Тұрғындарды мазалаған мәселелер

0
113

5-6 қараша күндері Алматы қаласының тұрғындары мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының Мемлекеттік еңбек инспекторы – бас маман Нұрбек Көпбаевтың қабылдауында болып, өздерін мазалаған сұрақтарға тұшымды жауап алды.

Қабылдауға келген алғашқы тұрғынның «еңбек демалысы қалай есептеледі» деген сұрағына маман былай деп жауап берді.

– Қазақстан республикасы Еңбек Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 92-бабы 3-тармағына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының бір бөлігі жұмыскердің еңбек шартында көзделген демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс.

Кодекстің 90-бабы 1-тармағына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі, – деді ол.

Мұнан соң «еңбек кітапшасынан басқа, еңбек өтілін растауға кәсіпорындармен жасалған еңбек шартын беруге бола ма?» деген сұрақ қойылды. Оған берілген жауап төмендегідей:

– Қазақстан республикасы Еңбек Кодексінің 35-бабына сәйкес, мына құжаттардың кез келгені: еңбек кітапшасы, тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты, еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер, жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер, жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен расталған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) (болған кезде), аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер, жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер, жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.

Қабылдауға келген азаматтар арасында радиациялық қауiптi аймақтан келген жұмыскер де болды. Оны «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен жұмыскерлерге жеңілдіктер беріле ме?» деген сұрақ мазалаған болатын.

Нұрбек Көпбаев қандай жағдайда жеңілдік беріліп, қандай жағдайда берілмейтінін түсіндірді.

– «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсан N 1787-ХІІ Заңына сәйкес, 5, 6, 7, 8, 9-баптарда аталған аумақтарда тұратын халық, қосымша еңбекақы алуға, жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға құқылы.

Осыған орай, радиациялық қауiптi аймақта тұрмайтын және жұмыс істемейтін азаматтарға қосымша еңбекақы алуға, жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алу жүргізілмейді.

Жауап қалдыру