Тау төріндегі Текелі

0
85

Халқымыздың тарихында жер жәннаты – Жетісу аталған қасиетті өлкенің жұртшылықты әсем табиғатымен тамсандырған, ауасы ем, суы шәрбәт шұрайлы жерлердің бірі – тау қойнауындағы Текелі қаласы. Облыс орталығына таяу орналасқан, еліміздегі қырықтан астам шағын қаланың бірінен саналатын ірі елдімекеннің іргетасы сонау 1911 жылы қаланып, он алты жылдан кейін кент атауына ие болған. Тоқсан жылдан астам тарихы бар қаланың еліміздің өсіп-өркендеу жылдарындағы ортақ табысқа қосқан үлесі ерен.
Айта кетсек, мұнда 1937 жы­лы Текелі қорғасын-мы­рыш басқармасының құ­ры­лысы басталып, 1942 жы­лы қорғасын-мырыш ком­би­наты құрылды. 1939 жы­лы емхана салынып, 1941 жы­лы бірінші орта мек­теп ашыл­ды. Қаланың жаңадан ша­ңырақ көтеріп, еңсесін тік­теуі ХХ ғасырдың қан­ды қыр­ғындарының бірі – Ұлы Отан соғысының баста­луымен тұспа-тұс келді. Бір­ақ текелілік кеншілер бас­қа түс­кен қиындықтан қаш­пады. Жігерлерін жанып, же­ңіс­ті жақындатуға атталыс­ты.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде же­ңіс үшін фашистерге атыл­ған сегіз оқтың біреуі осы Теке­лінің қорғасынынан құ­йыл­ған деген дерек биік мінбе­лер­ден де сан мәрте айтылды. Ке­зін­де Текелі қорғасын-мы­рыш және Текелі полиметалл ком­бинаттары жұмыс істеп тұрған шақта қаланың даңқы асқақтап, тіпті оны қамта­масыз ету орталықтан жарақтан­ды­рылды. Әсем қа­лаға таяу орналасқан ел­дімекендердің тұрғындары сол кездегі іздесең қат тауарларды Текелідегі сауда орындарынан тауып, жоғын түгендеп жататын.
Нарық жағдайындағы қиын­дықтар тау бөктеріндегі қа­ла­ның ересен бай­лық­тарын игеру және оны өзге ай­мақтарға шығару сияқты жұ­мыс­тарға тұсау сал­ды.
Дегенмен, қойнауы қорға­сын, мырыш, күміс, кадмий, гер­маний сияқты кендерге толы Текелі сынақты жыл­дарда өз мәртебесін сақ­тай отырып, бойын тіктеп, еңсесін көтеріп, еліміздің өркендеу жолында көштен қал­май, Елбасының әлеу­меттік-экономикалық даму бағыттарына арналған тапсырмаларды орындауда бір­қатар шараларды жүзеге асы­руда.
Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Жарлығына сәйкес 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту Бағдарламасы бекі­тіл­ген болатын. Соған сәй­кес, экономикалық күш-қуаты жо­ғары, орта, төмен моно­қа­лалар анықталды. Респуб­лика бойынша белгіленген ша­ғын қалалар тобына об­лыс­тық маңызы бар Текелі Қазақ­станның моноқа­лалары­ның ти­пологиясына металл рудаларын өндіру саласы бойынша енгізілді.
Бұл маңызды құжат Теке­лінің жылдар бойы жинақ­талып қалған түйіт­кілді мәсе­ле­лерін нәтижелі шешуге ұйт­қы болды. Атап айтқанда, бір­қатар әлеу­меттік, өнді­рістік нысан­дардың, тұрғын­үйлер­дің, көше­лердің инфра­құры­лымдық жүйе­лері жөнделіп, Талдықорған – Текелі қала­ларын жалғас­тыратын өте сапалы автокөлік жолы салынды. Қазір осы күрежол өңірде велоспортты дамытуда маңызды рөл атқаруда.
Дүниежүзілік халықаралық ынтымақтастық аясында Қырғызстанның Нарын, Тәжік­станның Хорог қала­ларында Орта Азия университеттері салынып, пай­далануға берілуде. Осындай, оқу орнының үшіншісін тау қаласы Текеліге салу межеленіп отыр. Қазіргі кезде оқу орнын салу үшін арнайы жер телімі бөлініп, қатынас жолдары пайдалануға берілді. Кешенді оқу орнында 1200 орындық жатақхана орналасатын болады. Бұл Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалуына толық жағдай жасайды.
