Атысты тоқтату режімі сақталсын

0
140

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 қазан­да Сирия қақтығысын реттеу мәселесі бойынша Астанада өтіп жатқан келіссөздерге қатысқан делегациялар жетекшілерімен кездесті. Кездесуге Ресей Федерациясы делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев, Түркия Республикасы делегациясының жетекшісі Онал Седат, Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари және бақылаушы елдер – Америка Құрама Штаттары делегациясының жетекшісі Дэвид Саттерфилд пен Иордания Хашимиттік Корольдігі делегациясының жетекшісі Уасфи Тель, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Стругар Милош қатысты.
Мемлекет басшысы Сирия­дағы қақтығысты реттеудің маңыз­­дылығына тоқталып, бүкіл әлемдік қоғамдастық бұл мәсе­ленің шешілуіне зор мүдде­лілік танытып отырғанын атап өтті.
– Сіздердің жұмыстарыңыз барша әлем назарында. Қаза болған­дар мен босқынға ай­налғандардың өте көптігі бүкіл адамзатқа орасан нұқсан келтірді. Қазақстан Ресей мен Түркия Пре­зиденттерінің өтініші бойынша Астанада бас қосып, келіссөз жүргізуге жағдай жасады. Бүгінде сол келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлық тараптар бұл үдерістің тиімді екенін айтуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Астана процесі Женевадағы келіссөз­дердің тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтты.
Мемлекет басшысы Астанада өткен бірқатар басқосудың қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
– Сіздер бірнеше өңірдегі әскери іс-әрекеттерді бәсеңдету мәселесін шештіңіздер. Бұдан арғы іс-қимыл тетіктері әзірленіп, гуманитарлық ахуал жақсарды. Атысты тоқтату режімін сақтап қалудың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Астана процесіне қатысушы елдер деле­га­цияларының жетекшілері сөз сөйледі.
Александр Лаврентьев Сирия­дағы жағдайды реттеуге арнал­ған келіссөздердің аралық қо­ры­тындыларын талқылауға мүм­кіндік жасалғаны үшін риза­шы­лық білдіріп, қақтығысқа қа­тысты қазіргі жағдайға өз ба­ға­сын берді.
– Жұмыс басталғалы көп уақыт өтті. Оң нәтижелер бар. Деэскалация аймақтары елдегі жағдайдың тұрақтануына және саяси реттеу үдерісіне біртіндеп көшуге көп септігін тигізді. Астана процесі аясында ұрыс қимылдарын тоқтату режімін қатаң сақтауға тырысудамыз, – деді Ресей делегациясының жетекшісі.
Бұдан бөлек, А.Лаврентьев қақтығысты реттеудің жекелеген мәселелері жөнінде әңгімелеп, одан әрі шешімін табу үшін саяси диалогты жолға қою қажеттігін атап өтті.
Түркия Республикасы деле­гация­­сының жетекшісі Онал Седат Астанадағы келіссөздердің ерек­ше маңыздылығына тоқ­талып, осы мәселені шешуге атса­лысқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.
Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джа­бери Ансари терроризммен күресті жалғастырып, өңірдегі шиеленісті бәсеңдету үшін шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды.
Бақылаушы елдердің өкілдері Сирия қақтығысын бейбіт реттеу үдерісіндегі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке рөлін атап өтіп, Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
БҰҰ-ның бас сарапшы-консультанты Стругар Милош еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді қызметі үшін алғыс айтып, Сирия мәселе­сі бойынша саяси шешім қабыл­даудың маңызды екенін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті келіссөздерге қатысқандардың барлығына өңірде бейбітшілік орнатуға атсалысқандары үшін тағы да ризашылығын білдірді.
– Кез-келген келіссөз, диалог – болашаққа бастайтын жол. Бәріміз бұл мәселенің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Егер барлық елдердің күш-жігерін біріктіріп, ортақ коалиция жасамасақ, терроризмді жеңе алмаймыз. Біз келіссөздерді жал­ғастыру үшін барлық жағдайды жасауға күш салып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Дастан ҚАДЫР,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру