Бәсекеге қабілеттіліктің бес бағыты

0
101

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 маусым күні Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты. Жиында цифрлық трансформация, жаңа технологияларды қолдану және экономиканың одан әрі даму перспективалары жөніндегі мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы бас­қосуда сөйлеген сөзінде Шетелдік инвесторлар кеңе­сінің Қазақстандағы биз­нес ахуалын жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға ба­ғыт­талған жұмыстарының нәти­желе­ріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев ел­дің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.
– Бірінші. Бұл – реттеу­ші ортаны жақсарту. Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, Салық және Кеден кодекстері сияқты жаңа құжаттар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер топ­та­масы қабылданды. Бар­лық бағыттар бойынша Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйы­мының стандарттары ен­гі­зілуде.
Екінші. Бұл – экономиканы диверсификациялау және жаңа технологияларды енгізу. Еліміз бойынша индустрияландыру аясында 1200-ден астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Инвестициялық және экс­порттық стратегиялар жү­зе­ге асырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті үшін­ші басым бағыт ретінде инф­рақұрылымды жаңғырту қа­жеттігін атап өтті.
– Біз Еуразиялық мультимодальді көлік-транзит хабын қалыптастырудамыз. Жүзеге асырылып жат­қан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағ­дар­ламасы еуразиялық ин­тег­рацияны күшейтуге жә­­­не Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштасу мақсатына бағыт­талған. 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының таныстырылым рә­сімі болады. Бұл орталық Қазақстанның қаржы инфра­құрылымының өзе­гіне және бүкіл Орталық Азия өңірінің хабына айна­луға тиіс.
Төртінші. Бұл – цифрлан­дыру. Біз «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағ­дар­ламасын жүзеге асыруды бас­тадық. Цифрлық техно­логияны агро-өнеркәсіп кешеніне, көлік және басқа да негізгі салалардағы кәсіп­орындарымызға енгізу қажет.
Бесінші. Бұл – адами капи­талды дамыту. Білім беру жүйесі экономиканы жаң­ғырту мен цифрландыру ар­­қылы трансформация­ла­нуы қажет. Осыған орай «Адами капиталды дамыту» мәселесін келесі отыры­сы­мыздың тақырыбы етіп алуды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сөзінің соңында Қазақстан экономикасын жаң­ғырту үшін бірлесе тиімді жұмыс жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкі­метке Шетелдік инвес­торлар кеңесіндегі жұмыс топтарының отырысында және бүгінгі басқосу барысында айтылған ұсыныстардың бәрін ескеріп, қарастыруды тапсырды.

Жауап қалдыру