Бір әріп – бір таңба

0
82

Әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру – іс жүзінде уақыт талабы. Бұл идея­ға өз басым толықтай қол­дау білдіремін. Қазақстанды орыстандыру мақсатымен елімізге 1940 жылы  сырттан таңылған ұйға­рым қазақ халқының бола­шағы емес.
Қандай қиындық, қандай мәсе­ле туындаса да Латын әліп­биіне көшу тездетілгені жөн. Кі­ріл алфавиті – Ресей Федера­ция­сының мемлекеттік әлфа­виті. Кіріл алфавиті – Қазақстан үшін орыс диаспорасының жазу-сызуы. Диаспораның алфавиті – Қазақ мемлекеттілігінің алфавиті  бола алмайды. Сон­дық­­тан латын әліпбиіне өтуді қол­даймыз. Латын қарпіне көшу бұл мен үшін елімізді отар­­сыздандырудың басы. Сон­­дықтан оны 2025 жылға қарап кешеуілдетпей жылдам­датып қол­ға алынып жатқаны қуан­та­ды.
Осыдан төрт күн бұрын,  11 қыркүйекте  Парламенттің бір­лес­­­кен отырысында Ш.Шаях­­­ме­тов атындағы рес­пуб­ли­­ка­лық орталық дирек­торы Ер­бол Тілешовтің  қазақ әліп­биін ла­тыншаға ауыс­тыру бойынша жа­саған  хабар­лама­сы қазақ қоға­мын екіұдай күйде қалды­рып отыр. Әлеумет­тік желілерде бұған наразылық та, енгізілуі қажет ұсыныстар да көптеп орын алуда. Ресми ұсынылған жобадағы   диграфтық тәсіл  компьютер үшін ыңғайлы бол­ғанымен адамдардың қол­дануына ыңғайсыз. Сондай-ақ жаңа жобада қазақ тілінің акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктері мен үндестік заңы ескерілуі керек. Осы тұрғы­дан алғанда Тіл білімі инсти­тутының (Әлімхан Жүніс­беков) жасаған нұсқасы көңілге қонымды көрінеді.
Кеше Ақордада өткен отан­дық және шетелдік журналистермен кездесуі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы маңызды мәселе бойынша  өз пікірін білдірді.  «Латынға көшу бәрін де алаңдатып отыр. Бұл жайында көп айтылды. Біздің ғалымдар менің тапсырмамен ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шықты. Көршіміз Өзбекстан, Түркия қалай енгізгендігін, олардың тәжірибесін қарады. Компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында.
Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сол себепті енді негізі тілге көшпекпіз. Бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды», –деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә, ұлт үшін маңызды мәсе­ле­де ағаттық жасаудың реті жоқ. Өз басым мәселе өте маңызды болғандықтан оны тал­қылауға кемінде екі-үш ай қажет деп  есептеймін. Түпкілікті шешім осы талқылау­лардың қоры­тын­дысы бойынша қабылдануы керек. Бірақ нақты шешім қабыл­дау жылдың аяғына шегерілмегені  жөн.
Жаңа әліпбиге қойылатын талап та аз емес. Екі таңбадан бір дыбыс жасау қазақ тілінің та­биғатына келмейді. Қысқа сөз­дердің өзі бұл тәсілден ұза­рып кететіні байқалады. Сон­дық­тан  меніңше «бір әріп – бір таңба» қағидатын ұстанған дұрыс.
Ең бастысы  қазақи латын әліппесі елді шатастыратын­дай емес, қонымды, үйлесімді, қа­зақтың үндестік заңдарына икем­ді форматта жасалуы тиімді! Латын әліпбиін орнық­ты­руға байланысты таяу арада ғалымдардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілсе құба құп болар еді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру