиіс.
– Үшінші, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық экономика, Қаржы, Білім және ғылым министрліктермен бірге жұмыс істеп жүрген адамдарды үздіксіз оқыту кешені жүйесін іске қосуды қамтамасыз етсін. Жұмыс берушілермен ын­тымақтаса отырып, са­лықтық шегерімдерді кәсі­порындардың персоналдарды оқыту шығындарына қолдану мүмкіндігін зерделесін. Қайта даярлау және біліктілікті жоғарлату курстарына ақы төлеудің ваучерлік негіздерін қарастырсын. Электронды еңбек биржасының негізінде кәсіптік дағдыға оқытатын, сондай-ақ қажетті дағдыларды үйрететін және алған дағдыларды жұмыс берушілер мойындайтындай сертификат беретін оқу курстарының ауқымды тізбесі бар ұлттық оқытудың онлайн порталын іске қосуды қамтамасыз етсін, – деді Премьер-Министр.
Сөз соңында Үкімет басшысы Президент белгілеп берген міндеттердің бәрі нақты орындалуы тиіс екенін нық айтты.

Жауап қалдыру