«Әскери өніммен» – өз үйіңе

0
83

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлер үшін жаңартылған тұрғын үй бағдарламасы бойынша алғашқы несиені берді.
Заем елордалық тұрғын­ға берілді. Капитан Әми­на Әшенова өзінің үш бөл­мелі пәтерін Нұр-Сұл­тан қаласында сатып алды. Бұған дейін жаңар­тылған «әскери өнім» бағдар­лама­сының шарттарын асыға күт­кен бұл отбасы екі бала­сы­мен қоса жалдамалы пә­тер­де тұрды.
Әмина Әшенова несие алу үшін өтінімді тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған алғашқы күннен, яғни, 2019 жылдың 2 мамырында берді. Осылайша, өз баспанасына қол жеткізген қоныс иесін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» xолдингінің еншілек ұйымы) басқарма тө­райымы Ләззат Ибраги­мова мен ҚР Қорғаныс ми­нистр­лігінің өкілі құттық­тады.
– Бұған дейін мемлекет тарапынан берілетін тұр­ғын үй төлемдерін жалдамалы пәтерді төлеу үшін жұмсайтынбыз. Енді біз оларды өз баспанамыздың несиесін өтеу үшін пайдаланатын боламыз. Қаражатты бөтен пәтерге емес, өз үйіміз үшін төлейтіндігімізді ойласақ, көңіліміз жылып қоя береді. Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкінің осы бағдарламасы арқылы енді әскери қызметкерлердің бас­пана мәселесін шешу мүм­кіндігіне ие болғаны бәрі­мізді қатты қуантады, – дей­ді Әмина.
Өз пәтеріне қол жеткізу үшін несиені қоныс иесі жаңа шарттар бойынша алды. Яғни, заем мөлшерлемесі жыл­дық 8%-ға тең. Ал ең тө­менгі бастапқы жарна заем со­масының 15%-ын құ­рай­ды.
Дәл осындай бағдарлама шарттарын мемлекеттен тұрғын үй төлемдерін алатын барлық әскери қыз­мет­керлер пайдалана алады. Ол үшін олардың конкурсқа қа­тысып, оның нәтижесін күтудің еш қажеті жоқ. Тек өзі қалаған пәтерді таңдап, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне xабарласса жеткілікті.
– «Әскери өнім» бағдар­ламасын іске қосқан алғаш­қы күні несие алуға өтінім бергендердің 70%-ы әс­керилерге тиесілі еді. Бұл олар үшін тұрғын үй бағ­дарламасының қанша­лықты маңызды екендігінің дәлелі. Осы жылы біз әскери ведомство қызметкерлерінің пікірлерін ескере отырып, несие беру шарттарын барынша жеңілдеттік. Отан қорғаушылар күні қарса­ңын­да олардың барлы­ғының жақын арада қоныс тойын атап өтулеріне шын жү­ректен тілектеспін. Өйт­кені басыңда өз баспа­наң болса, қалған істі жасау оңай, – деп атап өтті Ләззат Ибра­гимова.
«Әскери өнім» бағдарла­масының жаңа шарттары бойынша тұрғын үй таңдау барысында шектеулер қо­йылмаған. Яғни, несиені жаңа салынған үйден пәтер таңдауға, үлестік құрылысқа қатысуға немесе қайталама нарықтан баспана сатып алу мақсатында алуға болады. Үй сатып алу кезінде заем сомасына оның жөндеу жұмыстарына кететін шығындарды да қосуға болады.
«Әскери өнім» бойынша несие сомасы тұрғын үй мөлшерінің көлеміне байланысты есептелінеді. Яғни, тұрғын үй төлемі жеткіліксіз болған жағдайда, онда әскери қызметкердің айлық жалақысы қарастырылады, немесе қосалқы қарыз алу­шының көмегіне жүгінуге де болады.
Өткен жылы әскери қызметкерлердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану меxанизмі өзгертілген еді. Олар енді тұрғын үй төлемдерін жалға алған бөтен біреудің пәтеріне төлемей, керісінше оның көмегімен өз баспанасын сатып алуына мүмкіндік туды. Әскерилерге қолдау көрсету мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қаражат бөліп, олар үшін арнайы 2025 жылға дейінгі тұрғын бағдарламасын әзірлеп шығарды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап осы бағдарламаға 2500 адам қатысты.
Биылғы жылы банктің болжамына сүйенсек, қоныс тойларын тағы 4000 әскери қызметкерлер отбасы атап өтпек, ал оларды несиелендіру үшін банк тарапынан 59 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Кәусар ИМАНЖАН

Жауап қалдыру