Жетісулық газеттердің жүз жылдығы тойланды

0
107

Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің қызметкерлері қатарындағы 6 журналиске қос газеттің  100 жылдық мерейлі тойы мен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада жаңа пәтер кілттері берілді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Аман­­дық Баталов облыс­тық екі газеттің ақпарат кеңіс­тігіндегі олардың рөліне тоқ­талып өтті.
– Бүгін «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына арналған салтанатты кеш журна­листердің кәсіби мере­кесі қарсаңында аталып, қос қуаныш қатар келіп отыр. Сондықтан барша журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін! Бұл екі газет өзінің ғасырлық ғұрымында қандай дәуірді, қандай кезеңдерді бастан кешірсе де, мақсат-мүддесі өзгерген жоқ, – деді А. Баталов.
Журналистер қауымына әріптестік байланысы үшін ризашылығын айта келе:
– Сөздің қуаты, жур­на­листиканың қай­раты қашанда мықты. Бұқа­ралық ақпарат құралдары қашанда халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып келеді. Мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде БАҚ бізге зор қолдау көрсетіп отыр. Сол үшін баршаңызға риза­шылығымды білдіремін! Басты байлығымыз – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы еңбектеріңіз жемісті, қаламдарыңыз қарымды, мерекелеріңіз құтты болсын! – деді өз сө­зінде облыс әкімі.
Бұдан әрі марапаттау рәсіміне көшкен облыс басшысы А. Баталов алдымен ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үз­дігі» төсбелгісін «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреевке, аға тілші Қуат Қайранбаевқа, жауап­ты хатшы Гауһар Дүй­сен­баеваға, сол сияқты «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Танзиля Мұхтарова мен Василий Воробьевке тақты. Сондай-ақ бір қауым тілшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін алды.
Сонымен қатар облыс әкімі А. Баталов облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 6 журналисіне пәтер кілттерін ұсынды.
Сондай-ақ Қазақстан жур­налистер одағының «Қа­­­зақ­станның Құрметті жур­налисі» төсбелгісі «Же­тісу» газеті бас редак­то­ры­ның орынбасары Нү­сіп­бай Әбдірахымға, «Ог­ни Алатау» газеті бас редакторының орынбасарлары Забира Сайділдина мен Виталий Пекельникке «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов тапсырды. Ал Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңестің «Қазақ журна­листикасының қайрат­кері» медалімен бірқатар ардагерлер мен газеттердің тәжірибелі тілшілерін кеңес төрағасы Марат Тоқаш­баев марапаттады. Марапатталғандар қа­та­рында «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов пен «Өлке тынысы» ЖШС бас директорының орынбасары Болат Абаған да бар.
Жаңа баспанаға ие болғандар атынан «Огни Алатау» газетінің тілшісі Татьяна Демидова мен жетісулық Асыл Сұл­танғазы сөйлеп, облыста журналистердің жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасалып, газеттердің мате­риалдық-техникалық ба­­засы жақсарғанын, бас­­пана мәселесінде де қолдау көрсетіліп отыр­ғанына алғыс айтты.
Жиында Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозы­баев пен ҚР Құрметті журна­лисі Мамадияр Жақып сөз сөйлеп, облыс­тық газет­тердің 100 жылды­ғымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Өз кезектерінде мерейт­ойлық екі газеттің бас редакторлары Атсалим Идигов пен Әміре Әрін қалам иелеріне құрмет көрсетіп, сапалы жұмыс атқаруына қолайлы жағдай туығызып, қамқорлық танытып отырған облыс басшылығының атына ерекше ризашылықтарын білдірді. Бұдан былай да мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілетуде лайықты үлес қосатындықтарына сендірді.
Шара соңы мерекелік концертпен және салтанатты кешкі аспен жалғасты.

Жауап қалдыру