Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстан дұрыс жолда келеді

0
113

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 7-8 күндері жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Сапар аясында өңірдің бірқатар өндіріс орындарымен, әлеуметтік-мәдени нысандармен танысты.
Мемлекет басшысы өңірге табан тіреген бойда «Қазмырыш» ЖШС-ның мыс балқыту зауытында болды. Мұнда Елбасы мыс балқыту цехының жұмысымен танысты.
Сонымен қатар «Қазмырыш» ЖШС еңбек ұжымымен Мемлекет басшысының кездесуі өтіп, оған Өскемен қаласының 7 мыңнан астам металлургы, сондай-ақ Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат пен Павлодар қаласындағы алюминий зауытының жұмысшылары телекөпір арқылы қатысты.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Елбасы бұл кәсіпорын индустрияның тірегі, ал өңірдің металлургиялық зауыттары мен тау-кен байыту комбинаттары Қазақстанның мақтанышы екенін атап өтті.
– Компания кәсіпорны жыл сайын 450 миллиард теңгенің әлемдік деңгейдегі өнімін өндіреді. Оларда 20 мың адам еңбек етеді, технологиялық база ұдайы жаңғыртылып отырады, тиімді жұмыс үшін барлық жағдай жасалған. Мыс зауытының өзі ғана жылына 70 мың тонна сапалы катодты мыс шығарады. «Қазмырышқа» өңірдің дамуына қатысты да зор әлеуметтік жауапкершілік жүктелген, бұл мақсатқа кәсіпорын 3 миллиард теңгеге дейін қаражат бөледі. Компания есебінен медициналық орталық, балабақша, теннис орталығы, жабық бассейн, жекпе-жектер сарайы салынуда, өзге де ондаған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті.
– Облыста тек өткен жылы 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 3300 пәтер, 14 аурухана, 21 мектеп салынды. 360 шақырым жол жөнделді. Тағы 5 мектеп ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жалғасатын болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның аясында біздер жол, индустриялық нысандар, қолжетімді баспана салып жатырмыз. Осының бәрі сіздер үшін, әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің өнеркәсібін дамыту мемлекеттің басымдығы бар міндеттерінің бірі екеніне назар аударды.
– Шығыс Қазақстан елдің жар­қы­раған маржаны саналады және бұл тек табиғаты тұр­ғысы­нан ғана емес. Жиын­тық өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрады, соның 60 пайызы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі. Қа­зақ­стан­дағы иннова­ция­лық өнім­дер­дің 20 пайызы нақ осы сіз­дер­дің облыста шы­ға­ры­латыны да кездей­соқ­тық емес. Өңір­ге са­лын­ған инвестиция­лар кө­лемі 345 миллиард тең­ге­ге же­теді. Шағын және орта биз­нес­ті қолдауға 2 миллиард тең­ге, өн­дірістік инфра­құ­ры­лым құ­ру­ға тағы 3 миллиард тең­ге бөлінеді. «Жұмыспен қам­ту–2020» бағ­дар­лама­сын іске асы­ру­ға мемлекет 11 миллиард тең­ге бөлді, – деді Қазақ­стан Пре­зиденті.
Мемлекет басшысы тұрақ­ты­лық­ты, этносаралық және діна­ра­лық келісімді сақтаудың ма­ңыз­дылығын да атап өтті.
– Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын тудыр­ған қасиетті жер. Бұл – Қа­зақ­стан­ның 100 этносының отаны. Өңір­дің кіші Ассамблеясына 44 эт­но-мәдени орталық, 4 Дос­тық үйі кіреді, ал олардың тә­жі­ри­бе­сіне баға жетпейді және ол БҰҰ-ны қоса алғанда бү­кіл әлем­де зерттелуде. Біз мұны сақ­тап, дамытуға тиіспіз, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.
«Қазмырыш» ЖШС ең­бек ұжы­мы өкілдері өз сөз­де­рін­де «Нұр­лы жол» жаңа эко­но­ми­ка­лық саясаты мен ин­сти­ту­цио­нал­дық бес реформаға қол­дау білдіріп, үдетілген ин­дус­трия­лық-инновация­лық даму бағ­дар­ламасының жү­зеге асы­рылып жатқанына, кә­сіп­орын­ның бәсеке қабі­летін кө­теру үшін жағдай жасал­ға­ны­на ал­ғыс­тарын айтты.
