Жетістік те, кемістік те бар

0
214

Жайлап жылжып жыл соңы да келіп қалыпты. Кеше ғана басталған сияқты еді. Уақыт шіркін, міне, осындай. Қазақ Елі енді бірнеше күннен соң 2018 жылды тарих қойнауына аттандырмақ. Өткен 365 күннің ішінде есте қаларлық қандай оқиға болды? Бұл жыл несімен есімізде қалмақ?
Сөз жоқ, биылғы жыл Қазақ­станның үлкен жетістігі Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі дер едік. 2017 жылы 1 қаңтарда бас­талған төрағалық қызметі 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқ­та­лады. Тұрақты емес мүшесі ретінде болса да бұл миссия еліміз үшін абыройлы болды деп айтуға негіз бар. Өйткені қазақстандық дипломатия өзі төрағалық еткен екі жылдың ішінде жер бетінде үлкен соғыстарға жол берген жоқ. Сирия мен Ауғанстандағы қақтығыстардың өрті бәсеңсіді.
Үстіміздегі жылғы 12 тамыз­да Каспий жағалауындағы бес мемлекет басшысының Ақтауда өткен саммитінде Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды. Сөйтіп, КСРО ыдырағаннан кейінгі кезеңде Каспий теңізі төңірегінде пайда болған шиеленіс түпкілікті шешімін тапты. Конвенцияға сәйкес Каспий жағалауындағы Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан, Түркменстан мен Иран теңізді және теңіз қайраңын пайдаланудың ортақ мәмілесін жасады. Ұзақ жылдар түрлі сылтаулармен мәселенің шешуін кейінге қалдырып жүрген Ресей АҚШ-тың Ақтауды Ауғанстанға жүк тасымалдауда пайдалануы ертең насырға шауып кету ықтималдығынан шошып Қазақстан ұсыныстарын толық қолдап шықты.
Қазан айының 10-11 күндері өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі де Қазақстанның халықаралық абырой қоржынына олжа салды. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартуда. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асқан. Өсе түскен мұндай әлеуметтік теңсіздіктер радикализмнің өріс алуына түрткі болып отырғаны рас. Сондықтан, қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру басты мәселе күйінде қалып отыр.
Ел ішіндегі маңызды оқиға­лардың қатарында Астананың 20 жылдығы кеңіңнен аталып өтілгенін де айтуға болады. Ел кіндігін Арқа төсіне ауыстыру тек саяси ғана емес ел экономикасының дамуына да орасан серпін берді. Бұрынғы сұрықсыз облыс орталығы 20 жыл мерзім ішінде көрікті, өркениетті әлемдік қалалардың қатарына қосылды. Сол көші-қонның алдыңғы легінде болғанымыз өзіміз үшін де мақтаныш.
Астананың сол 20 жылдық мерейтойы аясында халықара­лық «Астана» қаржы орталығы ресми түрде ашылды. ЭКСПО -2017 аумағында орналасқан қаржы орталығы күллі іс қа­ғаздарын ағылшын тілінде жүргізіп, ағылшын құқығын бас­шылыққа алып отыр. Бұл да қуана атап өтетін жайт.
Үстіміздегі жылы Латын әліпбиіне көшу бағытында шешуші қадамдар жасалды. Бүкіл қазақ қауымы оң пейілмен қарсы алған бұл жаңалық 2025 жылға қарай толықтай қолданысқа айналады. «Нағыз тәуелсіздік – ол тілдің де тәуелсіздігі. Бір жағынан терең, ар жағында жатқан астары сол. Оның бер жағында бүкіл дүниенің 70 проценті сол әліпбимен жұмыс істейді, ғылымның, технология мен интернеттің тілі. Екіншіден, бұл әліпбидің қазақ тіліне қаншалықты пайда әкелетінін сіздер жазушылар, журналис­тер менен де жақсы білесіңдер. Кириллицада бізге керек емес, тілімізді бұрып, қисайтатын әріптер бар. Ол жағын да ойлау керек. Үшіншіден, біз өркениетті елдердің арасына кіріп, байыған алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына түсеміз десек, солармен бірге болуымыз керек», – деді Елбасы.
Мемлекет басшысының бас­па­сөзде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағ­дарламалық мақаласы қазақ­стандықтар мен шетелдіктерге Қазақ мәдениетінің түп-төркіні әріде жатқандығын дәлелдейді. Онда көтерілген тақырыптар тарихшылар мен жазушыларға, зерттеушілер мен ізденушілерге үлкен мүм­кін­діктер ашады. Түр­кістан об­лысының құрылуы да еліміз елеулі оқиғалардың бірі болды.
Рас, көңілге кірбің ұяла­та­тын тұстар да жоқ емес. Қа­зақ­станның Тәуелсіздік мере­кесі Жаңа жылдың көлең­ке­сінде қалуы өте ұят нәрсе. Он­шақ­ты жылдан бері айтылып жүр­ген мәселе. Бірақ ресми орындар әлі күнге нақты ше­шім қабылдай алмай келеді. Сондықтан да болар Тәуелсіздік күнін Егемендік туралы декларация қабылданған 25 қазанға ауыстыру жөнінде пікірлер бе­лең алып барады. Қыстың қытымыр суығы бір жағынан уілдесе, халқымыздың басты мейрамына деген салқын көзқарас жүрек ауыртады. Тәуелсіздік мерекесін жетім қыздың тойындай ету кімге керек? Түсініксіз. Желтоқсан көтерілісінің биылғы 32 жылдығы да көңілдерге қаяу түсірді.
Бірақ, қазақ халқы оптимист халық. Ертеңіне үмітпен қарайды. Ал үміт алдамайды деп сенейік!

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq»

Жауап қалдыру