Б.Сағынтаев «Kazakh Invest» директорлар кеңесін басқарады

0
50

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев инвестициялар жөніндегі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы директорлар кеңесін басқарады. Бұл туралы кеше Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИДМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ұлттық компанияның деңгейі жоғары болады. Инвесторлар тікелей министрлерге жолығуға мүмкіндік алады, сонымен қатар келісімдерге қол қою бағытында Үкімет бас­шысына да өздерінің ұсы­ныс­­­­тарын айта алады. Осы ұлт­тық компанияның директор­лар кеңесін Премьер-Министр бас­қарады деген шешім қабыл­дан­ды», – деді комитет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, «Кazakh Invest» компаниясын құру рәсімдері ақпанның соңына дейін аяқталады. Ұлттық компания шетелдік өкілдіктер мен филиалдардың ауқымды желісін қамтып, Үкімет атынан ірі инвесторлармен және мақсатты трансұлттық корпорациялармен «бірегей келіссөз жүргізуші» ретінде іс-қимыл жасайтын болады. Компания функцияларына инвестициялық жобаларды әзірлеуді қамтамасыз ету, инвестицияны қажет ететін жобалардың тізімін әзірлеу, мақсатты және дайындығы бар инвесторларды тарту кіреді.
«Бұл компанияның шетелдегі филиалдары визалық қолдау, кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыру, рұқсатнамаларды алу секілді қолдау шараларын қамтиды», – деді Тұяқбаев.

Жауап қалдыру