Табиғат тазалығы – өзімізден

0
108

Дүниежүзі халықтары жыл сайын 5-ші маусым күні қоршаған ортаны қорғау іс-шараларын өткізеді. Биыл бұл мереке 45-ші мәрте аталып өтілмек. Экологтар күнін 1972 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы бекіткен болатын.
Қазіргі кезде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жара­ты­лыстану-техникалық фа­куль­теті халықаралық экологтар күніне байланыс­ты облыстық және қалалық бұқа­ралық форумдарға жоспарлы түрде атсалысуды әдетке айналдырған. Сонымен бірге Алматы облысы бойынша экология департаментімен, облыс әкімшілігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу бас­қармасымен жә­не басқа құзырлы мемлекеттік органдармен, білім беру мекемелерімен бірлескен шараларға белсенді қатысады.
2018 жылы Қазақстанда арнайы мамандандырылған экология мекемелерінің жұмыс жасай бастағанына да 30 жыл толып отыр. Осыған орай мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, экологиялық ассамблеялар мен бірлестіктер түрлі конкурстар мен байқаулар ұйымдастырылуда. Ал, уни­верситеттегі «Экология» мамандығының ашыл­ғанына 20 жыл болды.
Биылғы жылы айтулы мерекені қабылдаушы ел болып Үндістан белгіленген, форум девизі – «пластикпен ластанумен күрес». Қазірде аталған проблема жаһандық сипатқа ие болған. Дүниежүзінде жыл сайын 500 миллиард пластикалық пакет сатылып алынады екен. Ғаламдық мұхиттарға жыл сайын 8 миллион тонна пакеттер тасталатын көрінеді. Бұл әрбір минутта қоқыс тасығыш автокөлікке жүк болатын мөлшерде пластиктер тасталады деген сөз. Тіпті соның салдарынан мұхиттарда пластик аралдар пайда болған.
Жыл сайын облыс әкімінің шешімімен көктемгі және күз­гі санитарлық тазалау, абат­тандыру айлықтары өткі­зіледі. Сонымен қатар елді мекендерде «таза сәрсенбі», сенбіліктер, «тал күні» және басқа қо­ғам­дық-көпшілік іс-шара­ла­ры тұрақты түрде ұйым­дастырылып келеді.
Облыс әкімдігінің бастамасымен алдағы уақытта өңір­лік жүйе сызбасы бойынша 3 ауданаралық, 11 аудандық кешен құру жоспарлануда. Соның шеңберінде 16 полигон, 16 қоқыс сұрыптау кешені, 13 қоқысты қайта тиеу бекеті, 3 қоқыс өңдеу зауыты салынбақ. Аталған жүйе сызбасы 2025 жылға дейін қалдықтарды тасымалдау мәселесін толық шешіп, қайта пайдалануға іріктеуді 30 пайызға жеткізу көзделуде. Ал 2035 жылға дейін қалдықтарды өңдеу мөлшерін 90 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Бүгінгі күнге дейін Тал­дықорған және Жаркент қала­ларында қоқыстарды іріктеу цехтары салынды. Талғар ауданындағы тұрмыстық қатты қал­дық­тарды арнайы крематор пешінде өңдейтін орын іске қосылды.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарды ұл­ғайту және сақтау, оларды тиімді пайдаланумен қатар биосфераның ластануына жол бермеу –қоғамның және әрбір адамның азаматтық міндеті болуы тиіс.

Жамбыл ҚАНАҒАТОВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу
мемлекеттік университетінің
география және экология
кафедрасының меңгерушісі.
Алматы облысы

Жауап қалдыру