Қазіргі кезде табиғаты та­мыл­жыған Текелінің әлеу­мет­­тік-экономикалық даму­ы ырғақты қалыпқа түс­кен. Қа­лада 39 өнеркәсіп кәсі­поры­ны жұмыс істейді, оның ішінде 2 орта, 34 шағын және 3 филиал бар. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,4 млрд теңгені құрап отыр. Қаладағы ТЭЦ арқылы жылу энергиясын өндіру – 6,1, өнделген тас өнімі 19,1 пайызға артты.
Қаланың құра­мына Рудничный кенті кіреді. Мұнда бір мыңнан астам халық тұрады. Кент ауылдық жерде орна­ласқан­дықтан ауыл шаруашылығы өнім­дерін өн­діру ерек­ше қолға алын­ған. Оның көлемі 751,8 млн теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ картоп, көкөністер, дәнді және майлы да­қыл­дар өсірілуде. Ал, сүт өндіру көлемі 44 пайызға жеткізілді. «Алма Дария» ша­руақожа­лығымен бірлесе отырып, тәулігіне 400 литр сүтті қайта өндейтін шағын цех іске қосылып, 8 жұмыс орны құрылды.
Өндіріс орын­да­ры­ның қуат­ты­лы­ғын арттыру мақ­са­тында «Bapy Mining» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктес­тігінде шо­йын өнді­рісі «зә­кір­лік» жобасын жүзеге асыру жал­ғасуда. Жоба­­­ның жү­зеге асырылуынан бастап барлығы 7,8 млрд теңге инвестиция, оның ішінде 2018 жылы – 104,2 млн теңге игерілді. Кең байыту фабрикасы мен агломерация цехы іске қосылып, кенді мөлшерлеу бойынша жұмыстар жүр­гізіліп, 17 мың тонна кон­центрат өндірілді. Ауа­жылытқыштар 1200 гра­дусқа дейін қыздырылды. Кә­сіпорында 565 адам жұмыс істейді.
«ТКФ Алақай» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі кон­дитерлік цехын рекон­струк­циялау мен жаб­дықтарын жаң­ғырту бо­йынша нақты жұ­мыстар жүргізілді. «Green House – зеленый дом» жауап­кершігі шектеулі серіктес­тігі жы­лыжай кешенінің өз қазан­дығының құрылысы бас­та­лып, 45 млн теңге инвес­ти­ция игерілді. «Байгесенов» ша­р­уа­қожалығына 4 тонна ар­зан­датылған дизелді жаңар-жағармай, 698,4 мың теңгеге тыңайтқыштарға субсидия берілді.
Қала экономикасының дамуына 2921,6 млн теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі – 107,8 % құрады. Бюджеттік емес инвестицияның үлесі 69,9 % құрады.
Әлеуметтік саланы жаң­ғыртудың 5 баста­масындағы атап көр­сетілген төмен жа­лақы алатындардың жала­қысын көбейту, әр адам­­ның кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндіктер жасау жөніндегі нақты тапсыр­маларын орындау мақсатында шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысын жандыруға қолдау көрсетілуде. Қазіргі кезде олардың саны 1190 бірлікті құрайды және осы салада 2,7 мың адам тұрақты жұмыс істейді. Көрсетілген қызмет пен өндірілген өнімнің көлемі 4,8 млрд теңгені құрап, одан түскен салық көлемі 673,3 млн теңгеге жетті.
Сонымен бірге «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 61,6 млн теңгеге 5 жоба бойынша микрокредит берілді. Кә­сіп­керлерді қолдау ор­та­лы­ғы 780 адамға кеңес берді, кә­сіпкерлік негіздеріне 68 адам оқытылды. Осы бағдарлама аясында жұмыспен қамту шараларымен 997 жұмыссыз азамат қамтылып, оның ішінде қысқамерзімді кәсіби оқуға – 173 адам, еңбек­ақысын ішінара субсидиялау арқылы әлеуметтік жұмыс орнына – 37 адам, жас­тар тәжірибесіне – 36 түлек жолданып, қоғамдық жұмыстарға 181 адам тартылды. 2018 жылдың өткен мерзімі ішінде 202 жаңа жұмыс орны құрылды.
Текеліліктерді тұрғын­үй­мен қамтамасыз ету бағы­тын­да 1417 шаршы метр тұр­ғынүй пай­далануға берілді. Осы­ған орай, құры­лыс жұ­мыс­тарының көлемі артуда.
