Тұрғындар қуанышы көбейеді

0
125

Алматы облысының Алматы мегаполисімен шектесіп жат­қан Талғар ауданында жалпы көлемі 850 мың шаршы метр бола­тын тұрғын үй құрылыстары басталған. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Талғар ауданына жасаған сапарында белгілі болды. Осы сапарда облыс басшысы салынып жатқан тұрғын үй құрылыс­тарының барысымен, жол жөндеу жұмыс­тарымен танысты, – деп жазады zhetysu.gov.kz
Алдымен облыс әкімі Бесағаш ауылындағы Қазақстан, Желтоқ­сан, Бейбітшілік көшелеріндегі жасал­ған жөндеу жұмыстарын кө­ріп, тұрғындармен кездесті. Жолдарды жөндеуге 27,3 млн теңге бө­лінген. Көкек-мамыр айларында атқарылған ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1,6 шақырым жолға асфальт қабаты төселген. Жалпы, бұл ауданда жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына биыл 596 млн.теңге бөлініп, соның 100 млн тең­гесі күрделі жөндеуге, 95,5 млн тең­гесі орташа жөндеуге, ал қал­ған сома ағымдағы жөндеуге қарас­тырыл­ған.
Облыс әкіміне тұрғындардан келіп түсетін өтініштерде Талғар ауданының бірқатар ауылдарын­дағы ауыз су мәселесі көтерілген болатын. Аталмыш мәселелердің ше­шілу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, қазір Өсте­мір, Кеңдала, Нұра, Еркін, Тереңқара ауылдарына су құбы­рын жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр. Оларға республикалық және облыстық бюджеттен жалпы көлемі 2,5 млрд теңгеге жуық қар­жы бөлініп, су құбырлары төселуде.
Мұнан соң Амандық Баталов Талғар қаласындағы құрылысы аяқталған 60 пәтерлік несиелік тұрғын үйге атбасын бұрды. Үйдің құрылысын жүргізген мердігер компания – «СКБ Конст­ракшнс» ЖШС. Жобаның құны – 605,9 млн теңге. Қазіргі кезде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ пәтерлерді бөлуде, соның ішінде 14 пәтер кезекте тұрғандарға беріледі.
Талғарда бұдан бөлек 60 пәтерлік жалдамалы 2 тұрғын үй салынып жатыр. Бұл нысандарда облыс әкімі құрылыстың сапасы мен жұмыс кестесінің мерзіміне назар аударуды тапсырды. Қос үйдің де құрылысына жауапты – «ГУННСТРОИСЕРВИС» ЖШС мекемесі. Биыл көктемде басталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары келесі жылдың ақпанында аяқталуы тиіс. Алайда облыс әкімі қалған қаржысын жылдамдатып шешіп, құрылысты қарашаға дейін аяқ­тауды тапсырды. Сөйтіп күздің соңына қарай кезекте тұрған 120 азамат, соның ішінде көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен бюджет қызметкерлері баспаналы болмақ.
Сонымен бірге аудан әкімі Р. Сатбаев бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс жобаларымен таныстырды. Мәселен, «Жаңа Talgar City», «Алма Тау», «Нурия», «Достар», «Аспан сити» ТК-ларының құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Оларда жалпы көлемі 850 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның тең жартысына жуығы «7-20-25» бағдарламасымен ұсынылмақ. Осы жерде Қарасай ауданы аумағында салынатын «Қарлығаш», «Гранит» ТК туралы да баяндалды. Облыс әкімі ең алдымен құрылыстың сапасына назар аудару керектігін баса айтты. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ең бастысы қажетті мектеп, балабақша, тірек пункті, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды жобалауды, бейнебақылаумен қамтуды ұмытпау керектігін ескертті.

Жауап қалдыру