Қазақстанның дамуына жаңа серпіліс беру тетіктері

0
125

Басылымның 9 мамыр күнгі 19-20 сандарында экономист, академик Оразалы Сәбденнің президенттікке үміткер кандидаттарға бағытталған 7 сауалы жарияланған болатын. Онда қоғамдағы қордаланған мәселелер мен Қазақстанның ендігі бағыты сөз етілген еді. Осы сауалдарда қозғалған мәселелерге қатысты ғалым төменде өзінің ұсыныстарын білдіріп отыр.
1. Еліміздегі асқынған қоғамдық дерттердің бірі – сыбайлас жемқор­лықты жеңуде, әсіресе бюджет қаржы­сына қол салуды тоқтатуда қандай батыл іс-шаралар қолданасыз?
Коррупция бүгінде жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған жүйеге айналды. Жемқорлықты тыю туралы қаншама заңдар, президенттік жарлықтар шық­ты. Алайда жемқорлық азаюдың орны­на үдеу үстінде. Елімізде сыбайлас жем­қорлықпен бұрынғы премьер-министр, министрлер, депутаттар, әкім­дер, банк, бизнес өкілдерінің ұста­лып жатқанына қарап, бұл кеселдің қаншалықты дендегенін аңғару қиын емес. Осының бәрі биліктің мемлекетті басқарудағы көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін әшкерелейді.
Бұл мәселе жаңа сайланатын Прези­денттің бірінші кезекте шешетін ісі болуы тиіс. Осы орайда алдымен мемлекеттік қызметкерлерді 50 пайызға дейін қысқартып, қалғандарының статусын көтеру, айлығын кем дегенде 100-150% ға көбейту қажет, қызметтік пәтермен қамтамасыз ету керек деп санаймын. Атқарушы органдардың басшысынан бастап, төменгі шенеунікке дейін 1-3 жылға арналған жетістік көрсеткіштер міндеттелу керек. Егер орындай алмаса орнын босатсын. Шетелдегідей көпсатылы басқаруды қысқарту қажет. Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлерін 20-30 пайызға қысқартқан жөн. Самұрық-Қазына сынды ірі компанияларды тәуелсіз аудиттен өткізіп, жемқорлық анықталса заңмен қатал жазалау керек.
Ал биліктегілер қатаң заң мен тәртіпті ұстап, халық ақшасын ұрламау керек. «Оффшорлар» туралы заң қабылдап, шетелдегі миллиардтаған ақшаны қай­тару да кезек күттірмей орындалуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте Гүржістан, Қытай, Сингапур, Жапония, Еуропа елдерінің озық тәжірибелерін қолдануға болады.
2. Қазақстанда жаңа идеологияны қалыптастыру үшін бүкіл халыққа ортақ құндылық ретінде нені ұсынар едіңіз? Қасаң тартқан сананы қалай өзгертеміз?
Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады. Елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс құбылыстармен күреспесек, онда қоғам құлдырайды. Қазір біздің қоғамда моральдық тозу дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара білуі тиіс.
Алда цифрлық революциядан соң сана эрасы басталмақ. Бұған қаракетті қазірден бастамасақ кеш қаламыз. Егер жаңа өркениетке көшкіміз келсек, онда бізге рухани-инновациялық серпіліс керек. Бұл дегеніміз, Қазақстанда инновациялық жаңа парадигма жасауға тиіспіз. Оның түп тамыры білімді қоғам кұру, сананы жаңартуға негізделмек. Қасаң тартқан сананы өзгертіп, руxани жаңару үшін білім мен тәрбиені күшейту маңызды. Біз тек білімді қоғам құру арқылы өркениетке ұмтыла аламыз. Бізге 2-3 дипломмен жұмыссыз жүру емес, сапалы біліммен сыбайлас жемқорлықсыз жұмысқа тұру қажет. Мұның тетігі ретінде Германия мен кейбір басқа елдердегідей барлық деңгейде жастарды тегін оқытуды бастау керек. Оған қаражат жетеді. Саяси шешім болса, жол ашылады.
Көне дәуірден келе жатқан ата-тегімізге терең үңіліп, барлық тариxи, мәдени-руxани тектілігімізді өнеге етіп, тікелей пайдалануымыз абзал. Басқа елдермен салыстырғанда бұл біздің ата-бабаларымыздың, Түркі империясының қалдырған мұрасы, артықшылығымыз!
