Туризм саласындағы ынтымақтастық

0
185

Алматы облысына Қазақстандағы туристік ағымның үштен бірі тиесілі. Оның бір көрінісі, өңірге келетін туристер санының жыл сайын 20-30%-ға артуында.
Облыстың туризм басқар­масы өкілдерінің айтуынша, үстіміздегі жылдың қоры­тындысына сәйкес, атал­ған салада көрсетілген қыз­мет­тердің көлемі 9 миллиард теңгені құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 миллиард теңгеден асып түседі деп күтілуде. Осыған сәйкес, жетісулықтар осы нәтижені одан әрі жақсарту үшін әр аймақта В2В форматында кездесулер ұйымдастыруда.
Қазіргі таңда Алакөл Қазақстандағы ең танымал туристік орындардың біріне айналған. 2014 жылы оған 140 мыңға жуық демалушы келсе, биылғы маусымда бұл көрсеткіш 10 есеге өсіп, 1 миллион адамды құрады. Алайда, Алматы облысының туризм басқармаса бұл нәтижеге тоқталып қалмай, өңірге одан да көп туристерді тарту жолдарын қарастырып жатыр. Осы мақсатта, облыс басшылығы Маңғыстау облысында Жетісу табиғатымен киелі нысандарын таныстыратын В2В форматында «Zhetysu Travel – 2018» атты форумын ұйымдастырды.
Аталған, іс-шарада бір­қатар жергілікті туристік фирмалар мен Жетісу туристік ұйымдарының өкілдерімен ынты­мақтастық туралы ме­мо­рандумдарға қол қо­йып, өңіраралық туризмді дамы­ту бойынша бірнеше бағ­дар­ламалар таныстырылды.
– «Zhetysu travel» – бұл туризм саласындағы өте маңызды жобалардың бірі. Алматы облысы батыс тұрғындарының көпшілін қы­зықтырады. Олардың сө­зінше, Жетісудың «жер жәннаты» деп аталуы бекер емес. Осы шарадан кейін Батыс Қазақстаннан ке­летін туристер ағыны ұлғаяды деп үміттенеміз, – деді Алматы облысы туризм бас­қар­ма­сының бөлім басшысы Бақытжан Оразбаев.
Форум, осымен бесінші мәрте өтуде. Кезекті іс-шара бұрынғыдай еркін әрі бейресми. Онда әр қа­ты­сушы өздерінің дема­лыс орындарының артықшылы­ғымен мен тиімді жолдарын таныстырып, компания мүмкіндіктерін баян еткен. Болашақта осындай жобаларды бірлесіп дамыту жолдары кеңінен талқаланған кездесуде, Маңғыстаулық тур-операторларды Алматы облысының көптеген демалыс орындары қызықтырған.
– Алматы облысы үлкен және қарқында дамып келе жатқан туристік мекен. Оның демалыс орындарының әр­түрлілігі, саф ауасы, көрікті, мөлдір өзендері мен көлдері, осының барлығы бізді өзіне шексіз баурап алып, ғашық етеді. Жетісуға осы форумнан кейін, Маңғыстау облысынан келуші туристер ағыны одан әрі артады деп ойлаймын, – дейді Маңғыстау облысы туризм басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Жариева.
Айта кету керек, «Zhetysu Travel – 2018» ұйымдас­тырушылары мұндай кездесу екі тарапқа жақсы нәтиже беретініне сенімді. Өйткені, дәл осындай форум, Ресей мен аспанасты елдерінде де өткізіліп, кейін шетел туристерінің саны үш есеге дейін артқан. 2019 жылы да Жетісуға келер қонақ саны айтарлықтай көбейеді деп жоспарлануда.

Меруерт МАХМҰТЖАН

Жауап қалдыру