Калинин ескерткіші алынсын!

0
205

Кейде Талғар жаққа жол жүре қалсам, Тұздыбастау ауылының тұсында М.И.Ка­лининге (1875-1960) орна­тылған ескерткіш көзге шыққан сүйелдей боп көзге шалынады.
Ескерткіш 1935 жылы 26 қазанда оның «Социалды» колхозына келіп шаруаларға жерді мәңгілік пайдалану үшін акт берген жерінде орнатылған. Кейін ол шаруашылыққа Калинин аты берілді. Сол ескерткіш 1966 жылы менің абитуриент кезімде тұрушы еді, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әлі тұр, көрген сайын ашуым келеді.
Кеңес Одағы тарағалы қашан, коммунистік идео­ло­гияның дәм-тұзы тау­сылғалы қашан? Калинин колхозы тарап кеткені қашан? Шаруаларға мәңгілік пайдалануға берген актісі 60 жылға да жетпей заңдық күші жойылып, әкімшілік жерді жекеменшік үй салушыларға пышақ үстінен бөліп берген.
Саяси жүйенің құлауымен бірге ТМД елдерінің бә­рінде декоммунизация жүрді, советтік символикалар жойылды, кітапханалар кеңестік идеологиялық қоқыстардан тазартылды, кеңестік-коммунистік көшелер мен алаңдар аты өзгертілді. Ал Калинин ескерткішінің тұрғаны қалай?
Батыс тарихшылары мен ресейлік зерттеушілердің бір тобы бүгінде КСРО-ны отаршыл империя ретінде қарастырады. Ол дұрыс та. Венгрия, Чехия, Польша, Латвия, Гүржістан, Украина сияқты бірқатар елдерде нацистік символика тәрізді советтік символикаға тыйым салынған. Сондықтан советтік символикалар де­мон­­таждалды. Ре­сей­дің өзінде Орақ пен Бал­ғаның, М.И.Калининнің, В.М.Молотовтың, А.А.Жда­н­овтың ескерткіш­тері баяғыда-ақ жойылды. Ресейде оған заңмен тыйым салынған.
Қалаларға өзінің бұрын­ғы тарихи атаулары қайта­рылды, мәселен, Ресейде Горький қаласы – Нижний Новгород болып, Свердловск –Екатеринбург, Ленинград – Санкт-Петербург болып қайтадан қалпына келтірілді. Қазақстанда Ермак қаласы – Ақсу, Гурьев – Атырау, Семипалатинск – Семей болып өзгеріп жатыр. Ал батыр пионерлерге, Калининге ескерткіштер неген мызғымайды?
Бізде әзірше деком­мунизацияға, отар­сыз­дан­дыруға байланысты заң жоқ. Алайда Алматы облыстық мәслихаты бұл проблеманы өз қау­лысымен-ақ шеше алады! Осы мақаланы облыстық Мәс­лихатқа жазылған ресми хат ретінде қарас­ты­руды сұраймын!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq» 

Жауап қалдыру