Шекарадан өту мәселесі шешілсе…

0
25

ҚР Сенатының 25 қаңтар күнгі отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов Үкі­мет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депу­таттық сауал жолдады. Онда былай делінген:

Құрметті
Бақытжан Әбдірұлы!

Атырау облысының Құр­манғазы ауданына қарайтын Азғыр өңірі Ресей Федерациясымен шекаралық жерде орналасқан. Бұл өңірде үш ауылдық округ құрамына кіретін 9 елдімекен бар. Облыс орталығынан 600, ал аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орна­ласқан. Автомобиль немесе темір жол жоқ, қатынас қиын. Азғыр өңірі сусыз, табиғаты қатал. Кеңес Одағы кезінде 17 рет жерас­ты ядролық сынақ өткізілген аймақ.
Осы жердің тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – Қазақ­стан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарадан өту.
Бұл аймақ Ресей Федерациясы Астрахань облысының Қарабайлы қаласынан бар жоғы 60 шақырым жерде. Бұрынғы кезеңдері ауданға барып-келу, сауда-саттық, басқа са­лаға байланысты қарым-қатынас осы Қара­бай­лы қаласы арқылы болған.
Бірақ, бүгінгі күнге қалып­тасқан жағдай ауыл адам­дарының тұрмыс тірші­лігін қиындатып тұр. Оған себеп, «Қазақстан Респуб­лика­сы­­ның Үкіметі мен Ресей Фе­де­ра­циясының шекара ма­ңындағы аумақ­тары тұрғын­дарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы» келісім.
Келісім бойынша Азғыр өңірінде «Балқұдық-Қара­байлы» және «Жал­ғызапан-Басқұншақ» шекараны ке­сіп өту орны белгіленген. Олар ық­шамдалған өткізу пунктері. Осыған байланысты тұр­ғындар Ресей Федера­ция­сының көрші ауданына тек үш тәулікке дейінгі мерзімге келе алады және әр адамға 35 келіден артық жүк алып өтуге рұқсат берілмейді. Адам­дар шекарадан өткеннен соң Қазақстанға немесе Ресей Федерациясының басқа өңір­леріне бара алмайды.
Бұл шалғайдағы ауыл адам­дарына үлкен қиын­дық­тар туғызып отыр. Азғыр өңірінде жеті мыңның үстінде адам тұрады. Елуге жуық кәсіпкер, 106 шаруақожалығы және асыл тұқымды «Сүйін­дік» қой өсіретін ЖШС жұ­мыс жасайды. Барлығын қосқанда 91568 қой, 15254 сиыр, 10465 жылқы және 875 түйе өсірілуде. Тұрғындарға 27 дүкен және 2 базар қызмет көрсетеді.
Шекаралық мәсе­ле­дегі шек­­теулер кәсіп­кер­лік­­тің да­­муына, шаруа­қо­жа­лық­та­ры­­­­ның жұмысына кері әсе­­рін ти­­гізуде. Жеке тұрғы­н­үй құ­ры­лысын, кәсіп­кер­­лік объек­тілерін салуға қажетті құ­­ры­лыс материалдарын қа­сындағы 60 ша­қырым жер­ден ала алмаулары тұр­ғындар үшін түсініксіз. Олар бұндай шек­теулер Еура­зиялық Эко­но­ми­калық Одақ­тың негізгі қа­ғи­дат­тарына қайшы деп есептейді.
Аталған мәселе туралы мен 2012 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Үкімет Басшысына депу­таттық сұрау жолдап Азғыр өңіріндегі «Балқұдық – Қара­байлы» шекараны кесіп өту орнын шекарадан өткізу пунк­тіне өзгерту туралы ұсыныс бергенмін.
Аталған ұсыныс Үкімет та­рапынан қолдау тауып, Қа­зақстан мен Ре­сей Федера­циясы арасындағы Үкі­ме­та­ралық комис­сиясының оты­ры­сында қа­рал­ды. Екі мем­­лекеттің тиісті орталық ор­гандарына тапсырма да бе­рілді.
Менің ұсынысыма орай, Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасы және орынбасары екі рет Азғыр өңірінде болды. Дегенмен мәселе әлі күнге нақты шешімін таппай тұр.
Құрметті Бақытжан Әб­дірұлы, 2012 жылдан бері екі ел арасындағы қарым-қа­тынас жаңа деңгейге шық­ты. Біз бүгін Еуразиялық Эко­но­микалық Одақтың мүшесіміз. Осы Одақтың капитал, тауар айналымының еркіндігі қағидаттарын бас­шылыққа ала отырып, Азғыр өңіріндегі шекарадан өту мәселесін шешу жолдарын қа­растыруды қайталап ұсы­намыз.
Депутаттық сұрауды қа­рау нәтижесін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конс­титу­ция­лық заңының 27-бабын­да белгіленген мерзімде ха­бар­лауыңызды сұраймыз.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ
Бақытжан ЕРТАЕВ

Жауап қалдыру