Асыл қасиет – Анадан

0
94

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Мерейлі мерекеге орай, «Қазақстан» орталық концерт залында «Көктем шуа­ғы» атты концерт басталды. Концерт алдында Қазақстан Президенті әйелдер қауымын мерекесімен құттықтады. «Ең алдымен баршаңызды көк­тем мерейін ала келген тамаша мереке – Халықаралық әйелдер күнімен шын жү­ректен құттықтаймын. Бұл күн асыл ананы, сүйікті жар­ды, қадірлі қарындасты мейі­рімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «Ұл туса – ұрпағым өседі, қыз туса ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Кең бай­тақ Ұлы даламызда есім­дері ел мақтанышына айналған ар­дақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әде­міліктің, көрегендік пен көр­кемдіктің, береке мен бірлік­тің символы болып табыла­ды», – деді Елбасы.
Президент сөзінде хал­қымыз «Даналардың өзі аналардан туады» деп бекер айтпағанын атап өтті. «Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениеті үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді әу баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қыздарына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Интернет дәуірінде сырттан ағылған ақпарат тасқынына біржола шектеу қойып жату мүмкін емес. Оның арасында жан дүниесіне жат сан түрлі мағ­лұматтар бар. Әрбір қазақ­тың қызында дәуірдің жақ­сысын бойына сіңіріп, жаманына ішкі сүзгі болуы керек», – деді Президет.
Мемлекет басшысы өз сө­зінде бүгінгі бойжеткен – ер­теңгі ана, ұрпақ тәр­биелеушісі екенін қыздары­мыз ұмытпаса екен деген тілегін білдірді. «Қазіргі қазақ­тың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Сондықтан, ар-намыс, адалдық пенен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік секілді асыл қасиеттер қазақ аруларының бойындағы ұлттық имунитет іспетті. Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған елміз. Бір заманда бабаларымыз «Әйел –ырысың, қыз –өрісің, келінің –тынысың» деген. Бүгін Сіздер ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі, біз Тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Саясаттың бәрін өзіміз шешіп жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жаулықты аналардан артық ешкім білмейді», –деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Президент Астана қаласының тұрғын­дары, көп балалы аналар қатарындағы Р.Аяғанова мен А.Түзелбаеваға «Алтын ал­қа» марапатын табыс етті.
­

Жауап қалдыру