Халқын қорғаған Аубай еді

0
125

1986 жылдың 17 желтоқсаны. Темір келтекпен қаруланған жасақшылар жаңа алаңға бет алсын деген Алматы қаласы  басшыларының тапсырмасын ести салысымен Фрунзе (бүгінгі Медеу) аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Нұртай Әбіқаев:
– Бұл – түсінбестік. Балаларымды соққыға жығуға жол бермеймін, – деп тәуекелге бел буып, аудандық халықтық ба­қы­лау комитетінің төрағасы Ау­бай Байғазұлын, тағы екі-үш қызметкерін ертіп, жаңа алаңға суыт жетті.
Дәл осы сәтте жаңа алаң бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан кейін арнасынан асып буырқанған асау өзенді еске салғандай еді. Алаңның о шеті мен бұ шеті өрімдей жас­тар­­дан, қызылды-жасыл­ды  ми­ли­ционерлерден, әскери­лер­ден көрінбейді.
Кенет көз алдарында адам сенбестей жауыздық орын ал­ды. Жан-жақтан жиналған жа­сақшылар, милиционерлер мен әскерилер қарусыз жас­тар­ды темір, резіңкі таяқ­пен бас-көз демей сабай бастады.  Тал­дыр­маш, нәзік қыз­дарды шаш­­тары­нан сүйреп, көк мұз үстіне тізерлете отырғызып, «бас­тарыңды төмен иіңдер, жан-жағыңа қарамаңдар!» деп ала­сұрды. Бейбіт күнде мұндай жауыз­дықты кім күткен?
Көк мұзға етбеттей маңдайын төсеген бір қыз шұғыл басын көтеріп:
– Жігіттер, қыздар! Қор­ғаныңдар! Сендер аман қалың­дар! Мыналардың бізді аяйтын түрі жоқ! – деп бар даусымен айқай салды. Сол сәт жанында тұрған жасақшы темір таяғын құлаштай сермеп, мұз үстінде тізерлеп отырған қыздың жел­кесінен періп жіберді. Қыз етбетінен құлады.
Аубай оқша атылып барып, жасақшыға:
– Ей, есуас! Ол сенің қарын­дасың емес пе?! Оған қалай дәтің барып қол көтердің?! Қыз балаға қол көтергенді қай ата-бабаңнан көрдің?! – дей бергенде, жасақшы темір таяғын өзіне қарай сілтеп-ақ қалғаны. Жас кезінде бокспен, күреспен айналысқан Аубай асқан жылдамдықпен жасақшының сілтеген таяғын дарытпай, оны тұмсықтан бір соғып шалқасынан түсірді. Мұ­ның соңы үлкен дауға айнал­ды. Тексеруден тексеру бас­тал­ды. Тергеушілер жоқ жер­ден «халық жауын» тауып ал­ған­дай екілене өзеуреді. Аубай абыржып, сасқан жоқ. Батыр Әйтей бабасының рухы алдын­да босаңсып, кешірім сұрау­ды, жасып жалтақтауды ар көрді.
Сарапшылар тобының соңғы басқосуында қарт белсенді:
– Кәне, сөйле. Ел «сүйсінер ерлікті» қалай, не үшін жасадың? Біз де үлгі алайық, – деп кекете қа­ғыт­ты.
– Сіздерден өтінерім, ойланып сөйлеңіздер. Қазақтың «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген мақалы бар. Қайдағы ерлік? Бұл ерлік пе екен? Бұл кез келген жан істейтін, істеуге тиіс адамгершілік. Екі адам төбелесіп жатса, ежелден араша түсе­тін әдетімізді ұмыт­тыңыздар ма? Мен бар болғаны жас қызға араша түс­тім. Бұл ерлік емес. Ерлік пен арашаның мағынасы екі бө­лек.
Көз алдында жас қызды соқ­қыға жығып жатса, кез келген есі дұрыс адам:
– Ей, ұрмасаңшы! Әлсіз қызда нең бар?! Соқталдай болып мұның не? Ар-ұятың қайда?! – дейді, деуге тиіс. Бұл әр аза­матқа тән қасиет. Қорғансыз жас қызға араша түскенімді мен ерлік деп ойламаймын, ата-бабам­нан бойыма дарыған адам­гершілік деп білем. Мұнда сіздер ойлағандай ешқандай сая­си астар жоқ. Саяси астар бар деу мүлде ақылға сыймайды. Интернатта оқып жүргенімде төбелесіп қалған балалардың ожар озбырларына:
– Сен неге әлімжеттік жасап мұны ұрасың? Бұл да өзіңдей адам баласы емес пе? Саған бұл не істеді? – деп ойлантып, кінәсін мойындатқан, сөйтіп екі жа­ғын татуластырған кезім көп. Бізді ұстаздарымыз осы­лай тәр­биеледі. Мені кінә­лаған­­дара­ңыз ұстаздарымды кінәла­ған­дары­ңыз.
Қызды соққыға жыққанның қарындасы бар шығар. Ол қа­тесін түсініп, «мен айып­ты­­­мын» деп  алдымен өз ана­сы­­нан, халқымыздан кеші­рім сұрауы керек еді. Онда ондай сана қайдан болсын.
Біз өмірге келгенде ана­ларымыз ертеңгі күннің иесін таптым деп қалжа жеген. Бір-бірімізге ара түсіп, бір-бірімізге көмектеспесек, біз қалай ертеңгі өмірдің иесі боламыз? Бабам Әйтеке би қиянатшыл топқа:
– Бір биенің құлыны едік, мені тұлпар етсе, тәңірім етті,
Бір ұяның балапаны  едік, мені сұңқар етсе, тәңірім етті.
Бір тоғайдың ағашы едік, мені терек етсе, тәңірім етті.
Қыр соңымнан қалмайсыңдар, менде не әкеңнің құны кетті! – де­ген лебізін естеріңізге алы­ңыз­дар, – дегенде, сарапшы төра­ға­с­ы:
– Жау да өлді, дау да өлді. Бәрі­мізді Аубай жеңді. Өзін-өзі қорғаған ер осындай болсын, – деп кесімді  тұжырым жасады…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
жазушы.

Жауап қалдыру