Жас кәсіпкерлер жарысы

0
32

Елордамыз Астанадағы EXPO аймағындағы Astana Hub ғимаратында «Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауы мен жастар жобалары көрмесінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Шара «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын дамыту аясында кәсіпкерлік қызметті жүргізіп жатқан 16-29 жас аралығындағы талантты жас буынды қолдау мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Байқауға еліміздің барлық өңір­лері­нен 50-ден астам қатысу­шыдан өтініш түсті. Қызмет көрсету, өнім өндіру, оқыту, IT-технологиялар саласындағы жобалар ұсынылды.
Марапаттау рәсімінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Хатшы­лығының төрайымы Ләззат Рамазанова қатысушыларды құттықтады.
– Жас кәсіпкерлерімізде идея көп. Кәсіпкерлікті қолға ала отырып, мемлекет экономикасының қарыштап дамуына өз үлесін қосып, елге пайдалы болуды мақ­сат тұтқан жетісулық жас кәсіп­керлердің жобасы үздік деп танылды. Жастар ұсынған жобалар әралуан, барлығы да табысты деп айтуға әбден лайық. Жастардың идеялары – үлкен жобалардың бас­тауы. Кәсіпкерлер палатасы жастар арасындағы жұмысты одан әрі жалғастырады, – деді Л.Ра­ма­занова.
Конкурсқа түскен жұмыстарды сараптау кезінде комиссия мүшелері көпшілік дауыспен Шымкенттен кел­ген 26 жастағы Тәңірберген Есполовтың бизнес-жобасын үздік деп таныды. Жас жігіт жасанды ротангты тиімді пайдаланып, «Royal comfort» тоқылған жиһаз фабрикасын құрған.
Байқау бойынша екінші орынды Ақтөбе қаласының кәсіпкері Арман Сәкішев алды. Ол әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін «Dental-centre» клиника­лары­ның желісін ашқан.
Талдықорғандық Елдос Баялыш­баев үшінші орынды иеленді. Айта кетейік. Жол-көлік оқиғасынан кейін жас жігіт мүлдем жүре алмай қалды. Бірақ емдік дене шынық­тырудың, массаж бен өз күшіне сенудің арқасында Елдос алдымен орындыққа отыруға үйреніп, екі айдан кейін өздігінен қозғала бастаған. Қазір ол тірек арқылы болса да өз аяғымен тұра алады. Қол мен аяқтың жұмысын ішінара қалпына келтірді. 2014 жылы Елдос «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, мүмкіндігі шектеулі адам­дарға арналған спорттық-са­уықтыру орталығын ашуға 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алған еді. Қазір Елдос мүмкіндігі шектеулі және БЦП диагнозы бар адамдардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектеседі.
– Әрине, осы байқауда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазіргі уақытта тағы бір жобаны жүзеге асырдым және Алакөлде ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арнап жалғыз мамандандырылған пансионат салдым, – дейді Елдос Баялышбаев.
Жас кәсіпкерлер сайысынд­а «Жыл­­дың үздік кәсіпкері» бай­қауында екібастұздық Виктория Волошина ынталандыру сыйлығына ие болды. Ол байқауға лазерлік нақыштау және ағаш, мата, тері, қағаз, гранит, мәрмәр, металл және пластиктен жасалған кәдесый өнімдерін шығару жобасын ұсынған болатын.
«Жылдың үздік жас кәсіпкері» байқауының марапаттау рәсімі аясында жастар жобаларының көр­месі де өтті. Көрме қорытындысы бойынша Алматы облысы Кеген ауданынан «SmartBook» жобасының авторы Бақтияр Бақыткелді бі­рінші орын мен 600 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты жеңіп алды. Көрмеде екінші орынды Жетісу жерінің тағы бір өкілі талдықорғандық Олжас Закиров иеленді. Ол инновациялық-ком­позициялық материалдан сани­тар­лық-техникалық бұйымдар шыға­румен айналысады. Олжас 400 мың теңге ақшалай сыйлық алды.
Үшінші орын мен 300 мың теңгені павлодарлық Валерия Нар­ки­зованың жобасы алды. Ол «Жасмин» ательесін ашып, балалар комбинезонын, жаңа туған нәрестелерге арналған спорттық стилдегі костюмдер тігумен айналысады. Арнайы сыйлыққа «Smart Age» жобасын ұсынған астаналық Ғайни Кутумов ие болды. Ол смартфоннан пәтердегі розеткалар мен ажыратқыштарды іске қосуға мүмкіндік беретін құрылғыны ойлап тапқан.
Диас БЕЙСЕНБЕК.

Жауап қалдыру