Адамдардың денсаулығы – мемлекетіміздің басты байлығы

0
210

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Ақтөбе облысын­да жұмыс сапарымен болды. Қ.Тоқаев сапары жылына 3 мың тонна көкөніс өсіретін «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-нің жылыжай кеше­нін аралаудан басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіп­орын­­ның шығаратын өнімдерін көр­ді және жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін осындай инвестициялық жобаларды іске қосудың маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті мұнан соң Ақтөбе қа­ла­сының Индустриялды айма­ғының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына кера­мо­гра­нит пен керамикалық плиткалар шы­ғаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытының құры­лысы жөнінде мәлімет берілді. Атал­ған инвестициялық жобаның жал­пы құны 9,2 миллиард теңге.
Қазақстан Президентіне Индус­триял­­дық-инновация­лық даму мем­­­­ле­кеттік бағдарлама­сының жү­зе­ге асырылуы, өнеркәсіптің жаң­­ғыр­­­­тылуы, шағын және орта бизнес­тің да­муы туралы баяндалды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев­қа об­лыс­тағы ірі өндіріс ны­сан­дары, соның ішінде мұнай өн­діретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ак­ционер­лік қоғамының және жел электрі станциясының құрылысы­мен айналысатын «ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшыларына арналған сөзінде ең­беккерлердің жалақысын жыл сайын өсіру және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердегі Қазақстанның үлесін арт­тыру қажеттігін айтты. Мемле­кет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі кәсіпорындардың айналасында белдеу құрудың ма­ңыздылығын атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті облыс басшылығына өңірге инвес­тиция тарту бойынша кешенді шара қабылдауды тапсырды.
Қазақстан Президентінің сапары Ақтөбедегі «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында жалғасты.
Мемлекет басшысына Қазақс­тан металлургиясы көшбасшы­ла­рының бірі саналатын зауыттың технологиялық үдерісі мен өн­дірістік көрсеткіштері көрсетілді.
Қазақстан Президентіне «халық бақылауы» жобасы таныстырылды. Бастама аясында мүмкіндігі шектеулі жандар өндіріс орнында қауіпсіздік техникасың сақталуы мен еңбектің қорғалуын қамтамасыз етуге атсалысады.
Мемлекет басшысы жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, оның іске асырылу нәтижелерін жоғары бағалады, сондай-ақ, бұл тәжірибені кеңінен қолдануды тапсырды.
– Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені, өндірісте жарақат алып қалу қауіпі жоғары болғандықтан, бұндай жұмыс өте пайдалы және қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қызықтыратын жобаның маңызы зор. Баршаңызға денсаулық, бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы дәрі­герлік-санитарлық көмек практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжі­рибелік конференциясына қа­тыс­ты.
– Адамдардың денсаулығы мем­лекетіміздің басты байлығы, жетістіктеріміздің белгілі кепілі. Елбасы тапсырмасымен негізі қаланған Ақтөбе медицина орталығы отандық медицинаның әлеуетін арттыруға айрықша үлес қосып отыр. Бүгінде нейрохирургия, балалар кардиологиясы, трансплантология және басқа да медициналық қызмет түрлері осы орталықта көрсетіледі. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына бармай, шетелге шықпай өңір тұрғындары осы жерде ауруына шипа тауып отыр. Барлық облыс осындай деңгейге ұмтылуы қажет. Бұған қажетті мүмкіндік бар. Жалпы облыста денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жұмыс атқарылған, бірқатар жетістіктер бар. Оны атап өту қажет. Сондықтан бүгінгі халықаралық форумның осы жерде өтуі кездейсоқ емес, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сапар соңында Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті.

Жауап қалдыру