«Бессмертный полк» тоқтатылсын!

0
115

Бүгін Ресейдің күллі қалаларында, бірқатар көрші елдерде «Бессмертный полк» шеруі өтпек. Жеңіс күнінде қазақтар әдетте майдан даласында қаза тапқан, жеңіс күніне жете алмаған аға буынды еске алып, құран бағыштап жатады. Ал марқұмдардың суретін төбеге көтеріп шеру жасау табиғатымызға да, шариғатымызға да жат. Оған тосқауыл қойылуы қажет!
Германияның Deutschlan­dfunk газеті «Бессмерт­ный полк» о баста саясаттан аулақ акция ретінде ойлас­тырыл­ға­нымен ол демде Кремльдің «ба­қылауына» көшті. Қазір «Бессмертный полк» ТМД ел­­дерінде идеологиялық құ­рал­ға айналып кетті» деп жазды. Әсіресе, Қырымды ан­нек­сиялаудан, Луганскі мен Донец­кідегі сепаратистерді қол­дау қимылдарынан кейін «Бессмертный полк» Ре­сей­дің империялық астам­шы­лық­тарына суарылған ұлыдер­жа­валық шовинизмінің басты ак­цияларының біріне айналды.
Бүгінде Ұлы Отан соғы­сын­­дағы жеңісті арқау еткен «Бес­смертный полк» акциясы екі негізгі мақсатқа қызмет етеді. Біріншісі, орыс әлемінің ықпалын кеңейту, екіншісі, акция кезінде көтерілген қызыл жалау төңірегіне жұртты топтастыру. Анығырақ айтқанда икемге көнетін республика­лар­ды баяғыдағыдай бір ту­дың яғни қызыл жалаудың ас­тына жинау. Дәлірегі КСРО-ны қалпына келтіру. Сол үшін Мәскеудің сілтеуімен Қазақ­станда да «Мәңгілік даңқ – Бессмертный полк Казах­стана» деген акция өткізіл­мек. Жиырмадан астам ардагер­лер ұйымдары  Ұлы Отан  со­ғысындағы Жеңістің 74 жыл­ды­ғы  аясындағы   «Мәңгілік Даңқ – Бессмертный полк Казах­стана» азаматтық шеруін  ұйымдастырумен әбігер.
Акцияны қарапайым жұрт шы­нымен майданда қаза тап­қан ата-бабасын еске алу деп тура мағынасында қабыл­дай­ды. Марқұмдардың фотосы мен көтерілген қызыл ту­дың арасына жасырылған ре­сейлік жымысқы саясатты түсіне бермейді. Ақиқа­тын­да Кеңес Одағы да, Ұлы Отан соғы­сы кезінде Совет командаваниесі де өз адам­дарын аяп, қамқор­лық­пен қарап көрген емес. «Халықтар түрмесі» атанған Кеңес Одағы миллиондаған адамдарды жазықсыз саяси қудалау мен қолдан жасалған ашаршылық арқылы қырса, Ұлы Отан соғысында орасан зор орынсыз шығындарға жол берілді.
Сталин заманында совет әскерлерінің мықтылығын көрсету үшін шығын Германия шығынынан да аз етіп 7 миллион деп көрсетілді. Брежневтің заманында соғыс шығыны 20 миллион делінді. Горбачев заманында ақиқаттар ашылып шығын көлемі 27 миллионға дейін ұлғайды. Ал таяуда СССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің құпиялылығы алынған деректері бойынша Совет Одағының Ұлы Отан соғысындағы шығындары 42 миллион екендігі анықталды. Оның 19 миллионнан астамы әскери адам болса, 23 миллионы қарапайым халық.
Енді қараңыз, фашистік Германия бүкіл Екінші жаһан соғысының барысында ең көп дегенде 8,3 миллион адамынан айырылған. Оның 4,7 миллионы әскерилер, 3,6 миллионы жай адамдар. Ара қатынасына қарасаңыз өлті­рілген бір фашистке бес совет солдаты жанын бер­ген (кейбір авторлар шығын 1:10 болғанын да айтады).
Бұл цифрлар нені білдіреді? Бұл цифр­лар орыс қол­бас­шы­ларының дарынсыздығын, соғыс жүргізу тәсілдерін жет­кі­лікті мең­гер­мегендігін, ко­мандир­­­лердің тактикалық жә­не стра­тегиялық ойлаудан ма­құрым екендігін, өз жауынгерлерін ажалға көзсіз айдай бергенін, қынадай қырылған халқына қылшығы да қисайма­ған­дығын көрсетеді.
Жеңіс ақиқатында совет адамдарының жойдасыз құрбандықтары арқасында келген. 42 миллион адам! Неміс пулеметшілері оққа айдалған Қызыл Армия жауынгерлерін қатар-қатарымен қырғанда қаза тапқандардың көптігі соншалық кейбір пулеметшілер есінен адасып жынды боп кеткен. «Бессмертный полкті» ұйымдастырушылар Кеңес одағының ең үлкен масқарасы өз халқын өзі қырғуға жол бергені туралы жұмған ауыздарын ашпайды. Егер өз солдаттарына, өз халқына жанашырлықпен қараса орынсыз құрбан­дық­тардың тым болмаса тең жартысын тірі алып қалуға болар еді. Бірақ орыс қолбас­шылары үшін халық зеңбі­рек­тің жеміне айналғаны өкінішті.
Мысалы, Ленинградта аштан қырылған халық үшін «Бессмертный полк» құрмет емес барып тұрған мазақ.
Қазақстанның Ақтөбе облысында «Бессмертный полк» акциясын өткізуге тыйым салынды. Бұл өте орынды әрі дұрыс шешім. Алдағы уақытта ақымақтық акциясы ретінде бұл шараға түбегейлі тыйым салынуы керек!

Марат ТОҚАШБАЕВ, «P&H»
m.tokashbaev@mail.ru

Жауап қалдыру