Даму тетігі – «қарапайым заттар экономикасында»

0
154

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен 9 шілдедегі Үкімет отырысында халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыру бойынша міндеттерді орындау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өңірлерінде жұмыс сапарлары кезінде экономиканы әртараптандыру бойынша берілген тапсырмаларын іске асыру аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері қаралды.
Жеңілдікпен несиеленді­руді жүзеге асыру Бағ­дар­­ламасын іске асыру бо­йынша жобалық кеңсе жұ­­мысы, «қарапайым заттар экономикасы» тауар­ларын сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша ша­ралар туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек, «Атамекен» ҚР ҰКП тө­рағасы А. Мырзахметов баян­­дады. Нұр-Сұлтан қа­ласы­ның әкімі А. Көлгінов пен Атырау об­лысының әкі­мі Н. Ноғаев тың­далды.
Мінберден сөз алған Пре­мьер-Министрдің орынба­сары Ж. Қасымбек «қа­ра­па­йым заттар эконо­ми­касы» салаларын дамыту жо­балау кеңсесінің жұмысы және жеңілдетілген несие­­лендіру бағдарламасы ту­ралы баяндады. 4 шілдедегі жағдай бойынша, Жобалау кеңсесінің жұмысында 1 трлн теңгеден асатын сомаға 1500-ге жуық жоба бар, бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30% -ын құрайды. Оның ішінде 41 млрд теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданған, ал 280 млрд теңгеден астам сомаға 166 жоба банктерде қаралу үстінде.
Бағдарламаны тиімді іс­ке асыруға кепілдік база­сының жетіспеушілігіне кепіл­дікті қамтамасыз ету, айналым қаражатын қаржылан­ды­руды ұлғайту және несие­лен­діруге арналған жаңа өнім­дерді (құс еті, мақта тал­шықтары) енгізуді көз­дейтін бірінші түзетулер ық­палын тигізді.
Атап айтқанда, тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны 2 есеге артты.
Негізгі несиеленген жобалар тамақ, қызметтер, агроөнеркәсіп кешені және жеңіл өнеркәсіп салалары болды.
Мақұлданған 92 жобаның 29 – жаңа өндірістерді құруды, 63 – қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді.
«Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін 6,6 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Ж. Қасымбек.
Бизнестің Бағдарламаға жаппай қатысуын қамтама­сыз ету үшін барлық 17 облыста Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсету орталық­тарының негізінде несие бойынша кеңес беру қызметі құрылды, сондай-ақ жер­гілікті жобалау кеңселерінің құрамына тең төрағалары ретінде облыс әкімдердің орынбасарлары кірді.
Үкіметтің түзетулердің екінші пакеті бойынша қау­лысы 28 маусымда қабыл­дан­ды.
«Осы қаулыны қабылдау 162 млрд теңге сомаға 440-ға жуық бизнес-жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды жүзеге асырудан 5 мыңнан ас­там жұмыс орнын құру және  табыс төлемдерінен түсімдерді 3,5 млрд теңге сомасына ұлғайту күтіліп отыр», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Жобалау кеңсесі негізінде өңірлер, бизнес және банктер белсенді қолдау көрсеткен тиісті ұсыныстар әзірленді. Олардың қатарында – агроөнеркәсіптік кешен жо­баларын іске асыру үшін айналым капита­лын несие­лендіру субсидия­сының көлемін ұлғайту бар, бұл сомасы 12 млрд теңгені құ­райтын 87 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал «Атамекен» ҰКП бас­қарма төрағасы А. Мыр­зах­метов өз кезегінде «қара­­пайым заттар эконо­микасы» тауарларын мем­лекеттік с­атып алулар кезінде отандық тауар өн­діру­шілерді қолдау шара­лары туралы айтып берді. Ол биыл барлық өңірлерде «қа­рапайым заттар эконо­микасы» тауарлары мен қыз­меттерін сатып алулар­да жергілікті қамту үлесі 20%-ға артатынын айтты.
«Барлық облыстарда әкім­дердің орынбасарлары­­ның төрағалығымен жер­гілікті қамтуды бақылау жө­ніндегі Ко­миссия құ­рылды. Апта сайын осы ко­мис­­сиялар отырыстары өтеді», – деп нақтылады А. Мыр­зах­­­метов.
Тағы бір қолдау шарасы – индустриялық сертификат иегерлері арасында ал­дын-ала біліктілік іріктеуі тәсілімен жеңіл және жиһаз өнеркәсібі тауарларын са­тып алу белгіленген.
Баяндамалардан соң сөз алған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Қарапайым заттар экономикасын» да­мыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, ша­ғын және орта бизнесті да­мыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешеміз. Мұның бәрі жалпы мемлекетіміздің экономи­касына оң әсерін тигізеді», – деді.
Жобалық кеңсе жұмы­сында «қарапайым заттар экономикасының» 1 трлн тең­геден астам сомаға 1500-ден астам жобасы бар.
«Қарапайым заттар эконо­микасы» жобалары бойын­ша бизнестің жо­ғары белсенділігі Ақмола, Маң­ғыстау, Павлодар, Қы­зылорда облыс­тарында бай­қалып отыр. Өз кезе­гінде, Атырау, Қос­танай, Батыс Қазақстан облыс­тары, Нұр-Сұлтан қа­ласының әкімдеріне ха­лық тұтынатын тауарлар өнді­рісін ұлғайту бойынша жұ­мыс­­­тарды күшейту, оның ішін­де шығарылатын өнім кө­лемі мен құнына баса назар аудару тапсырылды.
ҚР Үкіметінің басшысы бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере оты­рып, «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті қар­жыландыру шарттары өз­гер­тілгенін айтты. Атап айт­қанда, пайыздық мөл­шер­лемесі 6%-ға дейін төмен­детілді, қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді, шыға­ры­латын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабыл­дан­ған шаралар бірша­ма ком­панияларға жеңіл­дікті қар­жыландыру мүмкін­дігін бе­реді.
Осы жұмыстарды одан әрі белсендіру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің жо­баларының айналым қа­ражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Бұдан басқа, орталық және жергілікті атқарушы органдар, басқарушы хол­дингтерге «қарапайым заттар экономикасының» са­тып алынатын отандық тауарлары мен қызмет­терінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Қарапайым заттар эко­номикасын» дамыту бағ­дарламасы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің ма­ңызды құралы, – деп атап өтті Асқар Мамин. – Жоба­лардың бәрі өңірлерде іске асырылады. Әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуі керек», – деді.

Жауап қалдыру