Осы проблемаларды шешу үшін ХХІ ғасырдағы өркениеттің талабына сай 2020-2030 жылдарға арналған «ЖАҢА ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢАРТУ ТУРАЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА» жасау керек. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін ақылдастар алқасы ретінде ең үздік зиялылар, ғалымдар, халық арасынан «Жоғарғы консультативтік кеңес» құру қажет.
Тағы бір өзекті мәселе – біздің ой-санамызды 4-ші өндірістік революцияның жаңа талабына сай жаңарту. Егер елімізді ХХІ ғасырда жаңа өркениетті өмірге дайындағымыз келсе, онда біз руxани-тариxи құндылықтарды жаңа теxнологиямен біріктіріп, оны жаһандық желілік коммуникациямен қосып жүргізуіміз керек. Осы салаларды бір жүйе етіп пайдаланғанда түбегейлі мәселелер шешімін табар еді.
3. Соңғы 28 жылда тұралап қалған ауылды қалай көтересіз? Еліміздегі 3 миллионнан аса жұмыссыздықты тез арада қалай жоясыз?
Ашығын айту керек, Кеңес Одағында ауыл жақсы дамыды. Кезінде еңбекпен қамтылған небір ұжымшар, кеңшарлар, ауыл орталықтары қалыпты жұмыс істеп тұрды. Жол, байланыс, кітапхана, мәдениет үйі, спорт кешендері, моншасына дейін бар болатын. Жалпы ауыл жақсы дамып, оның әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі, тұрмысы айтарлықтай деңгейде болғандығын өз көзімізбен көрдік.
Ал өтпелі кезең халыққа ауыр тиді. Мұндай жағдай егемендік алған басқа ТМД мемлекеттерінде де болды. Ауылда тіршілік қиындай түсіп, өндіріс орындары тоқтап, дағдарыс жайлады. Соның салдарынан халық қалаға ағыла бастады.
Қазіргі ауылда жұмыссыздық орташа есеппен алғанда 75-80 пайызды, кей жерлерінде 85 пайызды құрайды. Егер ауылдағы жұмыспен қамтылған мұғалімдер мен дәрігерлер, әкімшілік және шаруа қожалықтары қызметкерлерін алып тастасақ, жұмыссыздық саны шыға келеді. Көбінесе жастарға жұмыс жоқ. Олардың бұдан соң қисық жолға түспейтініне кім кепіл? Кейінгі кезде қазақ жастарының арасында бәңгілік, ұрлық, әсіресе мал ұрлау, бұзақылық, суицид үдеп барады. Жұмыссыздықтың салдарынан кейбір жастарымыз шетелде діни экстремизм, терроризм, камикадзелік жиһад жолына түсуде.
Бізде Үкімет жұмыссыздық 5 пайыз дегенді айтады. Бұл статистикалық жағынан дұрыс есептелмеген. Мұндай көрсеткішпен Дүниежүзілік Гиннес кітабына кірсек те болады. Өтіріктің де шегі болуы керек қой. Еуропаның кейбір елдерінде жұмыссыздық 15-25%, орта есеппен 10 пайыздан асады. Бізде 2,7 млн адам өзін-өзі қамтамасыз етеді дейді. Негізінде олар жұмыссыздар. Олар зейнетақы, дәрігерлік сақтандыру жүйесінен тыс қалып, жылдар бойы конституциялық құқықтары тапталып отыр. Яғни халқымыздың 20%-на жағдай жасалмаған. Олардың басым көпшілігі ауылдардағы көп балалы аналар.
Мемлекет тарапынан бөлінген субси­дияның 86 пайызы ірі холдингтер мен компанияларға бөлінсе, ал ұсақ, орта шаруашылықтарға 14 пайызы ғана беріледі екен. Бұл ақылға сыймайды емес пе? Ауылға бөлінген ақша шаруа­қожа­лықтарына жетпей жатыр. Билік оның қалай жұмсалып жатқанынан бейхабар. Сонда қарапайым ауылдағы қазаққа жаны ашитын жан болмағаны ма?.
