Сырқаттан айығу сыры – сенімде

0
37

«Ауруды жеңе алатыныңа сенгенде, жақсы­лық­тан үміт үзбей, әрдайым күлімдеп жүргенде ғана алған емің қонып, одан айығасың» дейді қатерлі ісікті жеңе білген Анжелика Сарьян. Ол бұл туралы Алматыда 17-18 қараша күндері өткен әлеуметтік-медициналық «Верить и жить» форумының баспасөз мәслихатында айтты. Бұл жолы «Ер мен әйел: диагноздан кейінгі өмір» тақырыбымен үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық фо­рум онкологиялық потологияға шалдыққан жан­дардың денсаулығын сақтау мәселесін қоз­ғады.
2016 жылдан бері өт­кізіліп келе жатқан форум қарапайым адамдардың медицина қызметкерлерімен бірге денсаулық сақтау са­ла­сын­дағы өткір мәсе­лелер­ді, көптің көке­йін­дегі түйіт­кіл­дерді талқы­лайтын диалог алаңы ретінде құ­рыл­ған.
Форумды ашқан «Ғы­лыми-медициналық қоғам» бір­лестігінің төрағасы Сурия Есентаева биылғы басқо­судың қатерлі ісікке қарсы терапиядан өткен немесе өтіп жүрген науқастардың имуно-профилактикасына екпін жасаумен ерекшеленетінін айтты.
– Биылғы форумға нау­қас­тардың қатерлі ісікке қатыс­ты күмәнін сейілтіп, сауал­дарына жауап беру үшін мәскеулік профессор, медицина ғылымының док­торы Михаил Костинов, «СЭС және мониторинг ғылыми-практикалық ор­та­лығы» филиалының бө­лім басшысы Айнагүл Қуатбаева сынды шетелдік және отандық мамандар шақырылған. Сондай-ақ шара әлеуметтік сипаттағы диалог алаңы болғандықтан форум жұмысына біздің пациент­тер де қатысып отыр. Сын сағатта сынбай, басына түскен сынаққа қарсы тұруға күш тауып, соны жеңе білген қонақтарымыздың бөлісер тәжірибесі, науқастарға айтар кеңесі көп.
Біздің бірнеше жылдан бері онкологиялық сыр­­қат­тар­мен ауыратын бала­ларға қол­данылып келе жатқан арттерапиялық тәсі­ліміз бар. Оған сәйкес ба­лалар сурет салып, ертегі жазады, актерлік шебер­лігін көрсетеді. Биыл бала­лардың жазған ертегілері жинақ етіп жасалып, ер­тең таныстырылмақ. Сон­дай-ақ жас актерлеріміз ой­найтын шағын қойылым ұсы­нылатын болады, – деді ол.
Диалог алаңы идеясы­н жалғастырған «СЭС және мониторинг ғылыми-прак­тикалық орталығы» филиа­лы­ның бөлім басшы­сы Ай­нагүл Қуатбаева нау­қас­тың денсаулығына дәрі­гермен қатар пациент те жауапты болуға тиіс екенін айтты. Өйткені Айнагүл Қуат­баева кәсіби маман ғана емес, өзі де қатерлі ісік дер­тін жеңген, одан құлан та­за айыққан жан.
– Қатерлі ісік анықталған науқастардың дені салы суға кетіп, еңселері түсіп, уа­йымға салынып жатады. Бұл диагнозбен өмір бітіп қал­майды. Оның жалғасуы өз қолымызда. Бұндай жағ­дайда жалғанда жалғыз қал­ғандай сезінбеу керек. Бәріміздің жанұямыз, жақын жандарымыз, сүйікті жұ­мы­сымыз бар дегендей. Со­ларға керек екенімізді, со­лар­дың бізге керек екенін сезініп, сырқатқа қарсы шы­ғар күш, дәрмен таба білу керек. Ішкі сенім мен күш болмай жазылам, емделем деу қиын, – дейді әрі маман әрі бұрынғы пациент.
Мұнан соң аурудан айы­ғатындарына үміті мен сенімі еш үзілмей, соңында сырқатты жеңіп шыққан қайсар жандар Анжелика Сарьян мен Ирина Байжанова сөз алды. Тыңдап отырып, жігерліктеріне таңданбау мүмкін емес. Олар да қо­рық­пау, өзіңе, ертеңіңнің жарқын боларына сену қиын сәттен алып шыққанын айтты. Сондай-ақ көріп, білген, тәжірибелерінен түйген дү­ние­лерімен де бөлісті.
– Адам жанын сақтау үшін емнің түр-түріне жүгініп жатады. Бірақ әркімнің айтқанын істеу жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Қазір биоактивті қоспалар көбейіп кетті. Тіпті оларды кейбір дәрігерлердің өзі ұсынып, сатып алуға кеңес беріп жатады. Бүгінгідей барлық нәрсе коммерцияға айналған заманда ондайға сақтықпен қараған жөн. Өз басым ондай­ларға үзілді-кесілді қар­сымын. Медицинаға, кәсіби мамандарға жүгінуді жөн көрем. Жергілікті ме­дици­наға күмән тудырып, шетелде ота жасатып, жазыла алмаған таныстарым да болды. Қаншама қар­жы жұмсалды десеңізші. Қа­терлі ісікті өзімізде де емдей алады. Манадан бері ай­тылып жатқандай, аурудан жазылуда ішкі сенім аса маңызды, – дейді ол.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«P&H»

Жауап қалдыру