Алакөл демалушылар ең көп баратын жерге айналуы керек

0
121

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9-10 мамыр күндері Алматы облысында жұмыс сапарымен болды. Елбасы Алматы облысының Үшарал қаласына келгеннен кейін жаңа әуе­жайдың жұмысымен танысып, облыстың шағын авиация саласын дамыту перспективалары жө­нінде мәлімет алды.
Мемлекет басшысы Ала­көл ауданының Ақ­ши кен­тіндегі темір жол вок­залының жаңа ғимара­тын аралап көр­ген соң, еліміздің туризм саласын және көлік-логистика инфра­құрылымын дамыту мәсе­лелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиын барысында өңір бас­шысы Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы облысындағы туризм­нің даму барысы жөнінде баяндады.

– Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсті. 2018 жылы мұны 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты, – деді Алматы облысының әкімі.
Инвестициялар және да­му министрі Жеңіс Қасым­бек «Нұрлы жол» инфра­құрылымды дамыту­дың мем­лекеттік бағдарлама­сының жер­гілікті және респуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдарын са­луға қатысты бө­лігінің іске асырылу барысы жөнін­де баяндады.
– 2017 жылы респуб­лика­лық маңызы бар 4 мың ша­қырымнан астам автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Со­ның ішінде 603 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы, 2022 жылға дейін 24 мың шақырым жолдың бәрі бір қалыпқа келеді деген ойдамыз, – деді Инвестициялар және даму министрі.

Сондай-ақ, кеңесте «Қа­зақ­­стан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Мемлекет басшысына 2020 жылға дейінгі Алакөл демалыс аймағындағы кө­ліктің қолжетімділік картасын таныстырып, транзиттік тасымалдау ісін дамыту стра­тегиясының жүзеге асырылуы барысы жөнінде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев ке­ңестің және туристік кластер нысандарын аралау­дың қо­рытындысы бойынша орта­лық мемлекеттік және жергілікті ақтарушы орган­дар­ға Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
– Алакөл Қазақстан бо­йын­ша демалушылар ең көп баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасқандығымен ерек­шеленіп, барлық өңір­дің тұрғын­дары үшін қол­жетімді болып отыр. Көл­дің кереметтігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сіл­ті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осы­ған бай­ланысты Алакөл елі­міз­дің туризм саласы үшін өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы 10 мамырда өңірге сапарының қоры­тын­дысы бо­йынша БАҚ өкілдеріне сұқ­бат берді.

Облыста Президенттің осы­дан 3 жыл бұрын берген тап­­сырмалары орындалып жатыр. Жетісу өңірінде қант қы­зылшасы, жүгері және соя өндірісі төмендеп кеткен болатын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өңірде қант өндірісі қайта жанданды. Мәселен былтыр Алматы облысы 9 мың гектарға тәтті түбір егіп, 350 мың тоннаға жуық өнім жинап, 32 мың тоннадан астам таза қант шығарған болатын. Ал биыл егістік алқап көлемін 11 мың гектар жерге жеткізуді жоспарлап отыр. Шекаралық аймақтың әлеуетін арттыру үшін біріктірілген аудандар қайта құрыла бастады. Жалпы алғанда мұның бәрі облыс экономикасының қарқынды дамуының белгісі. Елбасы Алматы облысы өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері келе жатқанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар Елбасы Алматы облысының 4 ауданы өңір экономикасының 70 пайызын қамтып отырғанын атап өтіп, басқа аудандардың да дамуына көңіл аудару керек­тігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев сапар соңында облыс әкімі Амандық Баталовтың соңғы 3 жылдағы жұмысына оң баға берді. Ендігі міндет – өңірдің туристік әлеуетін көтеру. Бюджет қаржысына тәуелді болып отырған аудандарда орта және шағын бизнесті дамыту.

Самал ҚАБЫШЕВА,
«ҚазАқпарат»

Жауап қалдыру