Елбасы бұдан кейін облыс­тық драма театрында шы­ғар­ма­шыл зиялы қауым және облыс­тың этно-мәдени бірлестік­те­рі өкіл­дері­мен кездесті. Қа­зақ­стан Пре­зи­ден­ті жиналғандарды жа­ңа театрдың ашылуымен құт­тық­тап, елдің береке-бір­лігі үшін қоғамды рухани және мә­дени дамытудың ма­ңыз­ды­лы­ғын атап өтті.
– Бұл – мәдениеттің тамаша жа­ңа ордасы. Театр 600 орын­ға лайық­талған, дайындық залдары, кіші залы бар. Қазақ жә­не орыс труппаларының ой­да­ғы­дай жұмыс істеуі үшін бар­лық жағ­дай жасалған. Өске­мен­діктер осы залда актерлердің тари­хы­мыз бен қазіргімізді ай­шық­тай­тын керемет ойынын кө­ре­ті­ніне сенімдімін, – деді Мем­лекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан­ның мәдени өмірін ны­ғай­ту­да­ғы экономикалық ба­қуат­ты­лық­тың айрықша рөлін атап өтті.
– Мәдениет дамуы үшін экономиканы көтеру қажет. Адам­ның театрға баруды қалауы тыныш өмір сүріп, тұрақты табыс тап­қан кезде ғана пайда болады. Қа­зақ­станда бүгінде үш опера жә­не балет театры, ал облыстарда 50 шақты театр жұмыс іс­тейді. Мұның бәрі мә­де­ни-ру­хани өмір­дің де экономикада­ғы­дай қар­қын­мен дамуы үшін қа­жет, – де­ді Қазақстан Пре­зи­ден­ті.
Мемлекет басшысы Қ­азақ­стан­ның мәдениет пен өнер са­ла­сын­да қол жеткіз­ген жетіс­тік­те­рі елдің жүйе­лі эко­но­мика­лық дамуы арқасында мүмкін бол­ға­ны­на назар аударды.
– Тәуелсіздік жылдары біз жа­ңа Қазақстанды қалып­тас­тыр­дық, жаңа ұрпақ тәрбие­ле­дік, экономиканы еселедік, ха­лық­тың табысын ұлғайттық. Біз үлкен екі дағдарысты еңсердік. Биыл 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан халқы Ассам­блеясы әлем­нің көптеген ел­де­ріне үлгі болды. Республикамыз ау­қым­ды халықара­лық шаралар өте­тін орынға айналды. Осы­ның бәріне бірлік пен тұрақ­ты­лық­тың арқасында қол жетті. Мұны ең басты байлығымыз ретінде сақ­тау керек, – деді Нұр­сұл­тан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті баршаға зор денсаулық, татулық және табыс тіледі.
Іс-шара барысында сондай-ақ театр актерлері өнер көрсетіп, концерт өтті.
Мемлекет басшысы ертесі­не, 8-сәуір күні «Kondiz» ЖШС кон­дитерлік фабрикасында болды. Немістің заманауи құ­рал-жабдықтарымен жабдықтал­ған фаб­риканың өндірістік қуаты жылына 22 мың тонна кондитер өнімін шығаруға лайықтал­ған. Кә­сіпорында 119 адам жұмыс іс­тейді. Нысанда Мемлекет басшысы кәсіпорынның жұ­мы­сы­мен танысып, еңбек ұжы­мы­мен әңгімелесті.
Қазақстан Президенті облыста халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті жағдай­лар жа­сал­ғанына тоқталды. Елбасы сапар аясында ары қа­рай Семей қаласындағы өңірлік он­кологиялық диспансерде болды. Мемлекет басшысы нысан жұ­мы­сымен танысып, жаңа ме­дициналық құралдармен жаб­дық­талған орынжайларды ар­алап көрді.
Қазақстан Президен­ті сон­дай-ақ еңбек ұжымы өкіл­де­рі­мен әңгімелесіп, қала­ның ме­ди­циналық мекемелері қа­жет­ті емханалық және диаг­нос­тикалық жабдықтармен қам­та­ма­сыз етіліп отырғанын айтты.
– Бұл кешенге мемлекет 7,2 миллиард теңге бөлді, со­ның 4 миллиарды заманауи жабдықтар алуға арнал­ған. Бұл – ядролық медицина элемент­терін қолданатын Қа­зақ­стан үшін бірегей мекеме. Енді осы жабдықтарды халыққа кә­сі­би көмек көрсету үшін барынша тиімді қолдану сіздерге бай­ланысты. Бүкіл ел бойынша денсаулық сақтау саласын дамытудың арқасында аза­мат­тардың орташа өмір жасы соңғы он жылда 64-тен 71-ге дейін ұл­ғай­ды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бұдан соң Абайдың «Жидебай-Бөрі­лі» мем­лекеттік тарихи-мәде­ни және әдеби-мемориал­дық му­зей-қорығында болды.
