ЯК-12 ұшағы апатқа ұшырады

0
64

Кеше Алматы облысында тө­тенше оқиға орын алды. Панфилов ауданы Шолақай ауылына жақын жерде жүгері егістігін өңдеуге шыққан «Қазавиа» әуе компаниясына тиесілі ЯК-12 ұшағы апатқа ұшырап, ұшақ бор­тында болған екі адам қаза тапты.
Панфилов аудандық прокуратурасы қаза тапқандардың 54 жастағы пилот Хамит Ақбергенов пен 39 жастағы кәсіп­кер Масимжан Масимов деген азаматтар екендігін анық­тады.
ҚР инвестиция және даму минис­трлігіне қарасты аза­маттық авиация комитеттің хабарлауынша, қазір ұшақ құлаған жерде химиялық тазалау жұмыс­тары жүріп, ұшақ апатына байланысты тергеу басталған. Сондай-ақ тергеу аяқталғанға дейін Қазақстан аумағында ЯК-12 ұшақтарын пайдалану уақыт­ша тоқтатылды.
Инвестициялар және даму ми­нис­трлігінің хабарлауынша, әуе кемесінің ұшуға қажетті бар­лық құжаттары, ұшу жарам­дылығы туралы сертификаты, әуе жұмыстарын жүргізуі туралы куәлігі болған. Ұшу жұмыс­тары әуе навигациясы органдарымен келісілген. Қазір оқиға орнында Талдықорған көлік про­куроры, Алматы-1 стансасы Ішкі істер Желілік бөлімі, Алтын­көл стансасының желілік бөлімі, Панфилов аудандық ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр. Аталған дерек Алматы әуежайының ҚР ҚК 344-бабы­ның 3-бөлімі бойынша бірыңғай сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді.

Еркін ЕСКЕН

Жауап қалдыру