Жабылған несиелер бойынша комиссияларды өндіріп алуға болады

0
105

Заңгер Ерболат Аймағанбетов жабылған не­сиелердің комиссияларын өндіріп алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– ҚР Азаматтық кодек­сінің 386-бабы, 4-ші бөлі­міне қарасақ, келісімшарт уақыты біткеніменен сол келісімшарттағы заң­сыз әрекеттер болса, жауап­кер­шілік тоқтатыл­майды. Ал арыздану уақыты келісім­шарттың аяқталуымен басталады делінген. Бұл туралы кодекстің 380-бабы, 2-бөлімінде айтылған. Бұл дегеніміз, келісімшарт бо­йынша кредит жабылса да, азаматтық заңнамаға сәй­кес, үш жылдың ішінде жауапкершілік сақталады, яғни, қай жаққа шығын келді, сол сотқа шағым түсіре алады. Азаматтық кодекстің 178-бабы, 1-бөлімінде арыздану уақыты үш жыл деп белгіленген, – деді Е.Ай­мағанбетов елордада өткен баспасөз мәсли­хатын­да.
Оның айтуынша, Қазақ­стан Республи­касының азамат­тары немесе олар­дың заңды өкілдері ко­дек­стің аталған нормаларына сүйеніп, аудандық сот­тарға арыз-талап тү­сір­е алады. Осы уақытқа дейін біраз адамдар сот арқылы жабылған несие­лердің комиссияларын қайтарып алды. Мәселен, аудандық соттар кредит пен займдарға қызмет көрсеткені үшін банктердің алған комиссиялары бойынша халыққа 9 миллиард теңгені қайтарып берді.
Айта кетейік, елордада өткен брифингте заңгерлер соттардың түсініксіз әре­кетіне арызданды. Заңгер Ілияс Ахметовтің айтуынша, ақпан айында ғана Есіл аудандық сотының бір судьясы жабылған несие бойынша арыз-талапты қанағаттандырса, көкектің басында тура сол судья осы іспеттес істі кері қайтарды.
– Судьялардың өздері де бірқатар түсініспеушіліктің бар екенін мойындап, Жоғарғы сотқа сілтеп отыр. Сол жақтан түсініктемені күтіп отырмыз дейді. – деді І.Ахметов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Арман АСҚАРОВ

Жауап қалдыру