Қаржы саласындағы қимыл ширай түспек

0
56

ҚР Қаржы вице-министрі
Руслан ДӘЛЕНОВ:

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қа­зақ­стан халқына Жолдауында ква­зимемлекеттік секторларды жекешелендіру міндеті жүк­тел­ген болатын. Жаһан­дық рейтингке сүйенсек, Қазақ­стан бизнесті жүргізуге ең қо­лай­лы жағ­дайы бар елдер қата­рын­да тұр және біз бұл үрдісті барынша қолдауымыз қажет деп ойлаймын.
Жекешелендіру салық салынатын базаның кеңейту, қосым­ша жұмыс орындарын құру және экономика салаларының тиім­ді қызмет етуінің артуы үл­гі­сін­де ұзақмерзім­ді ке­ле­шек­те­гі кері қайтарымды алу­ға ба­ғыт­талған. Жекеше­лен­ді­ру жұ­мыс­тары бәске­лес­тік орта құру, кәсіпорын қызмет нә­ти­жесін арттыру, кіші және орта кә­сіп­ті дамыту, экономиканы монополиясыздандыруға жәр­дем­десу, мемлекет бюдже­ті­нің шы­ғысын азайту және жеке инвестицияларды объектінің дамуына жұмылдыруды мақсат еткен. Бұл үрдіс мемлекеттің жеке тұл­ға­ларға, мемлекеттік емес заң­ды тұлғаларға заң­на­ма­мен бел­гі­ленген арнайы тәр­тіп­тер аясында мемлекеттік мү­лік­ті сатуды білдіреді. Демек, бұл ба­ғыт­та атқарылатын шаралар шаш етектен екенін байқау­ға болады.
Расында да жекешеленді­ру­дің бі­рінші толқынын біз­дер ой­да­ғы­дай аяқтадық. Орта жә­не шағын бизнес саласы барынша қарқынды дамыды. Жұрт­шы­лық арасында жұмыссыз­дық деңгейі барынша төмендеп келеді. Жыл санап шағын және орта бизнеспен айналыс­қы­сы келетін талапкерлер саны артуда. Үкімет тарапынан да олар­ға барынша қолдау жасалуда.
Осыған орай, жекеше­лен­ді­ру­дің 2014-2016 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспарына сәйкес же­кешелендірудің екін­ші тол­қы­ны 2014 жылғы шілде­де бас­тал­ған болатын. Нақты­лай айт­сақ, жекешелендірілген 160 нысанның 88-і қазіргі бірле­сіп иелік етушілерге 22,4 млрд. теңгеге, ал 39-ы жеке тұл­ға­лар­ға 1,2 млрд. теңгеге сатылды. Сонымен қатар, 32 нысан инвестор компанияларға 6,2 млрд. теңгеге сатылса, та­ғы бір нысан «KEGOK» АҚ-тың «Ха­лық­тық IPO» бағдар­ла­ма­сы бойынша 13,1 млрд. тең­геге ха­лықтың қалың тобына бұйыр­ды. Олардың жалпы сату сомасы 42,9 млрд. теңге­ні құ­ра­ды. Оның 730 млн. тең­ге­сі рес­публикалық бюджетке түсіп, сөй­тіп, жергілікті бюджет 745 млн. теңгеге толықты. Сондай-ақ, 2,9 млрд. теңге әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпора­ция­ға, ал 38,6 млрд. тең­ге­сі холдингтерге түсті, яғни түскен қаражаттардың 89 пайызы холдингтерге бұйырған. Жалпы сатылымнан түскен қаржының басым бөлігі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нысандарына тиесі­лі болды. Сатылымға шығар­ыл­ған нысандар ішінде ең қымбат болып тұрған «KEGOK» АҚ-ке тиесілі екендігін айта кеткім келеді. Нәтижесінде ол нысан ха­лықтық ІРО бағдарламасы аясында 13,1 млрд. теңгеге сатылды.
