Қарулы Күштер әлеуеті әрқашан назарда

0
111

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 мамыр күні V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы рә­сімге қатысушыларға ар­­нал­ған сөзінде «KADEX-2018» көрмесі аясында «Қазақ­стандағы ға­рыш күндері» атты халық­аралық форум­ның өтуі биылғы шараның басты ерекшелігі екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті «KADEX-2018» көрмесінің қа­ру-жарақ пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әлемдік маңызы бар жиынға айнал­ғанын айтты.
– Көрмеге әлемнің 28 елінен 318 компания қатысып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешені және ғарыш саласындағы соңғы жетістіктермен таныса алады. Бұл жолы электрондық жүйе мен байланыс және қару-жарақты басқару жүйесін дамытуға айрықша мән берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанның тату көршілік пен ынты­мақ­тас­тықты ны­ғайтуға бағыт­талған бейбіт саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Қорғаныс саласы мен Қару­лы Күштердің әле­уетін дамыту – мемлекет басымдықтарының бірі. Орталық Азия бойынша бірегей саналатын «KADEX» халық­аралық көрмесі бұл басымдықтарды іске асы­рудың тиімді құралы болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елі­міздің қорғаныс өнер­кә­сібі кешенін дамыту үшін халықаралық көрмені өткізудің тиімділігіне тоқ­талды.
– Биыл көрмеге әлемнің 40 елінен ресми делегациялар мен шетелдік 108 компания басшылары келді. Қол қойылатын іскерлік келісімдер мен шарттар отандық және шетелдік қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары арасындағы халықаралық кооперация мен серіктестікті дамытуға септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, бұл инвестиция тартып, жалпы Қазақстан экономикасының экспорттық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттігін арт­тыруға ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Көрменің ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін Елбасы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының, Ресей мен Қытайдың павильондарын аралап көрді.
Дастан ҚАДЫР,
«P&H»

Жауап қалдыру