Жылдың үздік спортшысы – Геннадий ГОЛОВКИН

0
124

Геннадий Головкин – WBA, IBF, IBO, тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC-дің уақытша чемпионы. Жерлесіміз кәсіпқой бокс рингінде 34 рет кездесу өткізіп, оның барлығында қарсыласынан басып түсті. Сондай-ақ қатарынан тоқтаусыз 21 жекпе-жек бойы қарсыластарын мерзімінен бұрын шаршы алаңынан киіну бөлмесіне аттандырып, үздіксіз нокауттар сериясы жөнінен аңызға айналған «Темір Тайсонның» өзін шаң қаптырып кетті.
Өтіп бара жатқан қой жылы да Головкиннің оң жаңбасына келді. 2015 жылы үш рет шаршы алаңына шығып, өзінің чемпиондық атақтарын қорғап әрі жаңа белестерді де бағындырды.
Америкалық International Business Times басылымы жариялаған кәсіп­қой бокста жүрген үздік қолғап түйіс­тірушілердің рейтингінде де біздің жерлесіміз Геннадий Головкин (72,5 кг дейін) көш бастады.
2015 жылдың 21-ақпанында Монте-Карлода Геннадий Головкин британдық Мартин Мюрреймен қолғап түйістірді. Аталмыш жекпе-жек жерлесіміздің карьерасындағы ең ұзақ кездесу болды. 11 раундқа созылған текетіресте жерлесіміздің мерейі үстем болып, Мюррей техникалық нокаутпен жеңіліс тапты.
Осы жылдың 16-мамырында амери­калық кіші Вилли Монромен шаршы алаңға шығып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. 6-шы раундта есеңіреп қалған америкалық боксер қанша табандылық таныт­қанымен, оның алдында алған үш бірдей нокдауннан кейін бойынан қауқары кетіп, кездесуді жалғас­тырудан бас тартты.
Монромен өткен кездесуден кейін, Головкиннің командасы ақылы телевизия нарығында дебютты жекпе-жек өткізу жолдарын қарастырады. Ұзаққа созылған іздеу әрекеттері мен келіссөздерден кейін орта салмақтағы әлем чемпионы канадалық Давид Ламьемен жекпе-жек өткізу бекітілді. Бұл жерлесіміз үшін HBO PPV-да өткен алғашқы кездесу болды. 2015 жылдың 17-қазанына жоспарланған кездесу төңірегінде пікірлер саналуан.
Қазанның 17-жұлдызында, әлем назары жекпе-жек өтетін «Madison Square Garden» алаңына ауды. Алғашқы раундтардан-ақ сөзге шебер Лемьенің шама-шарқы біліне бастады. 4-раундта бүйірінен оңбай соққы алған канадалық боксшы аяғында зорға тұрды. 7-раунда бет-аузы қанға боялған Лемье, намысқа тырысып, әупірімдеп жүріп, раундаралық үзіліске жетті. Алайда үзіліс оған еш көмек болмай, 8-раундта жерлесіміздің құлаштап жұмсаған соққыларынан оңбай таяқ жеді. Жекпе-жекті ары қарай жалғастыра берсе, дәрменсіз Лемьенің аурухана төсегінен бірақ шығатынын түсінген ортадағы қазы, кездесуді тоқтатып, жерлесіміздің қолын көтерді.
«Жығылған жұдырыққа тоймас» дегендей, «тағы да Головкинмен қолғап түйістірсем міндетті түрде жеңемін», – деп Лемье да қоймайды. Алайда араға бірнеше күн салып канадалықтың бас бапкері кездесу жайлы ойын білдіргенде, Головкиннің шын мықты екендігін мойындап, тәлімгеріне әр раундтық үзілісте түрлі тактика жолдарын құлағына құйып отырғандығын, алайда Головкиннің оның барлығының қайта-қайта тас-талқанын шығарғандығын айтып, ағынан жарылды.
Жерлесіміз жұбайы Алинамен бірге Вадим атты ұлды тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, ол отбасы мен отанын қатты сүйеді, барын сала тер төгуі де сондықтан. Сондай-ақ сұхбаттарының бірінде, отанынан қанша жырақта жүрсе де азаматтығын ешқашан ауыстырмайтындығын айтқан.

Жауап қалдыру