Түйткілдердің түйіні толықтай шешілуде

0
68

Алматы облысының аумағы оңтүстік астана Алматы қаласымен шекаралас болғандықтан оған іргелес жатқан Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл аудандарының бірқатар тұрғындары алып шаһарға келіп жұмыс істейді. Бірақ күнсайын кездесетін ұзақсонар автокөлік кептелісі олардың жұмысқа уақтылы келіп-кетуіне көп кедергі келтіруде. Әсіресе, Қарасай, Жамбыл аудандарының тұрғындары осындай жағдайларға тап болуда. Әсіресе «Алтын орда», «Барлық» базарларының маңы көлік қозғалысына қиындық тудырады. Сонымен бірге, осы бағыттағы автокөлік жолы арқылы көршілес жатқан Жамбыл, Түркістан облыстарын былай қойғанда Қырғыз елінен де ару Алматыға сапар шеккендердің легі толастаған емес. Олар да осындай жағдайды бастан кешуде.
Көптен бері орын алып отырған осы түйткілді жағ­дайды түпкілікті шешу мәсе­лесі Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың назарынан тыс қалған жоқ. Өткен жылы өңір басшы­сының арнайы жобасы негізінде мемлекеттік маңызы бар жолды кеңейту жөніндегі жұмыстар басталған болатын. Айта кету керек, салынатын жол кеңдігі он жолақты болады.
Жуырда облыс басшысы Алматы іргесінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен жете танысты. Жалпы алғанда, жұмыс қарқыны талапқа сай болғанымен, жол жиегінде бұрыннан са­лынған ірілі-ұсақты сауда орындары мен базарларды, май құю бекетін бұзу жұмыстары баяу жүргізілуде. Сүрілуге тиіс нысандардың құнына байланысты олардың иелерімен ортақ келісімге келу жайы тым созылып кет­кен. Әкім мердігер ұйым­дар­дың басшыларына бұл мәселені қолданыстағы заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Одан кейін А. Баталов Шамалған ауылындағы жаңа­дан салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру орта­лығының жұмысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын бүге-шігесіне дейін жетік білетін және тапсырманың сапалы орындалуын жіті қадағалайтын облыс басшысы әлеуметтік нысанның іші-сыртын түгел аралап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды саралады. Олардың ішінде заманауи үлгіде салынатын кешеннің сыртқы жарасымды көркі, ішкі жұмыстарды әрлеуге қажетті құрылыс материалдары, қолданылатын бояулардың түр-түсі, көрермендер залының әсемдігі, нысанның жабдықталуы жөнінде өз пікірін мердігер ұйымдардың басшыларымен келісті. Тіпті, келушілерге ыңғайлы болуы үшін кешеннің кейбір тұстарына байланысты жедел өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Аудандағы ірі елдімекен­дердің бірі Райымбек ауыл­дық округінде бой көтерген кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Оның арнаулы залдарында бір мезгілде 180 адам жаттыға алады. Сонымен бірге нысан халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге ыңғайлы болмақ.
Иә, өңір басшысы тұрғын­дардың тарапынан келіп түскен ұсыныстар мен арыз-шағымдарға да үлкен маңыз береді. Қажет жерінде көмек қолын да созуға әзір. Айта кетейік, жуырда Facebook әлеуметтік желісінде Алматы облысында 2011, 2013, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес баласы бар Жанболат Қуаныш пен Мақпалдың айына 17 мың теңге төлеп, моншада тұрып жатқаны туралы хабар тараған болатын. Міне, осы хабарды естіген облыс басшысы Талғар ауданының жергілікті басшыларына жағ­дайды жете анықтауға және оларға жағдай жасауға тапсырма берген болатын. Сол күні А. Баталов Жанболат Қуаныштың отбасымен кездесіп, оларға жалпы құны 9,5 миллион теңге болатын үш бөлмелі үйдің кілтін табыс етті.
Көпбалалы отбасына кө­мек қолын созған кәсіпкер – «Әлішер» шаруақожа­лы­ғының жетекшісі Асқар Сүлей­менов. Отбасының арқа тұтар әкесі – балалар үйінің тәрбиеленушісі. Оған қоса, жұмыста алған жара­қат­тың салдарынан бір көзі көрмейді. Сол қолының сау­сақтары жоқ. Осыған қарамастан, ер адам базарда әртүрлі жұмыс істеп, отбасын асыраған.
Сыз моншадан жиһазы бар үш бөлмелі жаңа үйге көшкен отбасының қуанышында шек жоқ. Сонымен қатар, ота­ға­сының мүгедектігі үшін мем­­лекеттен алатын жәр­демақы жөніндегі құжат­тары әзірленуде.

Ғ. БИШАЛОВ.
Алматы облысы

Жауап қалдыру