Ауылды дамытудағы басты мәселенің бірі – тез арада «Жергілікті өзін-өзі басқару заңын» қабылдау қажет. Ауылда халқымыздың 45 пайызы, яғни 8 млн-нан астам адам тұрады. Оның көбі өзіміздің қаракөздер. «Ауылына қарап азаматын таны», – дейді қазақ. Ауылға бара қалсақ, ұяламыз. Ұсақ шаруақожалықтарына қолдағы жеке жер телімдерін игеруге жаңа техника, технология жетіспейді. Олар ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсе алмайды, өнімдері өтпейді, өтсе де арзан бағаға алады. Ортада алып-сатарлар тағы бар. Сондықтан ұсақ шаруақожалықтарын біріктіріп, ауыл шаруашылығын кооперациялау қажет және ол үшін «Кооперация туралы» заңды тезірек іске асыру керек. Әр ауданда бір немесе екі техникалық сервис орталықтарын құру және ауыл шаруашылығын жаңаша ұжымдастыру қажеттілігі туындауда. Ал оның негізі – кооперация. Бұл жерде тікелей мемлекеттік қолдау қажет. Сол құрған кооперацияда, орталықтарда Үкіметтің үлесі 20-30%-ға дейін болуы мүмкін. Ең бастысы – ауыл шаруашылығы өндірісіне субсидиялар мен арзан несиелердің көптеп бөлінуін, олардың жергілікті жерге жетуін қадағалау керек. Сонда ғана инвестиция тиісті жерге салынады, жұмыс орны көбейіп, ауыл серпіліс алатын болады.
Жалпы біздің негізгі «брендіміз» мұнай-газ емес, ол – ғасырлардан бері келе жатқан ата кәсіп – мал мен егін өнімдері. Қалай айтсаңыз да бізді шетел аграрлы мемлекет деп түсінеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ауыл шаруашылығы табысының көлемі, жалпы ішкі өнімге шаққанда 27-29%-ға дейін баратын. Ал қазір бар болғаны 5%.
Қазір бізде азық-түлік, ет пен сүттің шамамен 40%-ы шеттен келеді. Керісінше, біз сатуымыз керек емес пе? Қазақстан осынша байлығымен ата кәсібіміз – малмен елімізді қамтамасыз ете алмаса, болашағымыз қандай болмақ? Сол себептен Қазақстанда «Мал өнімдері» және «Астық» холдингтерін құруды мемлекет қолға алуы керек. Тез арада дүниежүзінде алдыңғы орын алуға бар күшті жұмсап, ауылды да жоғалтып алмаудың амалдарын іздеген жөн. Біздің ел мал өнімдерін дамытудың жолын біледі. Кезінде Тұрар Рысқұлов РСФСР Совнаркомы төрағасының 11 жыл бойы орынбасары болып тұрғанында, Сталинге: «Жолдас Сталин, ет – валюта. Мал өнімдерін дайындап, Еуропаға ет сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженер даярлайық», – деген екен.
Бізге ауылға барып жұмыс істейтін кәсіби мамандар дайындау – кезек күттірмейтін міндет. Осы тұста жастарға айтарым, ауыл шаруашылық мамандарын таңдау, азық-түлік, мал кәсіпкерлігімен айналысу – бұл ескі дәстүр емес, қайта артықшылық. Тек атына қызығып, жаппай экономист, заңгер болғанша, атакәсіп – мал, егін шаруашылықтарын игеріп, бай-бақуатты күн кешуге әбден болады. Жастар барынша рационалды болғаны дұрыс. Сонда ауылдың да еңсесі көтеріледі, еліміздің де азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді. Ауылға көмек тек ауылдағылардың еншісі болмауы керек. Оны Үкімет, Парламент, зиялы қауым, бүкіл ел ойлауы қажет.
Қазақша айтқанда, ауылға «Асар» қажет. Өткенді еске алсақ, бәріміз ауылдан шықтық. Оқып жүргенде ақша да, ет те, сүт те, құрт та ауылдан келетін. Енді қаладан ауылға таситын жағдай туындады. Қайтарым болуы керек емес пе? Инвестицияны да ауылға қарай бұру қажет. Сол ауылда туып-өскен, қазір қалада білімді, өнерде жүрген, спорт саласындағы, бизнесі бар т.б. азаматтар бірігіп демеуші ретінде өз ауылына көмек берсін.
