Серікжанды қудалау тоқтатылсын!

0
14

10 наурызда Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде полиция тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті ұстап, Астанаға алып кеткен. «Ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікке ілінген Біләшті 11 наурызда уақытша қамау орнынан шығарды. Сот шешімімен ол екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.
Қытай қазақтарының мәсе­лесін көтеріп жүрген Серікжан Біләштің ұсталуына Алма­тыда 8 ақпанда өткен жиындардың бірінде бел­сен­дінің «азаматтарды «жиһадқа» – этникалық қы­тай­ларға қарсы соғысқа ша­қыруы» себеп болған дейді Астана қалалық проку­ра­турасының хабарламасында.
Прокуратура ақпаратында Біләштің үстінен тергеуді жергілікті тұрғынның арызы бойынша полиция департаменті биыл 21 қаңтарда бастағаны айтылған.
«Біләш сөзінде ұлттық алауыздықты қоздыруға шақырудың болғанын саяси сараптама қорытындысы, әлеуметтік желіден алынған бейнежазбалар, куәгерлер жауаптары және басқа да құжаттар растаған», – дейді прокуратура.
Ақпанның басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті «тіркелмеген бірлес­тік жұмысына жетекшілік етті» деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.
«Атажұрт еріктілері» ұйы­мы 2017 жылдың көкте­мі­нен бастап белсенділігімен қоғам назарына ілінді. Қытай билігінің аз ұлттарға қысым көрсетіп жатқаны туралы мәлімдемелер жасады. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда арнайы лагерьлерде қамауда отырғандардан сұқбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақ­шаларында жария­лады.
Ресми Пекин аз ұлттарға қысым жасалатынын жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатын «экстремизмге қарсы шара» деп түсіндіреді және арнайы орындарға жіберілген азаматтар «тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады» дейді.

KAZAKBOL.COM

Редакциядан:
Серікжан Біләштің «Атажұрт еріктілері» ұйымына жетекшілік ете жүріп, Қытайдағы қазақтардың ауыр жағдайына аса зор алаңдаушылық білдіргені, бір-бірінен ажырап қалған отбасыларды қайта қосу, олардың арыз-шағымдарын билік орындарына, халықаралық ұйымдарға жеткізу, Қытайдың қайта тәрбиелеу лагерьлерінде жазықсыз жаза өтеп жатқан қандастарымызды босату бағытындағы тындырған жұмыстары оның үлкен азаматтық өресін көрсетеді. Серікжан жеке басы үшін емес Қытайдағы қазақ азаматтарының адамдық құқығын қорғау жолында белсенділік көрсетіп келеді. Әлдебір еске алу дастарханында «жиһадқа шақырды» деп айып тағу қисынға келмейді. Ол ресми ұстаным, ресми шақыру емес! Эмоциялық ағаттық! Сондықтан Серікжан Біләшты қудалау тоқтатылуға тиіс!

Жауап қалдыру