Сол сияқты, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ке тиесілі 5 ны­сан­ның бағасы да жоғары болды. Атап айтқанда, «Темір жол энерго» ЖШС 6 млрд. теңгеге, «Қамқор локоматив» ЖШС 5 млрд. теңгеге, «Қазақстан­ның вагон құрастыру зауыты» 3,5 млрд. теңгеге, «Көлік­тік сервис ор­та­лығы» 1,8 млрд. тең­геге, «Те­мір жол жөндеу» 1,7 млрд. тең­геге саудаланды. Жалпы, ұсы­ныл­ған әртүрлі са­ла­лар­дағы 160 нысанның арасында қыз­мет көрсету саласы алда келе жатқанын да баса көр­сет­кім келеді. ҚР Үкіметі бе­кіт­кен жекешелендірудің ке­шен­ді жоспарына сәйкес же­ке­ше­лен­ді­ру­дің екінші тол­қы­ны өт­кен жыл­дың шілде айында басталды. Жоспар бойынша 2014-2015 жыл­дар­ға 492 нысанды сату көз­дел­ген болатын. Жоғары­да айтып кетке­німдей 160 нысан сатылып үлгерді. 122 нысан­ды саудалау бағытында жұмыс­тар жүр­гі­зіп жатырмыз. Сонымен қатар 210 нысан бағаланады және ағым­да­ғы жылдың со­ңы­на дей­ін сатылымға шы­ға­ры­ла­ды деп отырмыз. Осы арада мына нәрсені ескерте кет­кім ке­леді. Мәселен, сатылған 160 ны­сан­ның 88-і бұрынғы ортақ ие­лік етушілердің біріне сатылса, 39-ын бұрын мұн­дай нысандарды иеленіп көр­ме­ген жаңа аза­мат­тарға 2,2 млрд теңгеге ұсы­ныл­ды. Қал­ған. 32 нысан 6,2 млрд теңгеге инвес­тор­лар­дың иелігіне бе­рілді. Бір нысан ІРО бағдарламасы бойынша көпшіліктің үле­сі­не көш­ті. Алдағы уақытта өзі­нің нақ­ты иелерін тапқан нысандар еліміздің экономика­лық қар­жылық дамуына өз үле­сін қосады. Хал­қы­мыз­дың тұр­мыс­тық-әлеумет­тік жағ­дайы­ның жақсара түсуіне оң ықпал етеді. Бір сөзбен айт­қан­да, Елбасымыздың бәрі­міз­дің алдымызға қойып отыр­ған елімізді дамыған отыз ел­дің қатарына енуінің басты факторларының бірі осы бол­мақ.
Ендігі сөз «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы аясында Ұлт­тық қор­дан бөлініп жатқан қара­жат туралы болмақ. Қаржы екі түр­лі форматта бөлініп, игері­ле­тін­дігін айтқым келеді. Бюджет ар­қы­лы және «Бәйтерек» хол­дин­гіне облигациялық қа­рыз беру арқылы қаржылан­ды­ру бел­гі­ленген. Жалпы «Нұр­лы жол» бағ­дар­ла­масы аясында Ұлт­тық қор­дан 2015 жылға 686 млрд. тенге қарас­ты­рыл­ған. Ин­фра­құ­ры­лым­дық жоба­лар­ға 207,8 млрд теңге, тұр­ғын-үй – комму­нал­ды шаруа­шы­лық­қа жә­не тұр­ғын үй құры­лы­сы­на 39,2 млрд теңге бағыт­тал­са, аг­ро­өн­ді­ріс кешеніне 20 млрд тең­ге, мектептер құрылысына – 17,3 млрд теңге, «Балапан» бағ­дар­ла­ма­сын қолдауға – 12,7 млрд тең­ге қарастырылған.
Сондай-ақ, бірнеше жо­ғар­ы оқу орындары мен инсти­тут­та­рының материалдық-техни­ка­лық базасын жасақтау үшін 8 млрд тең­ге және геологиялық барлау үшін 6 млрд теңге бө­лін­ді. Ал­да­ғы жылдарға қа­рас­ты­рылатын қаржының көле­мі осы көр­сет­кіш­тен төмен болмайды деп жоспарлап отырмыз.
Түйіндей айтқанда, Елба­сы­ның Жолдауында көрсетіл­ген мін­деттерді жүзеге асыру ба­ғы­тында еліміздің қаржы са­ла­сын­дағы жұмыстарымызды ширата түсіп, жүзеге асырылып жат­қан же­кешелендірудің 2014–2016 жыл­дар­ға арналған кешен­ді жоспарын жүзеге асыру бойынша белсенді еңбек ете беретін боламыз.

Жауап қалдыру