4 сұрақ. Өте өзекті болып тұрған жер мен тіл тағдырын қалай шешесіз?
Жерді игеру – өзекті проблема. Қазақтың коды жер десе де болады. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай айтқандай «Ел өседі, мал өседі, жер өспейді», Жердің құны жоқ. Жерді анамыздай қастерлеп, тиімді пайдалану арқылы, өзіміз де өсеміз, елімізді де көркейтеміз!
Өз жерімізді тиімді игеру мақсатында, «Тың жерді игеру арқылы қазақ елін жаңа белеске көтеру (Қазақ өрісі)» атты жобаны іске асыру үшін ҚР Парламенті «Ауыл шаруашылығы – экономикалық еркін ай­мақ» туралы ҚР Заңын қабылдауы тиіс.
Қытаймен шекаралас жатқан, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысында және тағы басқа өңірлерде өте құнарлы жер аймақтары бар. Ол жерлерде азық-түлік өсіруге, мал өнімдерін жасауға әбден болады. Ол үшін бірінші кезекте бұл жерлерді мемлекеттік қолдау арқылы «Еркін экономикалық аймақ» жасау керек. Материалдық-техникалық база жасалуы тиіс. Бұл туралы Парламентте арнайы заң қабылдау қажет. Үкіметпен бірге, облыстарда жерді игеру бағдарламасын жасау керек.
Сол жерлерді игеруге халқы тығыз оңтүстіктен 300-500 мыңға жуық ха­лық­ты, әсіресе жастарды осы жаңа жо­ба­ны жүзеге асыруға жұмылдыру қажет. Израильдің дүниежүзіне белгілі тәжі­ри­бесін пайдаланып «Кибуцтер» жасалсын. Баяғы «БАМды, Целинаны» игерудей кешенді істер ұйымдастыруы тиіс. Жастарға жалақы беріліп, барған жерде барлық жағдай жасалуы қажет.
Мұндай мәселеде халықтың да патриоттық сезімі көтерілер еді. Жаңа ауылда жастар жаңа өмірді бастар еді. Ең маңыздысы шекаралас жерлерді игеру арқылы қауіпсіздігіміз де артар еді!
Бұл жобаны игеру Қазақстан халқының жаңа амбициясын көрсетер еді. Бұл жобаның геосаяси мәні бар екенін де естен шығармау қажет. Қазақстанның қауіпсіздік мәселесі әр уақытта бірінші кезекте тұру тиіс.
Сондай-ақ Үкімет 15 жылдан бері заң бойынша уәде беріп келе жатқан 10 сотық, 25 сотық жер учаскелерін және ауыл тұрғындарына уақытысында берілген 1-10 га дейінгі жер телімдерін (үлестерін) тегін берсін.
Ал қазақ тілінің мәселесі әлі де мүшкіл. Егемендігімізді алғалы 28 жыл болса да, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне ие бола алмай келеді. Ол үшін Мемлекеттік тіл «Қазақ тілі» туралы арнайы заң қабылдау қажет.
Сондай-ақ үш тұғырлы тіл саясаты дереу тоқтатылуы тиіс. Бала алдымен ана тілінде білім алуы керек. Келешекте көптілділік емес, керісінше тек біртілділік болады. Себебі цифрлық жүйе арқылы кез келген тілді тиімді пайдалану әдісі қолданылады. Сондықтан бастауыш сыныпта ағылшын тілін оқытуды доғарып, қазақ тілін жүйелі түрде меңгерту қажет. Озық ел Жапонияның өзі балаға 12 жасқа дейін өз тілін, мәде­ниетін тарихын, үйретеді екен.
5 сұрақ. Құлдыраған ғылымға, сапасыз және тәрбиесіз білімге, сын көтермейтін денсаулық саласына қалай серпіліс береміз?
