Қазақстандық үлгі қалыптасады

0
42

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ашылу рәсімі басталар алдында Қазақстан Президенті отандық және шетелдік компаниялардың цифрлық технологияларының көрмесін аралап көріп, цифрлық қаржылық технологиялар саласындағы инновациялық әзірлемелермен танысты.

Мемлекет басшысы қаржы орталығының құрылуы ха­лық­аралық бизнес қоғам­дастығының біздің елге деген сенімінің және табысты даму жолымызға берген жоғары бағасының белгісі саналатынын айтты.
Елбасы халықаралық қар­жы орталығын құру туралы идеяны алғаш рет 2015 жылы жаһандық жаңа сын-тегеу­ріндерге қарсы тұрудың бірден-бір жолы ретінде ұсын­ғанын атап өтті.
– Бүгінде елімізде ауқымды құрылымдық және инсти­ту­ционалдық реформалар жү­зеге асырылуда. Олар Қаз­ақ­станның бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырып, әлем­­нің озық дамыған 30 елі­нің қатарына қосы­луына бағыт­талған, – деді Прези­денті.
Нұрсұлтан Елбасы. елі­міз­де бизнес ахуалды жақ­сарту және құқықтық ортаны жетілдіру үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
Мемлекет басшысы «Ас­тана» халықаралық қар­жы орталығы жетекші қар­жы орталықтарының тәжіри­белері мен олардың құрылу тарихын мұқият зерттеу нәтижесінде ашылғанын айтты.
– Қаржы орталығының қа­зақ­с­тандық моделі әлемдік қар­­жы құрылымдары қыз­мет­те­­рінің ең үздік тәжі­рибелерін бас­шылыққа алған. Бұл ор­талық Қазақстан Респу­бли­касының резиденттерімен де, ре­зидент емес субъектілермен де жұмыс істейтін болады. «Ас­­тана» халықаралық қаржы ор­та­лығының қызметіне қаты­су­шылар Қазақстан мен оның өңір­­лерінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің капиталына қол жеткізе алады, – деді Елба­сы.
Қазақстан Президенті қар­жы орталығының құқықтық мәртебесі консти­туциялық заңмен бекітілгеніне және оның ресми тілі ағылшын тілі екеніне назар аударды.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызме­тіне қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңіл­діктер, сондай-ақ жеңілдетілген валюта, виза және еңбек режімдері қарастырылған. Бұл – жұмысы ағылшын құқы­ғына негізделген өңірдегі жалғыз орталық. Тәуелсіз Сот пен Халықаралық арбитраж орта­лығы әділетті болуға және тараптардың құқықтарын сақ­тауға кепілдік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, пре­зидент орталықтың ашы­­луымен бір мезетте өз жұмысын бастайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қызметіне де тоқталды.
– Қазіргі уақытта «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының биржасында актив­терінің жалпы көлемі 34 миллиард доллар болатын 14 жерг­ілікті және халықаралық брокерлер бар. Бұл көрсеткіш арта береді, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы «Астана» халық­аралық қаржы орта­лы­ғының тұсаукесер рәсімін Астана мерейтойы қарсаңында өткізудің сим­волдық мәні бар екенін атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының барлық әріптестеріне белсенді қол­дауы мен орталықты құру ісіне атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді.
– Астана өңірдегі негізгі қар­жы хабына айналуға тиіс. Ал, келешекте Азияның жетекші қаржы орталықтарының қата­рына қосылуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дастан ҚАДЫР.
«P&H»

Жауап қалдыру