Тұрғындар әлеуетіне қамқорлық

0
211

«Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларын түсіндіру мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жобасын насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан «Бірыңғай партия күні» шарасы Атырау облысы Қызылқоға ауданында да өтті.
«Арман» мәдениет үйінде ұйым­дастырылған ша­раға «Нұр Отан» партиясы аудан­дық филиалының төра­ғасы, аудан әкімі Арман Баженов, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақ­берген Қарабаев, облыстық мәслихаттың депутаты Сайын Қуанышев, Атырау мұнай және газ университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафед­расының меңгерушісі Болат Нығметов, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, бөлім басшылары қатысты.
Актив жиынына төрағалық еткен аудан әкімі Арман Баженов алдымен жиынға қаты­сушыларға күн тәртібін таныстырып өтті. Бұдан кейін сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев: – Бүгінгі күні «Нұр Отан» пар­тиясының төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы­мен партияның құры­лы­мынан бастап барлық істерінде де жаңғырту мәсе­лесі алға қойылып отыр. Яғни, партия­ның кадрлық жағ­дайын толықтай жаңғырту үшін кәсіби кадрлық резервті қалып­тастырып, кадрлық менедж­ментті жетілдіру керек. Ал, партияның өсіп-өркендеуі үшін жаңа бағытта жұмыс жасайтын, әлем­дік деңгейде ойлай алатын адам­дарды дайындау қажет, – деді.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев Мем­лекет басшысының «Прези­денттің бес әлеуметтік бас­та­масы» атты үндеуі бойынша об­лыс көлемінде жүзеге асыры­лып жатқан жұмыстар жайлы құлағдар етті. «Партияның жаңа жобалары» туралы хабар­лама жасаған «Нұр Отан» партиясының облыстық фили­алы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Данагүл Жайлау­баеваның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобалары халықтың пар­тияға сенімін арттыруды және оның электоралдық әлеуетін нығайтуды, еліміздің стратегиялық бағдарламалық құжаттарын іске асыруға жүйелі қатысуды, әкімшілік, сая­си және сайланатын лауа­зымдарға ілгерілету үшін кәсіби кадрлық резерв құруды, партияны жаңғырту және оның қызметінде қазіргі заманғы технологияларды қолдануды мақсат етіп отыр.
Осы орайда, қолға алынған 22 бастамашыл жобалардың 10-ы стратегиялық жоба азаматтарды ауқымды қамтуға, алты жоба партияны қолдаушылар желісін кеңейтуді, алтауы партияның қызметін трансформациялауға бағытталған. Елімізде жүзеге асырылып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы үш цифрландыру жөнінде, төрт шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде, үш «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі бастамашыл жобаларды қолға алып отыр.
Сонымен бірге жиында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққай­нанов бес әлеуметтік бастама және партиялық жобалар аясында аудандық партия филиалының атқарып жатқан жұмыстарын қатысушылардың назарына ұсын­­ды. Оның мәлімдеуінше, бірінші бастама бойынша өткен жылы 13 мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа пәтер берілсе, биылғы жылы баспаналары апаттық жағдайдағы жеті тұрғынды және туберкулез ауруымен ауыратын алты адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Екінші бастама, яғни, «Жалақысы төмен жұмыс­шы­лардың еңбе­кақы­сын көбей­ту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бағы­тын­­дағы жұмыстар 2019 жылдың 1 қаң­тарынан басталады. «Шағын несие беруді көбейту» бойынша өткен жылы ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамыту» бағдарламалары және өзге де қаржы институттары арқылы 176 жобаға 658 миллион 600 мың теңгенің несие қаражаты бөлініп, аудан бойынша 23 кәсіпкерлік нысандары іске қосылып, 38 жаңа жұмыс орны ашылды. Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша аудандағы газ желісі тартылмаған алты елдімекенді газдандыру үшін оның құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтуде.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Жауап қалдыру