«Жылдың үздік әншісі» – Ләлә (Мөлдір) Бақытнұрқызы

0
128

Ләлә (Мөлдір) Бақытнұрқызы эстрада мен опералық өнерді қатар ұштастыра алып келе жатқан әнші. 2015 жылы әнші гастрольдік сапарлары мен бейнебаяндары арқылы көрермені мен тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді. Өзінің таңғажайып дауысымен, бишілік қабі­ле­тімен әріптестері арасында оқ бойы озып тұр. Ол бүгінде қазақ өнері­нің шынайы жарық жұлдыз­дарының бірі.
Ләләнің азан шақырылып қойыл­ған шын аты – Мөлдір. Ол 1990 жылы 15-қаңтарда Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген. Әкесі Бақытнұр Ораза­­қынұлы – танымал әнші, композитор. Екі жүзден аса ән жазған, соның бірқа­­тарын Ләләнің өзі орындап жүр. Анасы Ақиқат Дәулеткелдіқызы да өнерлі жан – биші, хореограф. Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген Ләлә да өнер жолын таңдады. Бүгінде Күләш Байсейітова сынды қазақтың алғашқы бұлбұлы атанған апаларының ізін жалғап жүр.
Қытай елінде жүргенде 2002 жылы жасөспірімдер арасындағы байқауда музыкасын әкесі, биін анасы қойған «Сахараның кішкентай гүлімін» деген биді орындап, Гран-при жүлдегері атанған. 2004 жылы мемлекеттік «Бұ­қаралық жұлдыз» байқауында 1-орын алды. 2005 жылы халықаралық ән жарысында тағы да 1-орынды иеленді. Би аталымында 1-орын, домбырамен күйшілік өнерде 2-орын жүлдегері атанды. Ләлә жас кезінен өзі әнші, өзі биші, өзі күйші ретінде көрінді. Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болып қалыптасты.
2008 жылы отбасымен Қытайдан атамекенге қоныс аударды. Дәл сол жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының театр факультетіне оқуға (грантқа) түсіп, оқуды үздік аяқтайды. Академияда Есбек Рамазанұлы, Торғын Әбиболла сияқты ұстаздардан тәлім алды. Шынайы өнер шыңының биіктеріне қанат қақты. Елге келген сегіз жылдың ішінде Ләлә талай байқаулардың жүлдегері атанды. 2010 жылғы «Шабыт» фести­валінің лауреаты, 2012 жылғы респуб­ликалық опера фестивалінің лауреаты болды. Осындай көптеген байқауларда топ жарды.
«Өнерлілер отбасында дүниеге келгенмін. Әкем – сазгер, әнші, анам – Қытайға танымал биші. Ата-анам мені үш жасымнан бастап өнерге бейімдей бастады. Фортепиано, ән, би, домбыраны үйретті. Ал, сахнаға 12 жасымнан шықтым. Менің жаныма ән мен би екі бағыт та жақын. Ыңғайы келсе, сахнада екеуін де орындап бергім келіп тұрады», – дейді өнерлі қыз.
Ән, би және домбырашылық өнер­ді қатар меңгерген Ләлә алдағы уа­қыт­та күйші інісімен дуэт құрып, Қазақстанның барлық аймақтарында шығар­машылық кеш өткізуді жоспарлап отыр.
«Бибігүл Төлегенова апайымды бала кезімнен үлгі тұтып келемін. Ол кісінің «Бұлбұл» әніне сол кезден ға­шықпын. «Есейгенде бұл әнді мен де айтамын», – деген арманым болатын. Бүгінде сол арманға қол жеткендей. Арманым – дүниенің сахнасында қазақ­тың әнін, биін, ұлттық киімін насихаттау», – дейді ол.
Ләлә Бақытнұрқызы опера мен эстра­да­лық жанрды әдемі үйлестіре отырып, құдай берген туабітті талантымен өнер сүйген қауымға қызмет ете бермек.
Әншінің даусын тыңдап көрем де­се­ңіз мына электрондық мекеннен таба­сыз: http://portasound.ru/music-search/%D0%9B%D3%99%D0%BB%D3%99_%D0%91%D0%B0%D2%9B%D1%8B%D1%82%D0%BD%D2%B1%D1%80%D2%9B%D1%8B%D0%B7%D1%8B_music01.html

Жауап қалдыру