ӨЗГЕРІС ИГІЛІККЕ БАСТАҒАЙ!

0
156

Сонымен елімізде үлкен саяси оқиға орын алды. Қазақстанды іс жүзінде 1989 жылдан бері отыз жыл бойы басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурыз күні өз еркімен доғарысқа кететінін мәлімдеді. Бірқатар жұртқа бұл күтпеген оқиға сияқты көрінгенімен іс жүзінде алдын ала ойластырылған саяси ұйға­рымдардың ілкі буыны екені анық болатын.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
m.tokashbaev@mail.ru

Кеше Елордада ҚР Парламенті палаталарының бір­лес­кен отырысында рес­­публика президенті өкі­леттігін уақытша атқа­ра­тын Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына ант беру рәсімі өтті. ҚР Конс­титуциясының 48-бабына сәйкес Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті қыз­­метінен мерзімінен бұ­рын бо­саған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қал­ған мерзімге Парламент Се­натының төрағасына кө­шеді. Осы конституциялық негізде ҚР Парламент Сена­тының Төрағасы өзіне Президенттік лауазымды қабыл етті. Оған Президент куәлігі, омырауға тағатын белгісі және байрағы, «Алтын қыран» ордені тапсырылды.
Ант беру рәсімінде сөз сөй­леген Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев экс-пре­зи­денттің ел алдында сіңір­ген еңбегіне жоғары баға берді. «Елбасы аса күр­делі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қа­ла­ды және оның көшін баста­ды. Көптеген теріс бол­жам­дарға қарамастан мем­ле­кетті барша әлем мо­йын­даған, та­быс­тарға жет­кізді» дей ке­ліп, Астана қа­ласының атауын Нұр­сұл­тан деп өзгерту туралы ұсыныс жасады. «Бұдан бөлек, біздің елордада Тұңғыш Президенттің құр­ме­тіне монумент орнатуды ұсы­намын. Барлық облыс­тық қалалардың бас­ты көше­лерін – Нұрсұлтан Назар­баев деп атауды дұ­рыс деп есептеймін. Ел­­ба­сы біздің мемлекеттің ең жоғарғы атақтарына ла­йық­ты. «Халық қаһар­маны», «Ең­бек ері» атағын беруді ұсынамын. Сенаттың бұрынғы төрағасы ретінде Елбасыға құрметті сенатор мәртебесін беру керек деп есептеймін. Тұңғыш Президент түсірілген барлық суреттер мен фотолар жариялы нысандардың, мемлекеттік қызметшілер ка­бинеттерінің, оқу орындары ғимараттарының міндетті атрибуты ретінде қалады», – деді ол. Республика Президенті сөз соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берді.
Экс-президент Ақордада отырмайды. Оның қызмет орны «Назарбаев орталығы» болып белгіленілген. Бұл орталық жұртшылыққа ғы­лыми-сараптамалық, гума­нитарлық, ағартушылық көп­бейінді мемлекеттік ме­кеме ретінде танымал. Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің соңғы мәлімдемесінде Қазақ­станның Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің Төрағасы, «Нұр-Отан» партиясының төра­ғасы, Конституциялық кеңес­тің мүшесі сияқты лауа­зым­дарын сақтап қалатын­дығын айтқан болатын.
Қазақстан Респуб­ликасы­ның Қауіпсіздік Кеңесі тура­лы заңның 1-бабында Қауіпсіздік Кеңесі ішкі сая­си тұрақтылықты сақтау, кон­ституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, ау­мақтық тұтастықты жә­не ха­лықаралық аренада Қа­зақстанның ұлт­тық мүд­­де­лерін қорғау мақ­са­тында Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті құратын және Қазақстан Рес­пуб­ликасының ұлттық қа­уіп­сіздігі мен қорғаныс қа­білетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемле­кеттік саясат жүргізуді үйлес­тіретін консти­туция­лық орган болып табы­латындығы айтыл­ған. Заңның 2-бабында «Қазақ­стан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» деп жазылған. Қолданысқа енгізілген бұл қағидалар еліміздегі президенттік билік формасы аяқталғанын көрсетеді. Яғни билік тармақтарынан жо­ғары тұрған жаңа құрылым өмірге келіп отыр. Мемлекеттік басқару ісінде бұл авторитарлық биліктің жаңа сатыға ауысуының көрінісі.
Биліктің мұндай формасы әлем елдерінің тәжіри­бесінде бұрыннан бар. Айталық, Либияның бұ­рын­ғы көсемі Мұхаммад Кад­да­фи 1969 жылдан 2011 жыл­ға дейін Қарулы Күш­тер­дің Жоғарғы бас қол­басшысы ретінде елді үз­діксіз бас­қарып келді. Биліктің күллі тармағы оған бағы­нышты болатын. Егде тарт­қан шағында ол барлық лауазымдарынан бас тартып, өзін Бауырлас көшбасшы және Социалистік Халықтық Либия Араб жамахириясы Бірінші қыркүйектік Ұлы революцияның басшысы деп атайтын болды. Кейде қысқартылған «Бауырлас көшбасшы және революция басшысы» атағымен де белгілі еді.
Иран елі де сондай. Онда конституция бойынша халық президент пен парламентті сайлайды, алайда бұл елде сайланбайтын, алайда елді тұтастай бақылауында ұстайтын діни билік саяси жүйеден жоғары тұрады, олар тіпті сот билігінен де биік. Ең жоғары билік иесін Рахбар деп атайды. Ол мемлекет басшысы әрі Қарулы Күштердің жо­ғарғы бас қолбасшысы бо­лып табылады. Рахбар ел­дің даму бағыттарын, ішкі және сыртқы саясат­ты айқындайды. Күш құры­лым­дарының басшыларын, мем­лекеттік теле-радио ар­налардың жетекшілерін тағайындайды.
Біздің елімізде де міне, осыған ұқсас өзгеріс орын алып отыр. Тарихи оқиға қазақ халқы үшін қайырлы болсын деп тілейік!

Жауап қалдыру