Каспий конвенциясы: Саммитте қол қойыла ма?

0
59

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq»
Егер Ақтауда келісімге қол жеткізілсе бұл Каспий маңы елдерінің барлығы үшін тиімді болмақ
12 тамыз күні Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті өтеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен жиынға Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев, Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының президенті Гурбангулы Берды­мұхамедов қатыспақ.

Сарапшылардың болжамынша саммит барысында тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, Каспийде экономика, көлік, экология, қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық орнату және басқа да мәселелерді талқылайды. Ең бастысы осында негізгі қорытынды құжат – Каспий теңізінің құ­қықтық мәртебесі туралы Кон­венцияға қол қойылмақ.
Конвенцияны әзірлеу жұ­мысы соңғы 20 жыл бойы ты­нымсыз жүргізілді. Құ­жатта тараптардың Каспий теңізіндегі қызметінің негізгі қағидаттары, теңіз акваториясын, ұлттық су түбі секторларын бөлу мәселелері, биологиялық ресурстарды, су түбі мен жер қойнауларын игерумен байланысты әске­ри ынтымақтастық және шаруашылық-экономикалық қызметті жүргізу, кеме жүр-гізу, қоршаған ортаны қор­ғау, теңізге қатысты ғылы­ми зерттеулер бағыт­тары нақ­тыланған.
Бұған дейін Каспий маңы елдерінің басшылары төрт рет кездескен. 2017 жылы Мәскеу қаласында өткен Каспий жағалауы елдері Сырт­қы істер министрлерінің 7-ші отырысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның жобасы келісілді. Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің ендігі кездесуі Ақтау қаласында өтетін Бесінші Каспий саммиті қарсаңында 2018 жылдың 11 тамызында, яғни ертең өткізу жоспарланған.
Енді аз-кем осы проблема­ның тарихынан сыр аңдайық. Бұрын Каспий теңізі КСРО мен Иран арасында бәлендей келісім-құжаттарсыз-ақ пай­даланыла беретін. 1991 жы­лы КСРО тарап, Кас­пий теңізі жағалауында тәуел­сіз Қазақстан, Ресей Федера­ция­сы, Әзербайжан, Түрік­мен­стан және Иран сияқты бес мемлекет пайда болған тұста оның игіліктерін пайдалануға байланысты әр мемлекеттің өзінше ұстанымдары пайда болды. 1994 жылдың 19 шіл­десінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәр­те­бесі туралы Конвенция жо­ба­сын ұсынды. Жоба Қазақ­стан Республикасы ресми биліктерінің Каспийдің бола­шақ мәртебесі туралы ұста­нымдарын білдіретін. Жоба бойынша Каспий ТЕҢІЗ ре­тінде қарастырылып, 1982 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған БҰҰ Конвен­циясының негізгі норма­тив­­терінің күші жүру қарас­ты­рыл­ған. Жобада Каспий жаға­­лауындағы елдердің мем­­­лекеттік шекаралары кө­лемдік сулар бойынша, яғ­ни жағалаудан 12 теңіздік миль­мен бекітілуі қажет. Теңіз түбі­нің қалғаны ұлттық сек­торларға бөлі­неді. Бөлін­ген бөліктер халық­ара­лық теңіз құқығына сәй­кес жағалау мем­лекет­тері­нің ерекше эко­номи­калық аймақтары бо­­лып табы­лады. Ал, табиғи ре­сурстарды пайдалану, әсіресе ұлттық секторларда жатқан теңіз қойнауындағы байлықты қолдану жағалау мемлекеттерінің құқықтық құзыретіне бағынады. Осыған орай Қазақстан тарапы жағалау мемлекеттерінің та­биғи ресурстарды пайда­лану­дағы мүдделерін қор­ғауға және экологиялық жү­йені сақтауға шақырды.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ма­маны Анастасия Ре­шетняк бұл тұралы: «Самиттен дә­ме­міз зор. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөнінде конвенция жобасы 25 жыл бойы келісіліп келе жатыр және бұл мәселе барлық бес тарап үшін маңызды болды. Біз соңғы уақытта тарап­тардың позициялары жақындай түскенін байқадық. Бұл бәтуаластыққа алып келеді деп үміттенеміз», –дейді.
Келіссөз жүргізу процесінің басында кейбір қатысушылар қатаң позиция ұстанып, кей мәселелерде қарама-қайшы пікірлер ұстанғаны есте. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков болса:
«Тараптар Каспий теңізінің аумағын құқықтық деңгейде бөліп, иемдену тәртібі бо­йынша өзара келісімге келіп отыр. Иран үкіметі Қазақ­стан, Ресей және Түрк­менстан мемлекеттерінің ұсы­­нысын қабылдап, келісімге қосылды. Бұл құжатттың Кас­пий жағалауы мен Ор­талық Азия аймағындағы елдер арасындағы ынтымақ­тастықты арттыра түсуде маңызы зор болмақ» – дейді.
Иран Ислам Республика­сының Қазақстандағы тө­тенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу: «Біз бәріміз жұдырықша жұ­мыл­сақ қана Каспийдің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қауіп-қатерге бірге төтеп беруіміз керек. Қуанышымызға орай, Каспий айналасындағы ел­дердің қадамдары мен ойлары бір жерден шығып отыр. Осылайша, Ақтаудағы кездесу бір­неше жылдар бойы шешілмей келген сұраққа нүкте қоюы мүмкін» деді.
Конвенцияның шынымен де өзара талқылап, келісу­ді қажет ететін көптеген ерекшеліктері көп болды. Бұл тұрғыда Қазақстанның БҰҰ-ның 1982 жылғы ха­лықаралық теңіз құқығы жө­нін­дегі Конвенциясының Кас­пий теңізінің ерекше мәр­те­бесін көрсететін өзге­шелік­терін пайдалануға негіздел­ген ұстанымы тиімді болды.
Каспий – ерекше теңіз, сондықтан оған жалпылай қарауға болмайтыны туралы көзқарасты бәрі қолдады. Бұл орайда Қазақстан тарап­тардың ұстанымдарын жа­қын­­дастыру үшін ерекше күш-жігер жұмсады. Егер Ақтау саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылатын болса мұны қазақ дипломатиясының үлкен жеңісі деп атауға болады.

Жауап қалдыру