18 кездесу – $67 млрд!

0
123

ҚР Президентінің Қытай Халық Республикасына сапары

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 маусымда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Сапар барысында кеше Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құранда кезесу өтті. Ары қарай Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен, Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысының Тұрақты комитетінің Төрағасы Ли Чжаньшумен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізу, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың іскер топтар өкілдерімен жүздесу және бірқатар екіжақты құжаттарға бірлесе қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қытайға мемлекеттік сапары аясында Елбасы 10 маусым күні Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысады деп күтілуде.

Кеше, 7 маусымда Қазақ­стан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Қытайға мемлекеттік сапармен келген Елбасыға оң рай танытылды: «Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап жоғары деңгейдегі байланыстар орнап, саяси өзара сенім нығая түсуде. Сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» жобасын жүзеге асырудағы ынтымақтастық та тиімді жүзеге асырылып, халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл да жанданып отыр», – деді кездесу барысында Си Цзиньпин. Ол Қазақстан мен Қытай жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты жан­дандыруға баса назар ауда­ратындығын атап өтті. «Қазақстан – біздің маңызды көршіміз, сондай-ақ ықпалды өңірлік держава. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз достас көршілер арасындағы қатынастың үлгісіне айналып отыр. Біз Қазақстанмен адамзаттың ортақ тағдырын құру жолында алға қарай бірге ілгерілеуге дайынбыз», – деді ҚХР Төрағасы.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Достық пейілмен қабылдап жатқан Қытай тарапына ризашылығын білдірді. «Осы мүмкіншілікті пайдаланып, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының наурыздағы сессиясында жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Коммунистік партиясының 19 съезін табысты өткізуіңізбен тағы бір мәрте құттықтағым келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз барлығын да ынтымақтастыққа шабыттандырады. 2012 жылдан бастап сізбен 18-рет кездесіп отыр екенмін. Бұл жоғары деңгейдегі кездесулердің оң динамикасын көрсетіп, басқа да ынтымақтастыққа серпін береді. Осы жылдардың ішінде жалпы сомасы 67 млрд долларға екіжақты коммерциялық 127 құжатқа қол қойылды. Қазақстан халқының 18 миллион адам екендігін ескерсек, бұл оның экономикасына өте үлкен қолдау болды. Тәуелсіздік жылдары ішінде мұндай көмекті басқа елдерден алып көргеніміз жоқ», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің екі елдің арасындағы қарым-қатынастың достық, тең құқылық, егемендік пен аймақтық тұтастыққа өзара құрмет рухында өрбуіне үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында 10 маусым күні Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.

Бет қатталып жатқанда:
Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірнеше мәселе бойынша келісімдерге келді. Атап айтқанда, Бақыт Сұлтанов ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Ни Юэфэнмен ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы ядролық материалдар, радиоактивті материалдар, радиоактивті қалдықтар мен радиоактивті-қауіпті заттардың заңсыз орын ауыстыруын болдырмау үшін өзара іс-қимыл жөніндегі келісімге, Халықаралық даму және ынтымақтастық агенттігінің төрағасы Ван Сяотаомен ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы жеңілдікпен кредит беру туралы жақтаулық келісімге және т.б. қол қойды.
Ал Жеңіс Қасымбек Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Хэ Лифэемен екі ведомство арасындағы өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы қытайлық-қазақстандық жоспарды бірлесіп әзірлеу жөніндегі, индустрияландыру, инвестиция және оларды қалыптастыру тетіктері саласындағы бірлескен жобалар тізбесін бекіту жөніндегі өзара түсіністік меморандумдарын бекітті.
Өмірзақ Шөкеев Бас кеден басқармасының басшысы Ни Юэфэнмен Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі, жоңышқа тұқымы экспортына санитарлық және фитосанитарлық талаптар хаттамаларына қол қойды.

Жауап қалдыру