Қаладағы өндіріс орындарын көбейту мақсатында тәулігіне 25 тонна мрамор ұнтағы мен керамиттер шы­ға­ратын жалпы қуаты 12 мың тонна дайын өнім бе­ретін «Аrt-tek stone» жауап­кер­шілігі серіктестігі іске қо­сыл­ды. Кәсіпорында 6 адам жұмыс істейді, Қазіргі уа­қытта кәсіпорынды ке­ңей­ту жұмыстары бойынша мә­се­лелер талқылануда. Сон­дай-ақ, Қора өзенінде қуа­ты 28,5 МГв «Коринская ГЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысы аяқталды. Оған жыл басынан 1,7 млрд тенге инвестиция тартылып, 10 жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Сонымен қатар қазіргі заманға сай салынған «Асау» сауда үйі мен «Lucky bar» кафесі ашылды.
Жалпы қала тұрғындарын жұмыспен қамту және кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі 2017-2021 жыл­дарға ар­нал­ған бағдарламаны іске асыру бағытында жыл басынан 110 млн 900 мың тенгенің 9 жобасы мақұлданып, екінші денгейлі банктермен 102 млн 440 теңге игерілді. Ал 67,2 млн тенгелік 6 жоба банктердің қарастырылуына жөнелтілді. Бұл бағытта қала тұрғындарымен тұрақты түсін­діру жұмыстары жүр­гізілуде.
Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Н. Назар­баев­тың Жетісудың табиғи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңірде туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау жолында текеліліктер аянбай қолдау көрсетуде. Асау ағысты тау өзендері мен шырша, қайың, терек, тал, көктерек, қарағай, алма ағашы сыңсыған құйқалы шатқалдарында марал, таутеке, елік, қоңыр аю, борсық, күзен, суыр, түлкі, қасқыр, тиін, сілеусін, қоян, жабайы шошқа, мекендейтін өңірде табиғат тамашаларын қызықтауға келген туристерді қабылдап, арнайы маршруттар бойынша сапалы қызмет көрсету жөнінде нақты шаралар ұйымдастырылған. Қора өзеңінің шатқалын­дағы биіктігі 90 метрлік атақты Бұрханбұлақ сарқырамасы да осы жерде.
Сондай-ақ Текелі қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары барынша қар­қынды атқарылуда. Облыс бойынша 2017 жылы жалпы ұзындығы 264,8 шақы­рымды құрайтын «Алматы – Талдықорған» газ құбыры және қуаттылығы 100 мың нм3/сағат құрайтын «Тал­ды­қор­ған» газ реттеу техникалық стансасы салынды. Бұл нысандарды салуға 21,4 млрд теңге қаржы жұмсалды. Аталған газ құбыры Іле, Балқаш, Кербұлак, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарын және Талдықорған, Текелі қала­ларын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Текелі қаласында газ құ­бырын тарту жұмыс­та­рымен «АсТас Invest» ЖШС айналысады. Қаладағы Сей­фуллин, Лазо, Толстой, Жалайри, Панфилов және Төлебаев көше­леріндегі үйлерге құбыр жүргі­зіліп, бүгінгі күні 200-ден астам абонент газды пайда­лануға өтініш білдірген. Ағымдағы жыл­дың күзінде тұрғын­дар­дың алғашқы легі газ тұты­ну­ды бастайды. Қазіргі кез­де газ пайдаланушы абонент­термен келісім-шарттар жө­нінде түсінік жұмыстары жүр­гізілуде.
Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару органдарында қызмет істеген мол тәжірибесі бар маман, орайы келгенде өнерден де құралақан қалмайтын қала әкімі Бақтияр Өнербаев Текелінің болашағы туралы өз ойын ортаға салды.
– Текелі кеншілер қаласы. Сондықтан да оның бұрынғы даңқына сай болуына бағыт­талған шаралар жасалуда. Бірқатар инфрақұрылымдар жаңғыртылды. Қалалық аурухана күрделі жөндеуден өткізілуде. Қала мәдениеті көркеюде. Ең алдымен Елба­сының Жетісу өңірінің табиғи мүмкіндіктерін пайдалана оты­рып, туризмді дамытуға ар­налған шараларын орындау міндеті тұр. Табиғат тамашалары мол Текеліде де экономиканың өркендеуіне үлес қосатын саланы өрістетуге барлық жағдайлар бар, – дейді қала әкімі.
Тау қойнауындағы Текелінің бү­гінгі тыныс-тіршілігі осындай!

Ғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
«P&H»
Алматы облысы
Текелі қаласы

Жауап қалдыру