Басымдылықты, бетті xалыққа бұратын кез келді. Халық, әрбір адам білімді болмай, қоғам білімді болмай, сана жаңармай, ұлттық руx көтерілмей прогресс болмайды. Оны осы уақытқа дейінгі өмір көрсетті. Ол үшін рухани-тарихи кұндылықтарды негізге ала отырып ғылымға, білімге, мәдениетке серпіліс беру керек. Көп жылдар бойы төмен қаржыландырып келген осы салаларға үлкен инвестиция салу қажет (Финляндия, Жапония, Оң.Корея, Израиль, АҚШ сияқты). «Бізде қалай?» деген сұраққа ащы шындық мынадай:
Ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімге шаққанда небәрі 0,13% пайызды (дамыған мемлекеттерде 3%-дан асады) құрайды. Ғалымдарымыз жанұясы аш-жалаңаш, бір портфельді отыз жыл көтеріп, әр университеттің есігін сығалап жүр. Осыдан кейін олардан әлемдік деңгейдегі қандай жаңалық күтеміз. Өтпелі кезеңде біз ғалымдардың талантты буынынан айырылып қалдық. Жас ғалымды дайындауға 30 жыл кететінін ескерсек, үлкен қателік жібердік деп айтуға болады. Ең өкініштісі – қазақтың біртуар ұлы Қ. Сәтбаев бастап құрған Ұлттық Ғылым Академиясының мүшкіл халі. Оның мемлекеттік статусынан айырылғандығы. Бұл кешірілмейтін күнә, өкінішті іс.
Білімге келер болсақ, қазір еліміз­де жоғары білімнің деңгейі құлдырап кет­ті. Өйт­кені жекеменшік жоғары оқу орын­дары­ның саны көп, жалпы білім сапасы төмен. Оларда диплом алу оңай. ЖОО-да оқитын студенттердің 50%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие емес. Бұған дұрыс жүргізілмеген мемлекеттік білім саясаты, сапасыз маман дайындаған білім ошақтары кінәлі. Оған қосымша қазір университеттердегі студенттердің 80-90 пайызы ақылы оқуда. Ашығын айту керек біз білімді тауарға айналдырып жібердік. Дипломы көп білімсіз қоғамға айналып бара жатырмыз.
Егер алға басқымыз келсе, ғылымға бөлінетін қаражатты жалпы ішкі өнімге шаққанда кем дегенде 1,5-2 пайызға дейін көтеру керек. ЖОО-ларға талапты күшейтіп, халықаралық аттестациядан өткен жағдайда ғана маман даярлауға рұқсат берілуі тиіс. Ректорларды университет ұжымы, ғылыми кеңес сайласын. Мәдениет пен медицина салаларын дамытуға жалпы ішкі өнімнің 6 пайызын бөлу қажет.
6 сұрақ. Орта тапты қалай тез арада қалыптастырамыз? Шағын және орта кәсіпте өте үлкен мүмкіндігімізді қалай пайдаланамыз? Шағын кәсіпті елге нәсіп ете аламыз ба?
Қазір көп қазақтың идеалы – кәсіпкер-инноватор болу емес, бастық, шенеунік, ақжағалы болу. Неге екені белгісіз халықтың жайдақ атқа ерсіз мінгендей әлі кәсіпкерлікке еті үйрене алмауда. Мүмкін бұған шағын кәсіпті дамытуға мәдени-әлеуметтік мүмкіндіктердің қа­лып­­таспағаны, мемлекеттік қолдаудың на­шар­лығы себеп болар?!
Экономиканың өсуінің өзегі – шағын кәсіпкерлікті үдемелі дамыту. Білсек, қазір бізде кіші кәсіптің жалпыұлттық өнімдегі үлесі 18 пайыз ғана. Ал, дамыған шетелдерде 50-70 пайызға дейін. Оларда халықтың 70-80 пайызы шағын кәсіп арқылы жұмыспен қамтамасыз етілген. Салааралық құрылым бойынша бізде ша­ғын кәсіптің дені саудада (42%). Өкінішке орай, шағын кәсіптің үлесі өндірісте, машина жасауда 3-4%, әлеуметтік салада 2-3%. Біздің пайдаланбаған мүмкін­дігіміздің өте мол екендігін осыдан-ақ білуге болады. Ауылша айтсақ, «шағын кәсіп – біздің экономикамыздың арбасын өрге сүйрейтін өгіз».
Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті елге айналдыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті үдемелі дамыту мегажобасын жасап, ұсынамын. Бұл 9 ірі жобадан тұрады. Егер Үкімет, Парламент, қоғамдық ұйымдар осы жобаны қолға алып, тікелей инвестиция құйып, жағдай жасаса, іске асыратын болса, бұл идеяға бүкіл халықты жұмылдыра алатын болса, біз өте биік, қол жетпеген жетістіктерге жетер едік. Бұған үлкен ерік, күш-жігер, саяси шешім қажет. Бұл жағдайда шағын кәсіп экономиканың өсуінің ең негізгі факторы болып, ұлттық идеяға айналады. Шағын кәсіп үлкен ұлттық іске ұласады. Жобаның толық мәтіні Үкіметке жіберілген.
Сонымен қатар жастардың кәсіпкер­лі­гіне, олардың инновациялық тың идея­лары мен стартап жобаларына қолдау жо­ғары болуы тиіс. «Болашақ» арқылы оқып келіп, алып келген жаңалығын қай­та шетелге арқалап кетіп жатқан жастар көп. Біз олардың мүмкіндігін елімізде пай­­даланып, оларға тиісінше жағдай жаса­сақ, олар келер еді. Шағын кәсіппен айна­лысқандарды 1-2 жыл салықтан босатып, сонан соң табысына қарай біртіндеп салықты көбейтіп, несие саясатын 3-5%-ға түсіру қажет. Тексерісті тоқтатқан жөн.
7 сұрақ. Мемлекетті басқару жүйесін түбегейлі өзгертесіз бе, жоқ әлде осы жолмен жүре береміз бе? Парламенттік республикаға көшуге көзқарасыңыз қандай?
Қазір ертең не боларын болжау қиын. Дағдарыстан қалай шығу, ғаламдық теріс өзгерістерден адамзатты қалай құтқару керек деген мәселелер аса өзекті болып тұр. Бізді осылардан құтқаратын бір-ақ нәрсе – адамның адамгершілігі, сезімталдығы, ғылымның бар жетістігін тек ізгілікке, өркениеттілікке пайдаланып, азаматтық қоғам құру. Егер дер кезінде кіріспесек, онда біз «бифуркация» нүктесінен өтіп кетіп, бүкіл әлем келмеске кетуіміз мүмкін. Осы туралы ойларымды мен уақытысында G7, G20, БҰҰ, ЕО басшыларына жіберген болатынмын.
Қазақстан егеменді ел болғалы 28-ші жыл. Ә дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі, байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық-олигархиялық, спекуля­тивті капитализм құрсауында қалдық. Эко­номикамызды әртараптандырмай, тек мұнай, газ, қазба байлыққа иек артқан­дықтан қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мәселен, Норвегия бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Өйткені олар мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, жаңа технология мен кадр дайындап, қосымша құн өндірістерін жасап, бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң орындады.
Биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл мәселесі. Адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды. Талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр.
Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық интернет, цифрлық жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр? Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсыбірін айтасың? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін. Мұндай жар жағалай жүріс өте қауіпті.
Өтпелі кезеңде тығырықтан шығу үшін еліміздегі биліктің барлық тармақтары: атқарушы билік – парламент, сот жүйесі, құқық қорғау органдары xалық үшін, керек болса әр адамның құқығының сақталуы үшін жұмыс істеуі керек. Билік келеді, кетеді, ал xалық, қоғам талабы іске асу қажет. Ол үшін қоғамдық ұйымдар саны өте көп, талапты болу керек. Азаматтық қоғам күшеймей даму тежеледі. Бұл сала Скандинавия мемлекеттерінде өте дамыған. Оны «әлеуметтік инновация» деп атайды… Сот, прокурорларды парламент тағайындау қажет. Олар жергілікті қоғамдық кеңестерге есеп беріп тұру қажет. Қоғамдық кеңестерді әкімдер емес жергілікті мәслихат шешімімен бекіту керек. Қоғамдық кеңес мүшелерін халық тағайындағаны дұрыс.
Ардақты ағайын, қара орман халқым! Біз 28 жыл бойы тек «шықпа, жаным, шық­па» деп күнкөріс үшін өмір сүріп келдік. Ал енді қыруар байлығымызды халқымыздың игілігі үшін жаратып, жақсы өмір сүру үшін риясыз қызмет етуіміз қажет. Ол үшін қазіргі жүйені өзгертіп, түбегейлі реформаға баруымыз керек. Осындай ойлар халық арасында айтылуда. Мемлекетті 5-тік спиральмен жаңаша басқару жобасы халыққа және Елбасына жазған ұсыныстарымда кеңінен көрсетілген («Жас Алаш» №1, 9 қаңтар 2019). Біз соған түбегейлі ауысуымыз керек.
