Табиғи газ сәуірдің соңында келеді

0
135

Облысты газдандыру мәселесі өңір басшысы Амандық Баталовтың қатаң бақылауында. Оның ішінде Талдықорған қаласына газ жеткізуге ерекше назар аударылып отыр. Осыған дейін талдықорғандықтардың үйіне газ мамыр айында жеткізіледі деп жоспарланса, енді қалаға көгілдір отын одан сәл ертерек, яғни сәуір айының соңына қарай әкелінетін болды.
Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Амандық Баталов­­­­тың төрағалығымен, «ҚазТрансГаз­Аймақ» АҚ, «Же­ті­су ОблГаз», «Интергаз Цент­ральная Азия» АҚ, «МБК Құ­ры­лыс» сияқты компания­лар­дың және басқа да тиісті бас­қар­малар мен қызметтер өкіл­дерінің қа­ты­суымен өткен жиында тал­қы­лан­ды.
Қаланы газдандыру жұмыс­тарының барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов хабарлады.
Оның айтуынша, Талдықор­ғандағы құны 23,4 млрд теңге болатын газ тарту жүйе­лерінің құрылысы 2016 жылдан жүргізіле бастаған. Жоба 4 кезеңге бөлінген, жалпы ұзындығы – 1,4 мың шақырым, 170 мың адамды, яғни 51 мың абонентті қамтиды деп жоспарланған. Магистралды газ құбыры мен «Талдықорған» АГТС-ты іске қосу жұмысы сәуірдің аяғында аяқталады. Облыстық бюджет есебінен газ тарату желісінің жалпы құны 4,5 млрд. теңге болатын бірінші кезеңінің құрылысы жүзеге асырылуда, бұл – 6 іске қосу кешені деген сөз. Өткен жылы 2,05 млрд. теңге игеріліп, 1, 2, 3 іске қосу кешендері салынып, 82,2 шақырым жүйе тартылған (100 %). Көгілдір отынды алғашқылардың бірі болып сәуірдің соңында Ескелді би, Балпық би, Абылай хан, Тынышпаев көшелерінде және «Қаратал» шағын ауданында тұратын 2, 3 іске қосу кешендерінің абоненттері тұты­натын болады.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директорының орынбасары Мұқан Сәдуақасовтың айтуынша, Талдықорғанда газ құбырын іске қосу мен абоненттерді техникалық шарттарын бере отырып қосумен айналысатын «Талдықорған газ шаруашылығы» құрылған. Қа­зіргі кезде тарифті және қосылу құнын айқындау мәселесі қарастырылуда.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары А. Байжанов халық­тың әлеуметтік әлжуаз топ­тарына газ қостыру құнын 3-6 айға бөліп төлеу жеңілдіктері қа­растырылғанын айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласын газдандыру тарихи оқиға екенін жеткізді. Сондықтан белгі­ленген мерзімге дейін тариф мәселесін айқындап, халық ара­сында ақпараттық-насихат жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды.
– Талдықорғанға көгілдір отын жеткізу – мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан аса маңызды шара. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі дер шағында орындалуы тиіс. Оның ішінде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті А. Баталов.
Сонымен қатар мердігер мекемелердің газдандыруға қа­тысты тиісті жұмыстарын атқа­рып болғанына қарай халық­қа қолайсыздық туғызбау үшін жол жиектерін де бірден қалыпқа келтіріп отыруды тапсырды.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА

Жауап қалдыру