Қазақстандықтардың әл-ауқаты төмендемейді

0
31

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 11-ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды.
Мемлекет басшысы 2016-2018 жылдарға арналған Дағ­дарысқа қарсы іс-қимыл жос­пары аясындағы негізгі жұмыс бағдарының бірі қаржы тұрақ­тылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
– Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамы дең­гейін сақтап, бағамның күрт ауыт­қуына жол бермей және долларсыздандыруды жалғас­тыра отырып, тиімді ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдар­ламаларды орындау, агроөнер­кәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.
Тұрғын үй құрылысын жандандыру бойынша сала­ның одан әрі дамуына қол­дау жасау үшін «Нұрлы жол» бағдарламасын 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берілді.
Осы қаражаттың 53 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теңгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соның ішінде 22 миллиард теңге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелеуге бағытталады.
Мемлекет басшысы жаппай тұрғын үй салынатын жаңа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теңге бөлінетінін айтты.
– Бұл жұмыс тардың жауапкершілігі осы қызмет жүр­гізілетін өңірдің әкімдеріне тіке­лей жүктеледі. Баспана құ­ны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аударғым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету бүгінде өмір талабы болып отыр.
Мемлекет басшысы 2016 жы­лы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатының бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теңгені бөлуді тапсырды.
Шағын және орта бизнесті, экономиканың базалық сала­ларын қолдау дағдары­сқа қарсы саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақ­стан Президенті жеке ком­паниялардың басқаруына беріл­генге дейін Бірыңғай жинақ­­таушы зейнетақы қоры салым­шыларының қаражат­тарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды.
Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қам­тылуын қолдау үнемі назар­да болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев әлеу­мет­тік саясаттың басым­дығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтің арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды.
Қалыптасып отырған сырт­қы жағдайды ескере отырып, Үкіметке қаражаттың жұмса­луын қатаң қадағалауды қамта­масыз ету жүктелді.
Президент Әкімшілігіне атал­ған тапсырмалардың орын­да­луын қадағалау міндеті жүк­тел­ді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қолданып отырған дағдарысқа қарсы шараларға өзге мемлекеттердің шамасы жете бермейтінін айтты.
– Көптеген елдер қиын жағ­дайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыс­сыз­дық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздің экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімнің жаңа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Менің тапсырмаларымның бәрінің түп­кі мақсаты – қарапайым адамның мұң-мұқтажы, оның әл-ауқаты мен тұрмысының тұрақ­тылығы, – деді Қазақстан Президенті.
Жиын барысында елдің 2015 жылғы әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму қорытындылары және биылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, мемлекеттік бюджеттің 2015 жылғы ат­қа­рылуы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов, ақша-несие саясаты жөнінде Д.Ақышев баяндама жасады.

Жауап қалдыру