Платон да өз билеушісіне диктатураның қауіпті екенін айтып, жаңа жол көрсетпекші болып соңғы бар күшін салды. Әрине мен Платон емеспін. Бірақ туған елімнің патриотымын. Еліміздің бір азаматы ретінде «неден бастау керек?» деген сұраққа қысқаша екі маңызды ұсыныс айтқым келеді:
Бірінші, жаңа сайланған Президент өз пәрменімен Мемлекеттік Ұлттық келісім Кеңесін (Ұлттық Кеңес) құруы керек деп санаймын. Ол орган халықпен санасып, тығырықтан шығу жолын жасауы тиіс. Ұлттық келісім кеңесі тығырықтан шығу іс-шарасын қабылдап, оны Конституциялық реформадан бастап, мемлекетті жаңаша басқару жүйесін халыққа жария етуі керек. Елді жаңа өркениетке бастау мақсатында барлық аймақтардан аса білімді, зиялы азаматтарды, бизнес және өндіріс өкілдері мен ынталы жастарды Ұлттық Кеңеске біріктіре алсақ, Қазақстан жаңа даму деңгейіне шығады. Мемлекеттік Ұлттық Кеңес халық арасынан «Жаңа рухтағы халық өкілдері тобын» кұруы керек.
Бұл жерде «Ұлттық кеңесті қалай жасаймыз, әдеттегідей оларды билік жасақтай ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Мен, Парламенттің 4 дүркін депутаты ретінде еске салатыным, Жоғарғы Кеңестің бірінші (12 шақырылым) сайлауында (1990 ж.) демократиялық ашық сайлау болды. Міне, сол тетікті пайдалану керек. Халықтың сенімін қайтару керек. Ол үшін Ұлттық Кеңес мемлекетіміздің саяси және қоғамдық дамуының Ұлттық басымдықтарын жасау керек, ынтымақ пен бірлікті күшейту қажет.
Екінші, түбегейлі саяси реформаның бірінші қадамы ретінде Қазақстан Парламенттік Республикаға ауысуы қажет. Ары қарай жаңа сайлау жүйесі, тағы басқа заңдар қабылданып, Қазақстанда жергілікті жерде өзін-өзі басқару арқылы азаматтық қоғам орнату қажет. Ал бізде биліктің үш тармағы – Парламент, Үкімет, Сот жүйесі тек қана Президент әкімшілігіне берілген. Онсыз оңға да, солға да қимыл жасай алмаймыз. Мұны баяғы Советтер одағының, КПСС-тің кіші моделі, тіпті оның жаман көшірмесі дер едім. Ол 70 жыл жасады, себебі күшпен кіргізген идеологиясы да, бақылауы да мықты болды. Бүгінгідей шексіз билік, шарықтаған сыбайлас жемқорлық болған емес. Ал біз болсақ 28-ақ жылда тығырыққа тірелдік, халықтың сенімі де, шыдамы да таусылуда.
Бізге Парламенттік Республикаға көшуге негіз бар. Оны xалық референдуммен шешсе болады. Қазір халықтан сұрасаң депутаттарды білмейді. Сондықтан бір палаталы Парламент жасап, оның 50 пайызын партиялардан, қалған 50 пайызын xалық округтерден өз қалаулыларын сайласын. Сондай халық алдындағы міндеттеме, жауапкершілік болады.
Біздің ой-санамызды 4-ші өндіріс революциясының жаңа талабына сай өзгертетін уақыт келді. Егер біз елімізді ХХІ ғасырда жаңа өркениетті өмірге дайындағымыз келсе, онда алдымыз­да бір-ақ жол бар. Ол қазіргі КПСС-тен қалған басқару моделінен арылып, Қазақстан халқы жергілікті жерден бас­тап өзін-өзі басқару моделіне, Парламенттік Республикаға өтуі тиіс. Бұған тек Конституциялық саяси шешім қажет.

Оразалы СӘБДЕН,
академик

Жауап қалдыру