Елбасы мұнда музей жәді­гер­ліктерімен танысты және Семей қаласының шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Шы­ғыс Қа­зақстан облысы мә­де­ни және рухани мұраларға бай екенін, оларды сақтау мен дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Шығыс Қазақстан – Абай, Шә­кәрім, Мұхтар Әуезов ту­ған киелі мекен. Олардың шы­ғар­ма­ларында терең философия тұнып жатыр. Ұлы Абай бар­лық ұлттар бір әулеттің балалары екенін жүз жыл бұрын айт­қан. Біз бүгін елдегі достықты, тұ­рақ­ты­лықты нығайтудамыз. Көп­те­ген елдер 100 жылда да жетпеген нәрсеге біз небәрі 23 жылда қол жеткіздік. Егер тә­уел­сіздік сақталмаса, ел экономикасы дамымаса және әлеумет­тік мә­селелер шеші­месе, халық игі­лікке ке­нел­мей­ді. Бүгін­де бар­лық ба­ғыт­та жұмыс жүр­гі­зі­ліп жатыр. Бұрын Семейде жылу беруге байланысты проблема болды, 200 қазандық қа­ла­ны түтінге орайтын. Қазір бұл про­блеманың бәрі шешілді. Біз Семей ГЭС-ін салу мәселе­сін ойластырып жатырмыз. Жалпы, Қа­зақ­стан дұрыс жолда келеді, саяси тұрақтылықты, өзара тү­сі­ніс­тікті және достық­ты сақ­тау қа­жет, – деді Қазақстан Пре­зи­ден­ті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев көрсеткен қолдаулары үшін кез­десуге қатысушыларға алғыс айтып, еңбекте табыс тіледі.
***
Абайдың «Жидебай-Бөрі­лі» мем­ле­кеттік тарихи-мәдени жә­не әдеби-мемориалдық му­зей-қо­рығы 1940 жылы құрыл­ған.
20 мыңнан астам жәді­гер­лік сақ­талып отырған мекемеде 82 адам жұмыс істейді. Музей экс­понаттары қатарын­да Абай дә­уірін, оның қоғам­дық қыз­ме­тін сипаттайтын түп­нұс­қа құ­жат­тар, этнографиялық жә­не мұ­ра­ғат­тық материалдар, Шы­ғыс клас­сик­те­рі­нің сирек кітап­тары, батыс фи­ло­соф­тары­ның шы­ғар­ма­лары, ақын заман­дас­тары­ның есте­ліктері бар.
Президент Шығыс Қазақ­стан облысына жұмыс сапары­ның қо­ры­тындысы бойынша Семейде БАҚ өкілдері үшін брифинг өт­кіз­ді.
Мемлекет басшысы өнер­кә­сіп са­ла­сындағы өсімнің жо­ға­ры еке­нін, сондай-ақ өңірдің мә­де­ниет саласы да жақсы дамып ке­ле жатқанын айтты.
– Сапар барысында мен мырыш, қорғасын, мыс, алтын жә­не күміс секілді экспорттық өнім­дер­ді көп көлемде өндіретін «Қаз­мы­рыш» кәсіпорнында болдым. Өскемен индустриясы үшін басты мәселеленің бірі эко­ло­гия­лық тазалық болып отыр. Қазіргі уақытта заманауи экологиялық талаптарға сай кә­сіп­орындар салынуда, бұл қа­ла­ның қауіпсіз болаша­ғын қам­тама­сыз етеді. Сонымен қа­тар, жа­ңа театр ғимараты салынды, бұрынғысы ХІХ ғасырда са­лын­ған ескі ғимаратта орна­лас­қан еді. Енді театр ұжымы тиіс­ті жаб­дықтары, 600 орын­дық кө­рер­мен залы, 150 орындық кі­ші залы бар керемет жаңа ғи­ма­рат­қа кірді. Өскеменде тұр­ғын­дар өнерді тамашалау үшін ке­ле­тін жаңа мәдени орта­лық пайда бол­ды, – деді Қазақстан Президен­ті.
Нұрсұлтан Назарбаев эколо­гия­лық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, денсаулық сақтау жүйе­сін және медициналық кө­мек сапасын жақсарту бағы­тын­да мемлекеттің күш-жігер жұм­сап жат­қа­нына назар аударды.
Соңында Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына табыс және бақ-береке тіледі.

Жауап қалдыру