Еліміздің ертеңінде үміт бар

0
708

Еліміз бұл күндері күрделі қоғамдық саяси ахуалды бастан кешіруде. Күні кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаев отыз жылдық ел басқаруынан кейін өзінің доғарысқа кететінін мәлімдеп, Конституция бойынша орнына Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты отырғызғанына куә болдық. Одан кейін өт­кен президенттік сайлауда жеті үміткердің ішінен Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың жұл­дызы жанды. Алайда халық арасында сайлаудың легитим­ділігіне байланысты бірқатар дау туып қалды. Қасым-Жо­март Кемелұлының сай­лауалды тұғырнамасы түбе­гейлі өзгерістерге жол ашпаса да отандық бизнесті қолдау, тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламаларды тоқтату, ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту, оңтайландыру және сәйкес­тендіру арқылы салық жү­йесін жеңілдету, еліміздің көлік-логистикалық кешенін жетілдіру сияқты маңызды тұстарда үміт ұялатады.
Құжатта мемлекеттік тілді өз тұғырына батыл қонды­ратыны туралы мәлім­де­мелер күтіп едік. Алайда мемлекет басшысы «мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жұмыстарын жалғас­тыратынын айтумен ғана шек­телді. Десе де «демократия негізінде саяси модернизацияны, мемлекеттік жүйенің трасформациясын» жалғастыру бағыты мем­ле­­кеттің конституциялық қағи­да­ларымен үндесіп жатыр.
Әйгілі ағылшын саясаткері Уинстон Черчилль: «Демократия дегеніңіз оңып тұрған нәрсе емес, алайда адамзат әлі күнге одан тәуір нәрсені ойлап тапқан жоқ» дейді ғой. Демократия – халық билігін білдіретін саяси режим болса біз сол шынайы демократияға мұқтажбыз. Шынайы демок­ратия абстрактілі ұғым емес, ол – айтыс-тартыс, де­монстрация, митинг, ұжым­дық әрекет арқылы әйгі­ленетін халықтың ерік-жігері. Альберт Камю: «Демократия дегеніміз көпшіліктің билігі емес, ол – азшылықты қорғау» депті ғой. Ол азшылықтың да құқығы аяққа тапталмауға тиіс дегенді білдіретін. Ал бізде қалыптасқан жағдайда көпшіліктен гөрі «азшылықтың» яғни автори­тарлық-олигархтық топтың дегені жүріп тұр.
Біз кеңестік тоталитарлық жүйеден шыққан ұрпақ би­ліктің түрлі айла-шарғы­ларына көнбістікпен қарай­мыз. Өтпелі кезеңде мұндай құбылыстардың орын алуын табиғи заңдылық көре­міз. Алайда біздің көп уақыты­мызды қажетсіз ұрандар алып кетті. Ең өкініштісі, ұлттық мемлекеттігімізді да­мы­­тудың отыз жылын жоғал­тып алдық. Ендігі сенері­міз 1991 жылдай кейін өмірге кел­ген буын.
Иә, өмір бір орында тұр­майды. Уақыт ағыны алға жылжи бермек. «Таң атпаймын дегенмен Күн қоймайды» демекші, еліміздегі бүгінгі режим алмасары да анық. Кеңес Одағының темір құрсауын теуіп үзгеннен кейінгі отыз жылдың тәжірибесі бізге билік тармақтарының бір қолға шоғырландырудың тиімсіздігін көрсетіп берді. Мемлекет дамуында атқарушы, заң шығарушы, сот билігінің өзара теңгермелі тежегіш функцияларының қатаң сақталуы маңызды болатынын аңғартты.
Демократияны бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елес­тету мүмкін емес. Қазақ­стандағы БАҚ әлі де «төртінші билік» деңгейіне көтеріле алған жоқ. Бірақ әрқайсысы ортақ іске өз мүмкіндігінше үлес қосып келеді. Сол қа­тарда республикалық қо­ғам­дық-саяси «Prezident & Нalyq» газеті де бар. Басылым өзі дүниеге келген 2005 жылғы 27 тамыздан бері оқырманға қалтқысыз қыз­мет етіп келді.
Биыл мамыр айында Алматы облыстық «Жетісу» газетінің табалдырығын аттап, журналистиканың сар­базы атанғаныма тура 50 жыл толыпты. Оның 25 жылы бұ­қаралық ақпарат құрал­дарын­да басшылық қызмет­ке жұмсалса, соның 14 жылы «Президент және Халық» газетіне арналыпты. Негізінен орталық бағытты ұстанған «Президент және Халық» газеті биліктің емес халықтың сөзін сөйлеуге ұмтылды. Газет мүмкіндігінше Ел мен Ел­басы арасына дәнекер болуға тырысты. Ақты – ақ, қараны – қара деп айтуға ұмтылды. Қазақстанның де­мократиялық бағытта дамуына атсалысты.
Асыра сілтеушіліктерге, көз­бояушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­ресті. Биліктің «Стратегия-2030», «100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты оңды бастамаларына қолдау білдірді. Ал, қазақ халқын мәңгүрттендіруге бағытталған «қазақстандық ұлт», «үштілділік» бағдарла­маларына тосқауыл болды. «Мәңгілік ел» сияқты болашағы бұлыңғыр бағдар­ла­маларға сын көзбен қарады. Ел өмірінің маңыз­ды мәселелеріне дер ке­зінде үн қосып отырды. Ұл­таралық қақтығыстардың конституциялық негіздеріне үңілді. Жаңаөзен оқиғасында қантөгіске ең алдымен билік жауапты екенін алға тартты. Сол басылымның 14 жылда қолыңыздағыны қосқанда 722 нөмірі жарық көріпті. Сондықтан да еліміздегі қазақ тілді БАҚ тарихынан ол өзіне лайықты орын алады деп үміттенеміз.
Сингапур елінің тұңғыш Премьер-министрі Ли Куан Ю: «Біз демократияға не сенеміз, не сенбейміз. Егер демократияға сенетін болсақ, біз оған қалтқысыз сенуіміз керек!» депті. Сол айтпақшы, біз де демократиялық Қазақ­станның келешегіне сенеміз. Қазақстанның келешегі алғыр ойлы жастардың қо­лында!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Нalyq»

Жауап қалдыру