Азық-түлік бағасын өсірмеу шаралары

0
88

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 2 қазанда өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өспеуі үшін жасалып жатқан шаралар баяндалды.
Еліміздегі қалыптасқан жағ­дай туралы Ұлттық банк тө­рағасы Д. Ақышев пен ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниев айтып берді.
Ұлттық экономика министр­лігінің деректері бойынша, биылғы жылдың басынан бері инфляция деңгейі 5-7% аралығында сақталып отыр. Қыркүйек айында инфляция 0,4%-ды құраса, жыл басынан бері 3,3% болды. Жылдық инфляция 6,1%-дық көрсеткішті көрсетті.
– Өңірлер тұрғысынан алғанда бірқатар өңірлерде баға орташа республикалық деңгейден асып түскен. Бұл жағдай Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент, Алматы қалаларында байқалады. Ар­тық көрсеткіш 0,1–0,8 ара­лығында болып отыр, – деді Р. Дәленов.
Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қы­рыққабат, қант, күнбағыс майы мен сары май, сиыр және тауық еті, сүт, айран, жұ­мырт­қа, тұз, сүзбе) 19 азық-түлік өнімі кіреді. Биыл­ғы жыл­дың 9 айында осы тауар­лардың бағасы 0,7%-ға өскен.
– Бағаларды талдау кезінде Астана, Қарағанды, Орал және Өскемен қалаларында 4 тауар бойынша, Павлодар және Шымкент қалаларында 3 тауар, Ақтау, Атырау, Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда және Талдықорған қалаларында 2 тауар, ал Көкшетауда 1 өнім бойынша шектеулі баға­лардың 15%-ға дейін асқаны анық­талды. Шектеулі баға дең­гейін асырмаған – тек Ал­ма­ты қаласы, – деді Р. Дә­ле­нов.
Осылайша, ұлттық эконо­ми­ка бірінші вице-ми­нис­трі­нің айтуынша, мұн­дай жағ­дайларда сауда қызметі са­ласындағы заңна­ма бір­қа­тар шараларды қа­рас­тырады. Бұл – тұрақтан­дыру қорларының резерв­терін пай­далану және шектік ба­ғаны белгілеудегі сауда субъектілерімен өзара әре­кет­тесу.
– Жергілікті атқарушы органдар әкімдіктерде құрылған комиссиялардың жұмысын жандандыруға, сондай-ақ ба­ғалардың одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палатасы­мен үй­лес­тіру жұмыстарын кү­шейтуі керек, – деді Р. Дәле­нов.
Бұдан басқа, министрліктің деректері бойынша, қалған 3 айда белгіленген 5-7% ара­лығында инфляция деңгейін ұстап тұру үшін инфляцияның орташа айлық өсімі 1,2%-дан аспауы тиіс. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды іске асырып, бағаны бақылауды жалғастыруы керек.
Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев осы жылдың 9 айында инфляция белгіленген дәліз деңгейінде сақталғанын атап өтті.
– Жыл басынан бері өсім 3,3% құрайды. Қыркүйекте жылдық инфляция 6,1% құрады. Биыл Ұлттық банк тарапынан қосымша шараларды қабылдамай-ақ инфляция 5%-дан 7%-ға дейінгі мақсатты дәлізде сақталады деп болжап отырмыз, – деді ол.
Өңірлік тұрақтандыру қор­ларының қызметі мен на­рықты отандық азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз ету ту­ралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.
– Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының аздап өскені байқалады. Сонымен бірге, кейбір тауар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы – 27,2%, картоп – 22,3% және пияз –16%-ға төмендеген, – деді А. Евниев.
Өңірлер тұрғысынан жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Түркістан (4,7%), Шымкент (4,5%), Жезқазған (3,7%) қала­ларында байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызы­лорда, Орал, Семей қа­ла­ларында 1%-ға дейін ба­ғалардың төмендеуі байқа­лады.
А. Евниевтің айтуынша, көкөніс өнімдерінің бағалары ауытқуының негізгі себебі өндірістің маусымдылығы. Онымен қоса, әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың біртіндеп өсуі ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты. Одан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызмет көрсетулерге бағалардың өсуі әсер етеді.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ба­ға­ларын тұрақтандыру мақ­сатында нақты шаралар қа­былдап жатыр. Өңірлерде азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қор­ларын қалыптастыру жүргі­зіледі. 2018 жылдың 20 қыр­күйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тоннаны, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер – 3,8 мың тоннаны құрады. Қолда бар 4,5 мың тоннаның – 2,16 мың тоннасы қант, 0,71 мың тоннасы – күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы – ұн, 0,577 мың тоннасы – қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы – макарон өнімдері, – деді А. Евниев.
Сонымен қатар, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, ӘКК есеп-шоттарында 5,1 млрд тең­ге қаражат бар. Қант­қа қатысты орын алған жағдайға байланысты Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі қолда бар қаражаттарды өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсауды ұсынды.
– Министрлік қант бағасын тұрақтандырудың жүйелік шарасы ретінде отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзір­леп жатыр, онда егістік алаңдарын кеңейту, тұқым шаруашылығын дамыту және қант қызылша­сы­ның өнімділігін көбейту, қант қызылшасын өңдеуге ар­налған ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алуға жәр­демдесу, сондай-ақ отандық қызылша шикізатынан қант өндіру зауыттарын салуды ынталандыру секілді шаралар қарастырылады, – деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.
Сондай-ақ отырыс барысында өңірлердегі қазіргі жағдай мен бағалардың өсуіне жол бермеу бо­йынша қабылданып жатқан шаралар туралы Маңғыс­тау об­лысының әкімі Е. Тоғ­жанов, Атырау облысы­ның әкімі Н. Ноғаев, Қараған­ды облысының әкімі Е. Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов және Астана әкімі Б. Сұлтанов баяндады.
Әлеуметтік мәні бары азық-түлік өнімдеріне шекті және шекті жол берілетін бөлшек бағаны бекіту функциясы жергілікті жерлерге берілген. Бұл маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру және орын алуы мүмкін алыпса­тарлықты болдырмау бо­йынша шұғыл шараларды қабылдау үшін жасалған.
Баяндамашыларды тыңда­ған соң Премьер-Министр кейбір өңірлердегі азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне назар аударды, олар орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.
Жұмыс әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын тұ­рақ­тандырумен ғана шектелмейді. Бұл сонымен қатар білім беру қызметі мен медициналық қызметтердің бағасына да қатысты.
Мәселені қарастыру қо­ры­тындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаев халық үшін әлеуметтік мәні бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуі аса қиын тиетінін айтты. Азық-түлік өнім­дерінің бағасының өсуіне жол бермеу жауапкершілігі, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдарға жүк­телген.
– Жергілікті атқарушы органдар баға нарығын реттеу мақсатында өңірлік тұрақ­тандыру қорларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы тиіс. Яғни, сатып алуларды уақытылы жүргізіп, тауарларды жаңартуы, негізгі азық-түлік өнімдері басуы тиіс. Аталған жұмыстардың барлығы әкімдіктердің тұ­рақты бақылауында болуы керек. Мониторингті күшейтіп, қажет болған жағдайда бар­лық ресурстарды жылдам іске қосуды тапсырамын, – деді Б. Сағынтаев.

primeminister.kz

Жауап қалдыру