Қазақстан – АҚШ: Өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірі

0
1085

Мемлекет басшысы 16-18 қаңтар күндері Америка Құрама Штаттарында ресми сапармен болды. Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде $7,5 млрд көлемінде экономикалық байланыс құжаттарына қол қойылды.
Елбасы сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысып сөз сөйлейді деп күтілуде.
17 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамп­пен кездесті. Онда екіжақты қарым-қатынастың және ха­лықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелері талқыланылды.
Дональд Трамп ресми сапармен келгені үшін Нұрсұл­тан Назарбаевқа ризашы­лығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді.
– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қа­рай­ды. Екі ел арасында мық­ты қарым-қатынас жол­ға қойылған. Қазір Қазақ­стан­ның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шы­нын­да да іргелі істер атқар­­дыңыз, – деді АҚШ Президен­ті.
Нұрсұлтан Назарбаев рес­ми сапармен келуге шақыр­ғаны үшін Д.Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ Президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады.
– Сізді президенттік қызме­тіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетіс­тіктеріңізбен құттықтай­мын. Қа­­зақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көр­сетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақ­стан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұста­нып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Мұнан соң Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізген келіс­­сөздер қорытындысы бойын­ша бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері үшін бри­финг өткізді
Мемлекет басшысы келіс­сөз­дер нәтижелеріне оң ба­ға беріп, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қаты­нас­­тарын одан әрі нығайту мәсе­лелеріне тоқтал­ды.
– Менің сапарымның нәти­жесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стра­тегиялық әріптестік дең­гейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға се­нім­­дімін.
Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон ара­сын­­дағы өзара қарым-қатынас­тардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия ел­дері­мен «5+1» форма­тын­дағы ынтымақ­тастығын ны­ғай­туға мүдделі екенін айтты.
Қазақстан Президенті ха­лықаралық қауіпсіз­дікті нығайтып, қазіргі заманның сын-сынақтары мен қауіп-қатерлерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашинг­тонның өзара тиімді ынты­мақ­тастық танытып отырға­нын атап өтті.
– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терро­ризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады, қазір де Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы – тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ауған­станға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гумани­тарлық көмек жөнінде айтты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу ара­сындағы қатынастардың күр­делене түсуіне байланысты мәселелер талқы­ланға­нын айтты.
– Біз Солтүстік Кореяға қа­тысты жаһандық мәсе­лелерді талқыладық. Қазақ­стан дүние жүзіндегі төртін­ші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең ірі сы­нақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдер­ге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөй­лес­­тік. Сол­түстік Кореяның проб­лемаларын АҚШ, Қы­тай және Ресей ел­дерінің бірлесе шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынты­мақ­тастығының қазіргі мәсе­ле­лері мен оларды нығайту­дың перспективаларына да тоқталды.
– Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен қол жеткізіліп отырған АҚШ-тың эконо­микалық дамуына жоғары баға берді.
АҚШ Президенті екіжақты диалогтың маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың страте­гиялық маңызына тоқталды.
– Біз Сізді Ақ үйде қабыл­дағанымызға қуаныш­тымыз. АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс жүргізді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі салауатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан Президенті екеу­міз біздің қарым-қаты­нас­тарымыз халық­тары­мыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диа­л­ог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризация­лау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан сенімді серік­тес болып саналады. Біз Сол­түс­тік Кореядағы режім­нің бүкіл әлемге ядролық апат қаупімен сес көрсетуін тойта­руға бел буып отырмыз, – деді АҚШ Президенті.
Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалыс­қаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
– ИЛИМ-мен және «Тали­бан­мен» соғыс жүргізіп жат­қан біздің қарулы күш­терге Қазақстан мейлінше қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің маған сеніммен айтқан сөзін аса жоғары бағалаймын, – деді Ақ үйдің басшысы.
Сондай-ақ, Дональд Трамп көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұс­тайтын Қазақстан сияқты ел­­дермен АҚШ ынтымақ­тас­тықты нығайта беретінін айт­ты.

Жауап қалдыру