Архивтерді Қазақстанға әкелуде неге назар аудару керек?

0
128

Сенаттың 31 қаңтарда өткен кезекті отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. «Архив-2025» бағдар­ламасы аясында ескерілуі тиіс мәселелер көтерілген депутаттық сауал мәтіні төменде ұсынылған.
Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін үкіметке «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды тапсырған болатын.
Осы бағдарлама орындалу бары­сын­да мынадай мәселелер ескерілсе дейміз. Шетелдегі архивтердің кө­шір­мелерін Қазақ­станға әкелудің қамын жасауда басты назарда ұстайтын елдің бірі – Қытай. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақ­талған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде Сақтардан, Ғұндардан, Үйсін­дер­ден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол.
Атап айтқанда, Пекиндегі гугүн мұражайында, сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хут-Хот), Шинжияңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты қаншама деректер жатыр. Қытайды айтсақ, көбіміздің көз алдымызға тарихи жазбалар елестейді. Алайда Қытайдағы жартас суреттеріндегі, мәңгітастардағы, көне ескерткіш, көне қорымдардағы қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты зерттелмей жатқан тақырыптар аз емес. Үйсін қабірлерінің дені және ең үлкендері Шинжияңдағы Іле өңірінде жатыр.
Император Таң тай-цзун ескерт­к­шінің жанындағы түркілерге қатысты мүсін, балбалтастарға біз әлі толық назар аударғанымыз жоқ. Бесінші ға­сырда ғұндар құрған мемлекет – Шия патшалығына қатысты дерек­терді зерттеп, олар не үшін Чаңән (Чанъань) қаласын астана жасады, не үшін Чаңәнда жылқының мүсінін орнатады? «Аттың ғұнды тарпуы» деген мүсінге арқау болған идеяның тарихи астары не? – деген мәселелерге ұлттық та­ри­хымыз тұрғысынан толық үңіле ал­ма­дық.
XVIII-XIX ғасырдағы Цин патша­лы­ғының мұрағаттарындағы қазақ та­рихына қатысты жазба деректер өте мол. Тек Қытайдағы бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақ тари­хына қатысты құжаттардың жалпы са­ны 7 мыңнан асады. Қазірге дейін со­ның үштен бірі ғана жарық көрді деуге бо­лады.
Цин династиясы кезіндегі архив­тердің көбі алдымен мәнжур тілін­де жазылып, кейін Қытай тіліне ау­дарыл­ған. Қытайдағы архивтерді ақ­та­руда тек қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше қытай тілін, көне қы­тай жазуын жетік білуімен қатар, мән­жур тілін білетін маман ауадай қажет. Жаңа қытай жазуымен ауда­рыл­ған архивтерді Қытай өз мүде­сіне бейімдеп аударып жібереді. Сон­дық­тан түп нұсқаны қарау керек.
Қытайдағы тарихи деректерді сұ­рып­тауда, мына бір түйінді мәсе­лелерге баса назар аударылса:
Біріншіден, Қазақстандағы және Қытайдағы тарихтан хабары бар, қытай, мәнжур тілдерін жетік білетін мамандарды ұйымдастырып, олар­дың Қазақстан тарихшыларымен тізе қоса жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек. Бұлардың арасында тіл мамандары, мәдениет зерттеушілері, археологтар болса, тіпті құба құп.
Екіншіден, Қазақстанға Қытай ар­хив­теріндегі деректердің ішінарасы орысшадан аударып алу жолымен жетті. Алайда, Ресей зерттеушілері Қытай архивтеріндегі қазақ ру, тай­па­ларының атын өз білгендерінше оқып, өз тілінің фонетикалық заңды­лықтарына бейімдеп жазды. Оны кейін қазақ тіліне аударғанда, көбінің өңі өзгеріп, атаулар әртүрлі алынып кетті. Міне, осы қателіктерді түзету және ежелгі этностардың атын, кісі есімдерін дұрыс алу үшін тарихи жазбалардағы иероглифті ерте замандағы фоне­тикасына қайтарып, қазақ тіліне қайта аударуды ойластырған жөн. Аудару барысында қазақ тілінің фонетикалық өзгерістерін ескеруді де назардан қағыс қалдырмаған дұрыс.
Үшіншіден, «Қытай тарихнама­ларын­дағы қазаққа қатысты дерек­тер», «26 тарих» сияқты Қытай қазақ­тары аударған немесе Қазақстанда аударылып, айналым­ға түскен де­ректер Қытай тарихна­ма­ларындағы де­ректердің азғантай бөлігі ғана. Ал бейресми тарихнамалардағы, орда­ның құпия шежірелеріндегі деректер тіптен көп. Олар боямасыздығымен, шы­найлығымен құнды. Сонымен қа­тар, бұл жазбаларда тілімізге қатыс­ты деректер де аз емес.
Төртіншіден, Қытайдағы жазба де­ректерге ғана сүйеніп қалмай, көне қорымдарға, қабірлерге, мәңгі тастарға, тарихи ескертіштерге, тіпті жер аттарына дейін зерттеу жүргізіп, олардың жазбаша дерегін, фотосурет, бейнебаянын бірге жинақтау керек. Бұл Жерде үкіметаралық келісім жасап, Қытай-Қазақстан археологтары бірлескен ғылыми зерттеу экспе­дициясы ұйымдастырылса және Үйсін қабірлері сияқты тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бесіншіден, Қытайдағы архивтерге, тарихи жәдігерлерге үңілгенде көне дәуірге байланысты деректерді Шиәннән (сиань), ал орта ғасырдан бергі деректерді Пекиннен іздеген дұрыс. Тұрфан, Дуньхуан өңірлеріндегі мың үйлерден Ұлыбританияға әкетілген тарихи мұраларды да Қытай тарихындағы деректердің бір бөлігі ретінде зерттеуді де қарастыру керек.
Тарихымызды түгендеуге зор мүм­кіндік туды. Осы мүмкіндікті ұтым­ды пайдалана отырып алыс-жа­қын ел­дердегі мұрағаттарға іргелі зерт­теулер жүргізіп, тарихымыздың асыл қа­зы­на­ларын қазақ жеріне әкелу, ке­лер ұрпақ алдындағы парызымыз деп білеміз.

М. БАҚТИЯРҰЛЫ
Д. НӨКЕТАЕВА
Н. ТӨРЕҒАЛИЕВ

Жауап қалдыру