Тыныштық сақшыларына құрмет

0
21

Қоғамның тыныштығын, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының қызмет­керлері қандай құрметке де лайық. Кәсіби мерекеге орай Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс ала­ңында облыс әкімінің қатысуымен өткен сал­танатты шара есте қаларлық оқиғаға айналды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бір топ тәртіп сақшысына қызметтік пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ полицияның бірқатар қызметкерлері арнайы төс­белгілер мен Алғыс хат­тарға ие болды.

Қай мемлекеттің болсын ай­барын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мем­ле­кет экономикасының абы­ройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қа­дам баса­тыны анық. Елбасы сөзі­мен айтсақ, мемле­кетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамудың кепілі. Мәселенің осы жағынан келгенде, ішкі қауіпсіздігімізді қадаға­лау­дың айнасына ай­налған полицияның атқа­рып жатқан қызметі айтар­лықтай екенін анық аңғарамыз.
Елімізде жыл сайын бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін полицейлер күні 23 маусымда аталып өтеді. Осыған орай өткен салта­натты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының өңір­дегі қылмыстық ахуалды тұ­рақтандырудағы еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, облыстық күре жол­дар­да құрылысы жүріп жатқан 4 полицей бекетінің ма­­ңыз­дылығына тоқталып, қо­ғам­дық тәртіпті бақылау ке­шенді жүргізілуі тиістігін тап­сырды.

Мерекелік лебізін қоры­тындылаған өңір басшысы қызметке шыққан әр поли­цейдің отбасына аман ора­луына тілектестік білдірді. Содан кейін 5 полицейдің отбасына пәтер кілттерін табыс етті. Cондай-ақ шара барысында Атырау облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаев баспанамен қамтуда көп балалы, пәтер кезегін ұзақ жыл күткен, сонымен қатар жалғызбасты әйел-ана қыз­меткерлердің жағдайы ал­ғашқы кезекте ескерілгенін айтты. Алдағы уақытта облыс көлемінде пайдалануға бері­летін жаңа 34 учаскелік поли­ция бекеттері тыныш­тықты қамтамасыз етуге айтар­лықтай сеп болатынына үміт білдірді. Әзірге Атырау респу­б­лика бойынша тір­келген қылмыстар саны сире­­ген, ахуалы тұрақты өлкелер қатарында.

Баспаналы болғандардың бірі – ІІД көші-қон полициясы басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақмарал Ахметова. 2008 жылы өзінің полиция кіші лейтананты болып қызметін бастағанын, көп жылдар пәтер кезегін күткенін айтты. Қуаныштан көз жасына ерік берген ол пәтер кілтінен артық ынталандыру тетігі жоқ деп біледі.
Жақында ғана шаңырақ көтерген полиция кіші лейте­нанты Азамат Сағын­ғалиевтің жұбайы азаматының жа­уапты жұмыста жүргенін ескеріп, қиындықтарға бірге төтеп беруге дайын болғанын ортаға салды. «Алайда пәтер алғанымыз күтпеген жаңалық болды», – деді қуанышын жасыра алмай. Мерекелік шара барысында біраз қызметкерлерге ҚР ІІМ тарапынан жолданған марапаттар тарту етіліп, төсбелгілер тағылды.
Тірек бекеттері облыс бойынша көптен шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Қазір осы бағытта ілгерілеушілік байқалады. Атырау қаласындағы «Нұр­сая» шағын ауданы – жаңадан бой көтерген шағын аудан. Мұндағы халықтың саны көбейгенімен, полиция тірек бекетін ашудың мүмкіндігі келмеген. Қазіргі күні бұл ауданда да полиция бекеті ашылып отыр. Тағы бір тоқталар тұс, облыстық ішкі істер департаменті жергі­лікті әкімшілікке қаланың 7 жерінен қосымша бекеттер ашу турасында ұсыныс берген. Ол да алдағы уақытта шешілмек.

Жалпы, тірек бекетін жасақ­таудың өзіндік талап­тары бар. Ол орналасқан ғимараттың есігі бөлек болуы тиіс, басқа да жағдайлар ескерілуі керек.
Ресеймен шекаралас жат­қан Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Азғыр ауылдық округінде де жаңа полиция бөлімі ашылды. Тәртіп сақшылары бұрын Азғыр өңіріне аудан орталығынан ат арылтып, 300 шақырымнан қатынаса, қазір ауылда отырып, тәртіпті күшейтуге мүмкіндік бар.
Осында полиция бөлі­мінің ашылуы өзінше бір сал­танатқа айналды. Аудан әкімінің орынбасары Жас­тілек Хасанов 7 мыңға жуық тұрғыны бар шалғай өңір­де құқықбұзушылық пен қыл­мыстың алдын алу бағы­тындағы жұмыстарды же­делдету өзекті мәселе бол­ғанын айтты. Жергілікті ат­қарушы органдардың тара­пынан полиция қызметін қол­дау жалғасатынын жет­кізді. Сондай-ақ Аты­рау облыстық ішкі істер департаменті бас­тығының орынбасары поли­ция полковнигі Сұлтан Мол­дашев құқық қорғау орган­­дары қызметінің нәти­жесі­не тоқталып, облыс­та тіркел­ген қылмыстар саны төмен­дегеніне ризашылық білдірді.
ҚР ІІМ кешенді жоспарына сай, жергілікті әкімдіктердің қол­да­уымен, облыстың әр түкпірі, әсіресе, шалғай ауылдарды полицияның жіті бақылауына алуға бағыт­талған жұмыс жүргізілуде. Заманауи құрал­дардың көме­гімен аудандардағы әр полиция бөліміндегі кезекші қызметін ІІД-нің жедел сараптамалық пультіне қосу жұмыс­тары жүргізілуде. «Бұл қылмыстың ізі суымай ашылуына мүмкіндік береді және барлық қызметтер жедел әрекет етеді», – деді департамент бастығының орынбасары.
Ол сондай-ақ 58 мың тұрғыны бар Құрманғазы ау­­данында былтыр 15 қана қылмыс тіркеліп, 11-і ашыл­ғанын айтты. Күрмеуі қиын, ізін суытпай ашу қиын­ға соғатын қылмыстар көбіне шалғайда болады. Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр, Асан, Үштаған ауылына қыз­мет көрсететін Азғыр по­ли­­ция бөліміне жауапты міндеттер жүктелген. Бөлімде 17 штат­тық бірлік қарас­ты­рыл­ған.
Айта кету керек, 2016-2017 жылдары Қызылқоға және Исатай аудандарының шалғай елді мекендерінде ашылған полиция бөлім­шелері өміршеңдігін дәлел­деп, қылмыспен күресте оң­ды жұмыс нәтижелерін көр­сет­кен.

Аманжол КӨКШЕР

Жауап қалдыру