Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі

0
158

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамыр күні Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты. Елба­сы «Отар» 40-шы әскери базасына келгеннен кейін оған парад қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екендігі жөнінде баяндады.
Қазақстан Президенті ар­да­гер­лерге, сарбаздар мен офицерлерге арналған сө­зінде Қарулы Күштер қауіп­сіздігіміздің басты кепілі, Ота­нымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тіре­гі болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұ­ра­пыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабалары­мыз­дың жауынгерлік ерлік­тері мен даңқын жалғас­тыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Бұл орайда Қазақстан әскері тәуел­сіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіп­сіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып жатыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып келеді.

Елбасы мемлекет тарапынан ар­миямызға мейлінше қолдау көр­сетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.
– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіп­сіз­дікке төнетін жаңа сын-қатер­лерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қор­ғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бө­лімдер бүгін табыс етілген жауын­герлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Аумақтық қорғаныс бригада­ларының жауынгерлік туларын об­лыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отрядының, сондай-ақ аумақтық әскерлердің әскери қызметшілерінің шеруге қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және «Прима» дүркіндетіп отшашу зы­мыран жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашқыш зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көр­се­­тілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскер­лері зымыран атып, бомба лақ­тырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күш­терінің майдандық және әскери авиа­циясының ұшақтары мен тікұ­шақтары аспанда әуе шайқасын көрсетті. «Жетісу Барысы» ұш­қыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.
Әскери парадқа 3 мыңға жуық жауынгер қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ, 40 ұшу аппараты жұмылдырылды.
Соңында Мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ далалық жердегі ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату сәтіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың бәріне алғыс білдірді.
– Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейім­делгендеріңізді нақты көр­сетті. Парад Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін. Бар­шаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні­мен құттықтаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жауап қалдыру