Жаңа басқарма балық шаруашылығын өрістетеді

0
109

Атырауда балық өнеркәсібі басқармасы құ­рылмақ. Жаңа мем­лекеттік орган балық сала­сын дамыту мәселелерімен ай­на­лысады. Бұл туралы «Ата­мекен» Ұлттық Кәсіпкерлер па­ла­тасы президиумының төра­ғасы Тимур Құлыбаевтың қаты­­суымен өткен жұмыс кеңесінің барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, – деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңір басшысының ай­туын­ша бүгінгі күні құ­қық қорғау және қада­ғалау ор­ган­дарының, Ауыл ша­руашы­лығы министр­лігінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган­дардың бірлескен жұмы­сы­ның арқасында Атырау облысында заңсыз балық аулау және балық өнімінің заңсыз айналымы түбімен жойылды деп сеніммен айтуға болады.
– Жақын күндері біз балықты тек заңды әдіспен ғана аулауға қол жеткізетін боламыз. Қазіргі уақытта кәсіпкерлеріміз құнды өнім алу үшін балықты терең қай­та өңдеуді енгізу бағы­тында жұмыстануда. Бізде ба­лық аулаумен және қайта өңдеумен айналысатын 19 табиғат пайдаланушының 1-нің ғана еурокоды бар – бұл «Амангелді» ӨК, тағы бір ЖШС жақында еурокод алғалы отыр және балық өнімін шетелге экспорттай алады. Біздің кәсіпкерлерге қолдау көрсету, экспортталатын өнім санын ұлғайту жоспарымызда бар. Балық өнімін қайта өңдеу және өндіру процесі тікелей кәсі­порын­дардың өзімен жергілікті жерде жүргізілуі мүмкін. Содан кейін «Атырауда жа­салған» деген маркасы бар дайын өнімді шетелдік нарыққа экспорттауға болады, – деді Нұрлан Ноғаев.
Өңірде агроөнеркәсіптік кешен дамуының оң динамикасы байқалады. Қазір Атырау облысы өзін картоппен 40%, көкөніс, жеміс-жидек және бақша дақылдарымен 80-90% толық қамтамасыз етіп отыр.
Тағы бір жағымды мысал – Атырау облысында 8,5 мың гектар егістіктің 2,5 мың гектарында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Өңір басшысының айтуынша фермерлер топырақтың, негізінен сортаңды болып келетін ерекше құрамына, сондай-ақ өндірісте заманауи инновациялық технологияларды қолданатын фер­мерлерге берілетін ин­вес­тициялық субсидиялар алатын­дықтан жаңа тех­но­логия­ны қолданып көруге өз­дері қызығушылық білдіруде.

«Атамекен» ҰКП президиу­мының төрағасы Тимур Құлыбаев Атырау облысында АӨК дамытудағы оң серпінді атап өтті және өңірде Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеевтің қаты­суымен бірлескен кеңей­тілген отырыс өткізу мүмкіндігі туралы айтты.
– Өңірді дамыту картасын бірлесіп жасайық, мұнда АӨК, соның ішінде балық өнер­кәсібін, сүт өндірісін, мал шаруашылығын дамыту мә­селелері көрсетілетін болады. Біз осы мәселелердің барлығын Ауыл шаруашы­лығы министрлігімен бірге жа­сақтаймыз, жұмыс жоспарын жасап, сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Бұл жерде ӘКК, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және жер­гілікті атқарушы органдар да жәрдемдесуі тиіс, – деді ол.
Сондай ол жеке кәсіп ашу­ды көздеген отандық жоғары оқу орындарының түлектері қар­жылық қолдау ала ала­тындығын айтты. 2019 жылдан бастап барлық орта мек­тептерде «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» атты пән енгізілмек. Аталған пән оқушыларға іскерлік машықтарды үйретіп, бола­шақ мамандықты дұрыс таңдауға көмектеседі. Осындай жұмысты «Атамекен» жоғары оқу орындарына да енгізбек. Жеке кәсіп ашуды көздеген түлектерге «Атамекен» әдіснамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайын.
– Бүгінде жоғары оқу орындарында мамандарды дайындайды, алайда түлектерде жеке кәсіпті бастауға не бағдар, не құлшыныс жоқ. Ұлттық палата келешекке көз тастап, қазіргі кәсіпкерлікті дамытумен ғана шектелмеуі керек. Талапты, мақсаты айқын, бизнес-идеялары бар, белсенді жас, оқушы, студент, түлектер, өскелең ұрпақ дамуы үшін күш салуымыз керек. Жастар болашақта еліміздің орта класын қалыптастыруы үшін «Атамекен» оларға жеке кәсіп ашуға көмектесіп, тартымды бизнес-жобаларына қаражат құю мақсатында инвесторлар мен демеушілерді тартатын болады, – деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа төрағасы кәсіби-техникалық білім беру саласына маман дайындауда мемлекеттік тапсырысты бө­лу жөніндегі комиссияға ірі биз­нестің тікелей қатысуының маңыздылығына назар аударды. Миллиардтап бөлін­ген қаржыға қарамастан орта техникалық білім беру мекемелері түлектерінің біліктілігі нарық талабына әрдайым сай бола бермейді.
Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің нор­мативті-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізілуде, оған сәйкес кәсіби-техникалық білім беру мекемелері нақ­ты мамандықтар мен маман­ды­ғына сай жұмысқа орна­лас­қан түлектер саны бойынша есеп береді. Сұранысқа ие қандайда бір мамандық пен жұмысқа орналастыру бойынша нақты дәлелді база болуы тиіс.
– Былтыр еліміздегі кәсі­порын­дарда нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасы сынақтан сәтті өтті. Биыл мамандарды қыс­қа мерзімде тәжірибелік оқы­ту кеңейтіліп, ауқымы ұлғай­тылады. Заманауи талап негізінде 1,5 жылында мектептің бағдарламасы оқытылатын колледждерде мамандарды 3 жыл дайындаудың мәні жоқ, – деді «Атамекен» басшысы.
Тимур Құлыбаев Атырау облысының Өңірлік кеңесін мамандарды қысқа мерзімде дайындау бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды, оның үстіне бұл шығын мемлекет тарапынан өтеледі.

Айсұлу КЕНЖЕҚЫЗЫ.

Жауап қалдыру