Қасым-Жомарт Тоқаев: Батыл ұрпақ өсіп келе жатыр

0
139

Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 19 маусым күні Карағанды облысы, «Спасск» оқу-жаттығу орталығында V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты.
  Қ.Тоқаев әскери-патриот­тық жиынға қатысушы­ларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шараның ерекше маңызын атап өтті. Сондай-ақ бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жауапты, отаншыл әрі батыл жастарының басын қосып отырғанын айтты.
– Біз Тәуелсіз еліміздің лайықты жастарына зор үміт артамыз. Дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны Отанымыздың қорғау­шысы болуға шақырыл­ған жастар үшін бірегей алаң болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан жастарды қолдауға және олардың әлеуеттерін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, жастар дамудың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі екеніне назар аударды. Сондықтан, Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны кездейсоқ еместігін айтты.
– Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елімізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы құ­рылды. Барлық өңірде бұл ұйымның бөлімшелері жасақ­талып, жұмыс істеп жатыр. «Жас сарбаздың» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыды, – деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.
Мемлекет басшысы жастарды әрқашан барлық азамат­тарымызды бірікті­ре­тін ортақ құндылықтарға – жасам­паз еңбекке, бейбітшілік пен келісімге, халық­тың бірлігіне, Отанға деген мақ­таныш сезімге және оның ұлы тағдырына алаңдаушылық білдіруге шақырды.
– Мен батыл ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп тұр­мын. Сіздер заманауи Қазақстанның биік мұрат­тары негізінде тәрбие алды­­ңыз­дар. Өздеріңіздің білімдері­ңіз­бен және қа­жыр­лы еңбектеріңізбен Отаны­мыз­­дың – Мәңгілік еліміздің даңқын шығарасыз­дар. Сіз­дер­дің Тәуелсіздік құнды­лық­­тарын дәріптейтін­дері­ңізге, ел жетістіктерінің та­бысты эстафетасын абы­рой­мен алып жүруді жал­ғас­тыратындарыңызға сене­мін, – деді Қазақстан Прези­денті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас­тарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажетті қасиеттер туралы айтты. Мем­лекет басшысының пікі­рінше, ең алдымен, пара­сат­­тылық, білім, кәсіби­лік пен Отанға деген адалдық қажет.
– Сіздерде күш, энергия мен шығармашылық әлеует зор. Осының бәрін өмірдегі басты мақсаттарыңызға қол жет­кізуге жұмсаңыздар. Елі­міз әрқайсыңыздың табысты болғандарыңызға мүдделі. Себебі, сіздердің жетістік­теріңізден тұтас елдің жетістігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақсаттарыңыздың жүзеге асуына шын жүректен тілекшімін, – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы сөзінің соңында «Айбын» рес­публикалық әскери-пат­риоттық жастар жиынын ашық деп жариялап, қатысушылардың оқуына сәттілік, мықты денсаулық пен табыс тіледі.
«Айбын» байрағын көтеру рәсімінен және жарыс пен концерттік бағдарламаны әділ өткізуге салтанатты ант бергеннен кейін Қасым-Жо­март Тоқаев 2050 жылдың «Жас сарбаз» қозғалысына қатысушыларға арналған «уақыт капсуласын» қалауға қатысты.
Қазақстан Президентіне қару-жарақ түрлері, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері техникаларының мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы далалық лагерьмен танысып, қатысушылардың жатын орнын көрді, әскери-патриоттық клубтардың тәр­биеленушілерімен әңгі­ме­лесті.

Жауап қалдыру