Қазақ халқы – тұрақтылықтың тұтқасы

0
131

Әдетте газеттің жыл ашар санында осы жылы атқа­рылар істер бажайланып, ел алдындағы ма­ңыз­ды сәттер сараланатын. Өкінішке қарай біз ұл­таралық қарым-қатынас тақырыбын өрбітуге мәж­бүр­міз. Оған себеп – Жаңа жылдың алғашқы түнінде Қарағанды қаласын­дағы «Ежелгі Рим» мейрамханасында орын алған қанды оқиға. Елді дүрліктірген қазаның да мән-жайы белгілі бола бас­тады. Рахымжанды өлтірді деп күдіктелінген армян жігіті Қазақстан азаматы болмай шықты.
Ал оқиға ІІМ өкілінің айтуында былай өрбіпті. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде, яғни сағат таңғы 4 шамасында қо­нақтар музыканы өшір­меу туралы талап қойған. Сол себептен араларын­да (мейрамхана иелерімен) ерегіс басталып кеткен. Осыдан кейін олар (қонақтар) далаға шығып, өз достарына хабарласып, сол жерге басқа да азаматтарды шақырған. Қаза тапқан жігіт аталған мейрамханада отырмаған, яғни сырттан келген. Арадағы жан­жалдың салдарынан тө­белес туындайды. Сол кез­­де жараланған төрт адам­­ның бірі Рахымжан көз жұм­­ған.
Оның өліміне себепші күдікті Гурурян кеше Ресейде ұсталыпты. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен бри­фингте Қарағанды мей­рам­ханасындағы кісі өлі­­міне күдіктінің Ресейге қа­шуының мән-жайын бы­­лай баяндайды. «Іздеу жа­рия­ланған адамға тоқ­тал­сақ, ол Павлодар облысындағы бекет ар­қылы Ресей аума­ғына ше­ка­ра асып кетті. Бұл мәлі­метті біз жедел-тергеу шараларын өткізу барысында анықтадық. Ол шекараны 1 қаңтар күні сағат 22:00-ден кейін кесіп өткен» дейді.
6 қаңтар күні жүздеген қа­зақ азаматтарының об­лыс­тық ішкі істер депар­таментінің алдына келіп орын алған оқиғаға байланысты түсінік сұрауы билік орындарымен келіссөздер нәтижесінде бейбіт жолмен шешілді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов та халықпен ашық диалогқа шыға алатын басшы екендігін көрсетті.
Құқық қорғау органдары төбелеске қатысқан сегіз күдіктіні қамауға алды. Мойнына адам қанын жүк­теген қанішер де ұс­талды. Енді жазасын да алар. Алайда тұрмыстық не­­гіздегі жанжал ұлтаралық қақ­тығысқа ұласпай тын­шы­ғаны үлкен абырой бол­ды. Бұл жерде күш құ­ры­­лымдары жағдайды ушық­тырмай сабырлылық пен сал­қынқандылық таныт­­қа­ны да атап өтуге тұрар­лық.
Ал әлеуметтік желілерде оқиғаны сан саққа жү­гірт­кен пікірлер көп болды. Айталық, «Жұрттың ба­ласы» деген біреу Қара­ған­дыдағы қанды оқиғаға байланысты білгішсініп орыс тілінде бейнеролик жа­рия­лапты. Ақиқатын айт­қы­сы келген адам құсап ар­­мян­дарды елімізден қу­мау­ға шақырыпты. Қара­ғандылықтар да, жалпы қазақ халқы да армян диас­порасы Қазақстаннан кетсін деп жатқан жоқ. Төбелескен оншақты армянға бола жа­зықсыз 30 мың армянды елден қуу ақылға сыймайды. Қазақтар ондай талаптарды мүлде қойған емес. Осындай бейнежарияланымдар, орыстілді әлеуметтік желілердегі пікірлер көбіне қазақтарды айыптауға бейім тұрады.
Бұл неліктен? Иә, рас, ара-кідік осындай ұлтара­лық қақтығыстар көрініс беріп қалып жүр. Айталық, Маловодное (қазақ-чешен), Шелек (қазақ-ұйғыр), Жа­ңа­өзен (қазақ-чешен, 1989), Атырау (қазақ-тү­рік), Астана «Абу-даби плаза» (қазақ-үнді), Бе­са­ғаш (қазақ-күрд), Сайрам (қазақ-өзбек), Мақ­­­­тарал (қа­зақ-тәжік) қақ­­ты­ғыс­та­ры. Мұның се­бебіне үңіл­гендер бар ма? Тақы­рыпты талқылап отыр­­ғанымызда бір ақса­қал «Билігі жақ­та­маған соң қазақтар өздерін өздері қорғауға мәжбүр» дегені бар-ды. Кейде осы сөздің жаны бар сияқты көрінеді маған.
Сондықтан бәлкім, Конс­ти­туцияға қазақ халқының мем­лекет құраушы ұлт екен­дігі тайға таңба бас­қан­дай жазылып, қазақ мем­­­лекеттілігіне құр­мет­пен қа­рау керектігі ескертілу­ге тиіс пе деймін. Сондай-ақ Конституцияға сәйкес мем­ле­кеттік тіл өз тұғы­рына қондырылуға тиіс. Қа­зақ­станда орыс тілі заң­сыз үстемдік құрып отыр­­ған жағдайда диаспора өкілдері де қазақтарға ше­ке­сінен қарайды. Қазақ­стандағы тұрақтылық тұт­қасы диаспоралар құқы­ғын қорғайтын қазақ хал­қы екендігін түсінетін уақыт жетті.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру