Жылу-энергия орталығы құрылысы жобасы талқыланды

0
66

Талдықорған қаласында жобалық құны 540 млн АҚШ доллары болатын жылу-электр орталығының құрылысына 80 гектар жер бөлініп, қазір нысанның техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы 13-сәуірде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов айтты.
Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс әкімдігі мен «Global Generation» ЖШС арасында атал­мыш инвестициялық жоба бо­йынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қо­йыл­ған болатын. Жиында осы жо­ба негізінде атқарылып жат­қан шаралар пысықталды.
Облыс әкімінің орынбасары А. Байжановтың айтуын­ша, ЖЭО құрылысына қала­дан 80 га жер бөлініп, 200 гектар жер қалдықтарды жинақ­тай­тын орын үшін резерв­ке қо­йыл­ған. Қазіргі кезде жоба­лық топ құрылып, жобаны жү­зеге асырудың жол картасы әзірленген. Қолға алынып отыр­ған техника-экономикалық негіз­деменің дайындалуы үшін мем­лекеттің үлесі – облыстық бюд­жеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылуы қа­жеттігі есептелген.
Осы жиында сөз алған «Global Generation» ЖШС акционерінің өкілі Рустам Баялиев жобалық топ апта сайын бас қосып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп отырса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар тиісті сараптау-талдау есеп-қисабын әзірлеу мақсатында облыстық тиісті құрылымдардан сұрататын қа­жет­ті ақпараттарды уақытылы ұсынып, қолдау көрсетуді сұра­ды. Сондай-ақ жобаны жүзе­ге асырудың ағымдағы жайы туралы кеңінен баяндады.
Жалпы, бүгінгі күні облыс орталығын жылу жүйесімен қам­тамасыз етіп отырған «Бас­қуат» қазандығының жүкте­месі 90 пайызға жеткен. Талдықорғанда жыл сайын салынатын әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер санының өсуіне сәйкес бұл жүктеме әлі де арта түседі. Осыған байланысты көше ішілік қазандықтар да қайта жаңғыртудан өткізілген болатын. «Басқуаттың» үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына 40 жылға жуық уақыт болғанын ескерсек, жаңа ЖЭО-ның салынуы Талдықорған үшін экономикалық жағынан тиімді әрі қауіпсіздіктің кепілі болмақ. Құрылысы 4 жылға созылып, өзін-өзі 12 жылда ақтап шығады деп көзделген ЖЭО іске қосылғанда нысан 540 адамды жұмыспен қамтымақ. Орталықтың қуаттылығы 440 ГКал/сағ болады деп жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов осы жобаны жүзеге асыруға жауапты мекемелер мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.
– Біріншіден, өңір экономикасы үшін аса ірі көлемде инвестиция құятын, 500-ден астам жұмыс орнын ашатын, оған қоса қаланы жылумен және электрмен қатар қамти алатын мұндай аса ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға белсене кірісуіміз керек. Мемлекеттің осы жобаның жүзеге асырылуына мүдделілігін білдіретін кепілдік ретінде ТЭН үшін қажет соманы қарастырамыз. Осы іс барысында инвесторларға қажетті көмектің бәрін көрсетіп, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Ең алдымен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша келісімшартты жылдам әзірлеп, әр тарап – атқарушы орган мен инвестор өзінің нақты міндеттерін айқындап алуы қажет. Сіздерге осы жұмысты ширатуды тапсырамын. Атқарылған істер туралы маған апта сайын мәлімет беріп отыратын боласыздар, – деді А. Баталов.

Жауап қалдыру